Сұлулыққа жаны құмар қыз-келіншектер үшін сүйінші жаңалық!

Күні кеше Алматы қаласындағы Француз үйі мен BeautyMania  дүкендер желісінің сөресін толықтырған «Kazakh Aru» отандық косметика брендінің таныстырылымы өті.

 Салтанатты шараға «Арудың» өнімін тұтынып үлгерген сұлулар мен сән әлемінің көптеген бикештері қатысты. Брендттің негізін қалаушы Әлинұр Жеңіс халықаралық стандартқа сай жасалған тамаша тауар белгісінің сапасы жайлы айта келе, келген қонақтардың сауалына жауап берді.

«Мақсатым – сұлулық индустриясына қазақтың өнімін шығару болды. Осы ретте ұлттық өнімді қалыптастыруға ұмтылдым. Қоғамда түрлі жағдай орын алып жатса да, қазақ қызына тән табиғи  болмысымызды, сыпайылығымызды, сымбатымызды жоғалтпасақ екен деген ниетте атауын «Ару» дегенді жөн көрдім. Өйткені әлем әйелдері бізді үлгі тұтса деген тілегім бар», – деп ағынан жарылды ол.

Сұлулық нарығын бағындыру мақсатында танымал дүкен сөрелерінен орын алған «Ару» бренді алғаш қадамын бет жууға арналған ылғалдандырғыш гель, маска және тіс пастасын таныстырудан бастады.

Иә, бүгінгі таңда бет жууға арналған көпіршік гельдің нәзік жандылардың айнымас серігіне айналғаны анық. Себебі, қарапайым сабынның табиғатында нәзік келетін бет терісін құрғатып жіберетіні жасырын емес. Салдарынан бет-ажарымыздың қорғаныс қабаты зақымданып, ерте жастан әжім түсуге алып келеді. Ал «Арудың» камелия амин қышқылдарымен жасалған гелі терінің эпидермиялық қабаты мен ылғалдығын қаз-қалпында сақтап қалатын қасиетке ие. Сонай-ақ уақытты үнемдеуге де жәрдемдеседі. Неге десеңіз, алақаныңызға тамызған тарының түйіріндей мөлшерінің өзі тамаша көпіріп қана қоймай, терінің қыртыс-қыртысында сақталған бояу қалдықтары мен шаң-тозаңды толық тазартады.  Бұдан соң бетіңіз қандайда бір тонер немесе сарысу жағуды мүлде  қажет етпейді. Сәйкесінше, өзге тазалағыштарды сатып алу жолында қаражат жұмсамайсыз.

Әлинұр Жеңістің айтуынша, алдағы уақытта «Арудың» өнімдері сусабын, опа-далап және сәндік косметикалармен толықпақ. Ал әзірге тұтынушылар қолына тиіп отырған тауарлардың артықшылығы жайында айтар болсақ  – жас талғамайтынын әмбебаптығында. Осы орайда бренд иесі «кейбір келіншектер қораптағы үлбіреген бойжеткеннің сұлбасын көріп, біздің өнімді жас теріге арналған екен деп ойлап қалады. Әсілінде, барлығы кез келген жастағы жандарға тұтынуға жарамды», – дейді.

Өнім жайлы ойын ортаға салуға шыққан қонақтар да бұған әлдеқайда көз жеткізгендерін айтты.

«Арудың» аруларымызға ажар, көрік сыйлайтынына күмәнім жоқ. Себебі, бет күтімінде ылғалдандыру қабатын табиғи күйінде ұстап тұру үлкен рөл атқарады. Өз басым бүгін жалпақ жұртқа тұсауы кесіліп отырған өнімнің бетке жапсыратын маталы маскасы мен көпіршік гелін пайдаланып көрдім. Сенсеңіздер, терім баланың бетіндей балғын болып шыға келді. Күнделікті жиі көрісетін жора-жолдастарым мен құрбыларым да таңырқап, «Не жағып жүрсің?» деп жиі сұрайтын болды», – дейді Ардақ Рақымбай есімді Алматы қаласының тұрғыны.

Салтанатты жиынға келгендер «Арудың» жақпамайларымен жақынырақ  танысып қана қоймай, тосыннан қойылған сауалдарға жауап беру арқылы түрлі сыйлықтарға ие болды. Мәселен, Лаура есімді тараздық бойжеткен бетке арналған масканы ұтып алғанын сәттілікке балады. Себебі, бұған дейін құрбысынан «Арудың» аталған өнімін сыйға алған ол бетіндегі бөртпесінің азая бастағанын алға тартты. Мұны әсілінде ұлттық брендттің дерматалогиялық талаптарға сай келетіндігімен байланыстырған абзал. Әлинұр Жеңістің айтуынша, «Арудың» тауарларын жарыққа шығаруда Корея мен Жапонияның кәсіби дерматологтары жұмыла жұмыс жасаған. Осы ретте отандық өнімге әлеуметтік желі арқылы қол жеткізген Франция, Италия, Тайландтағы тұтынушылардан түскен алғыстар көңіл қуантады. Бұл «Арудың» алдағы уақытта Қытай мен Еуропа нарығына жол тартуына негіз бар деген сөз.

«Қазір Қазақстандағы сұлулық нарығын арзанқол кушондар жаулап алды. Өйткені оның артында қып-қызыл табыс көзі жатыр. Ал менің мақсатым – ат төбеліндей болса да сапалы өнім арқылы еліміздің атын асқақтату. Кез келген істе табандылық пен мақсат болуы керек. Алда әуежайлардағы Duty Free дүкенінен орын тепсек деген арманымыз бар», – деп сөзін сабақтады Қытаймен арадағы «Достық елшісі» марапатының иегері Әлинұр Жеңіс.

Айта кетейік, «Арудың» өнімдерін еліміздің кез келген қаласындағы  Француз үйі мен BeautyMania дүкендер желісінен табуға болады. Сұлулықты саулықпен ұштастырған арулар үшін бағасы да қолжетімді. Ендеше, отандық өнімді тұтынуға күмән жоқ деп білеміз.

Динар Камилова