Қазақ халқы түп атасы көк түріктен ен-таңбасын айқындап, енішсін бөлмеген шағында бірге тойлаған, жыл басы- наурыз мерекесін заманалар бойы тұғырдан түсірген жоқ. Былайша айтқанда, ұлтымыз наурызды түркі тектес халықтар ішінде бөлекше бөгенайымен сақтап қалды. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда наурыз мерекесінің концерт көру, түрлі шаралар өткізу деңгейінде ғана тойлануы, наурыздың халық ұғымындағы биігін аласартып бара жатқан сияқты. Сол себепті біз бүгін бабадан балаға қалған әз наурыздың дәстүрлі бітімін түгендеп көрейік.

«Әз болмай, мәз болмайды»

Халқымыз  санасында наурыздың  21-22 сі аралығында әз кіреді деген ұғым бар. Әздің кіруімен тіршілік атаулыға жан бітіп, жаңа өмір басталмақ. Ол әуеде болар- болмас діріл мен гүрілдің пайда болуы арқылы білінеді. Оның өткенін өрісте жүрген қой ғана сезеді. Көкке қарап жамырай маңырап тұрып қалған қойларын көрген малшы да арқаны кеңге салып бел босатар шақтың туғанын біліп қуанады. «Әз болмай, мәз болмайды» деген мақал да осыдан қалса керек.

«Қыдыр түн» күзету

Байырғы көшпенді ұлттардың тіршілік етуі ұлы табиғаттың мейіріміне бағынышты болғандықтан, олар аспандағы күнге, айға, тағы басқа күштерге табынып, ырымдаған. Әулие-әнбиелерді құрмет тұтып сыйынған. Сол сияқты Қыдыр әулие де халық назарындағы мифтік кейіпкер. «Қыдырың қияласын, періштең ұяласын» деп бата береу де содан қалса керек. Халық танымы бойынша, сол қасиетті әулие, бақыт иесі Қыдыр наурыз таңында ел аралайды.

«Қырықтың бірі Қыдыр-ды,

«Қыдыр түн» - бақыт келелі.

Несібе, ырыс арқалап,

Наурыздан бұрын келеді» деп келетін өлең тармақтарында айтылғанындай, 21 наурыз кеш Қыдыр  түні есептеледі. Ата-ба бабаларымыз  наурыз мерекесін дәулет дарып,   бақ қонатын қасиетті күн деп ырымдаған.

Осы күні түнде Алла тағала Қыдыр әулиені жіберіп кең даланы аралатады. Назары түскен жерге бақ ұялайды деп сенген. Сондықтан, осы түнді таза пәк, кең пейіл, жомарттықпен қарсы алған. Кеште жастар алтыбақан құрып, ән салып, биге басады. «Ұйқы ашар» дайындалады.

«Аңыз түбі ақиқат». Наурыз көженің дайындалуына және Қыдыр түнін күзету салтына келсек, халық арасында мынадай аңыз бар. Ертеде Ұлытауды мекен еткен елде бір ардақты ана болған екен. Оны ел құрметтеп «Әу апа» деп атапты. Оның Қыдыр деген жар дегенде жалғыз ұлы болыпты. Қыдыр Әу апаның ақылмен көпшіл, еңбекшіл жігіт боп ержетеді. Қыдыр қайда барса жолы ақ болған соң ел-жұрты оны «ақжолтай арыс» деп атайды. Анасы әр жылы отарға кеткен ұлының амандығын тілеп, наурыз келген күні ас дайындайды екен. «Қияндағы қыдырыма, Ертаудағы ұлысқа жар бол, жасаған!» деп қазан асып, «қара қазан, сары баланың ырысы» деп жеті аяқ су  құяды. Дәм-тұзы таусылмасын, қазаннан қаспақ кетпесін» деп бидай мен тұз салады. «Ақ тілеуімнің айғағы» деп қатық пен жарма қосады. «Қыдырым ата-бабасының жолын қуып, садағы сартылдап, семсері жарқылдап, сауыт киіп кеткен еді» деп, соғымныңшекесін, кәрі жілігін салады. «Қыдырымның бес қаруы  толық болсын, елімнің төрт түлігі сай, төңірегі түгел, төрт құбыласы тең болсын» деп  төрт кесек май қосып, сабырмен қайнатады екен. Міне наурыз асы осылай пайда болған-мыс.

Наурыз жыл басы әрі пәктік күні

«Қыс пен көктем қауышады,

Суық пен жылылық ауысады.

Қатып қалған тоң жібиді,

Тоңып жүрген өң жылиды. . .

Реніштер ескерілмейді,

Жәбірлеуге дес берілмейді». Бұл халық жырында айтылған наурыздың алғы бітімі. Бұл күн-жер бетіне жақсылық ұялаған, жыл басы жылқышы торғай келген күн. Көк құт көзін ашып, жер ананың кеудесі жібіп, Самарқанның көк тасы еріген күн саналады. Халық ұғымында наурыз жыл басы болғандықтан, ескі жылдағы реніш, жаңа жылға жалғаспауы тиіс. Ағайындар осы күні бір дастарқанда  бас қосып, көп көжеден (наурыз көже) іше отырып, бұрынғы өкпе-наздарын кешірісіп, достасып қол алысады.

Наурыз – теңдік күні

«Күн мен түн теңеледі,

Ұл мен құл теңеледі.

Қыз бен күң теңеледі,

Ұлылық пен кішілік жанасады.

Бай мен жарлы жарасады,

Хан қарашаның халын ұғады.

Қараша ханның төріне шығады».

Байырғы наурыздың халықтық сипаты осындай. Ал қазіргі кезде осының қаншасы атқарылып жүр?

Наурыз – тазалық күні

«Киімнің кірі арылады,

Бұйымның шаңы қағылады.

Қоралардың қақпасы ашылады,

Көң- қоқыр атызға тасылады.

Аула, үйлер тазартылады,

Айнала жаңартылады».

Бұл күні ауыл тірлігі күндегіден өзгеше басталады. Табиғатта, адам тіршілігі де қыстай барлық лас дүниеден тазаруы тиіс. Барлық адам қарбаластыққа түседі. Балалар үй маңын сыпырып, қыстайғы жиылған көң-қоқысты тазаласа, қыз-келіншектер сырмақтарды қағып, кір жуып, үй тазалап, ыдыс-аяқтарды жарқырата сүртіп, отпен аластайды.

Наурыз – еңбек күні

«Бұлақ біткеннің көзі ашылады,

Ұста біткеннің көрігі басылады.

Айналаға тал егіледі,

Көкіректерге нұр себіледі» .

Наурыз күні ерлер қолдарына кетпен-күрек, қыз-келіншектер бал-бауырсақ, құрт-ірімшік, пысқан ет алып далаға шығып, төңіректегі бастау, бұлақтардың көзін ашып, өзен, бұлақ бойларына ағаш егеді. Әжелер шыққан күнге тауап етіп, аршылған бұлақ көздеріне май құйып, жас келін жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді. Кешегі бабадан, мирас боп қалған айнымас жосынды Қытайдың Ганьсу өлкесіндегі Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы қандастар әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

Наурыз – тоқшылық күні

«Абдыраның аузы ашылады,

Сүрінің соңы асылады.

Қазан оттан түспейді,

Әрүй арнайы көже істейді.

Алғашқы уыз қатырылады,

Соңғы сорпа сапырылады».

Наурыз күні қам-қайғы ұмытылып, барлық адам шат-шадыман болады. Әр бір шаңырақ жылы-жұмсағын қазанға салып, көп көжесін шымыр-шымыр қайнатып, қалың қауымға дәм татқызады. Балалар мен жастар жағы үлкендерге ерекше сый-құрмет көрсетіп, ақ батасын алуға тырсады. Үлкендер ел мен жерге игілік тілеп, ағынан ақтарыла бата беріп, барлық адам мереке шаттығына бірге шомады. Бұл күні балалардан қарттарға дейін бір дастарқанда қатарласа отырып, «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп наурыз көжеден тоя ішеді. Шежіре, қиса-дастан айтып, көңіл көтереді. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер берекенің сөзін сөйлеп, жоқ-жітік, қиыншылғы бар жандарға көмектесуге насихаттайды.

Наурыз – тілек күні

Наурызда даланың теріскейі мен күнгейінен майқара жусанның иісі аңқиды. Табиғат жадырамай, жаны жай таппайтын халық жылай аққан  қар суларынан мол ризық тілейді.

Наурыз тойының салты бойынша, үлкен-кіші демей өнерлерін ортаға салып, ұлыс күнін мәре-сәре қарсы алады. Дарқан табиғатпен етене халықтың рухани өмірінен туындап, қаймағы бұзылмай сақталып келген әсем ән, күмбірлі күй, алуан би сағынысып көріскен ауылдастарды бір жасатып, наурыз тойының қызығына батырады. Айтыс, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, нысана ату сынды қазақы спорт ойындары да жұрт жүрегіне шуақ сыйлайды.

Қуаныш ІЛИЯС

6alash ұсынады