Ақтай дарасы: аңыз бен шындық

Қазақ жерінің әр бөлшегі есімсіз емес. Әр тауына, әр сайына, өзен-көліне еш себепсіз ат қоймаған. Қазақ жер аттары – аңыз бен ақиқатты астар еткен құнарлы тарих. Ол жер болмысынан, сонда жасаған халықтың қилы тағдыры, қиқу тарихынан сыр шертіп тұрады… 

Есімі алысқа жеткен «Ақтай дарасы» хақындағы аңызбен шындық кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Мен Ертіс, Қыранның құйғанында туып өскен, Ақтай дарасын жайлау, Қыран жағасын қыстау еткен қазақтың баласымын. Ақтай баба туралы әңгіме бала жасымнан құлағыма сіңіп, жүрегіме ұялап ержеттім. Содан да кейін бүкіл ынта-пейілім туған халқымның төл кешірмесіне, салт-санасына, өскен ел, туған жердің жанды шежіресіне ауып жүре берді… Теле журналист болғаннан кейін биліктің міндетін орындау – кесілмес шөре еді. Сол мұрынға су жетпес сәттерде, жаңбырдың арасымен жүргендей күй кешіп, туған халқымның асылын іздедім… 

Қытай Шыңжаң өлкесі Алтай аймағына қарасты Алақақ елді мекені – Ақтай батырдың кіндік қаны тамған жер. (менің Туған ауылым) деректерге негізделсек, Ақтай Көбеген ұлы 1793-жылы Алтайдың Алақақ ауылына қарасты Көксу (Ертіске құятын Қыран өзенінің жағасындағы үлкен саздық) деген жерінде туған. 1856-жылы Буыршын ауданының Шұңқыр деген жерінде 63 жасында қайтыс болған. Зираты Буыршын ауданының Шұңқыр ауылындағы Күшіген сайының аузында. 

Ақтай батырдың мал өрісі

2013-жылы «Жез бұйдалы буыршын» деректі филмін түсіру барсында Ақтай баба хақында шынайы әңгімелерге куә болдым. Буыршынның «Биғажы көкегі» деп аталатын көктеулігінде отырған Мұқалай Елеуішұлы ақсақалды арнаулы іздей бардық. Құйма құлақ, шежіре қарттан «Ақтай дарасы» хақында арнаулы сұрадым… 

«..Керей елі Арал жайлауына қарай беттегенде, Моңғұлдың Ыланшық атты батыры Тастыбұлақтың кезеңіне отырып алып, жол бермейді.

– Керей ақылдас, екі түрлі талап қоям, біріншісі – он үш жастағы қыз бер кішілікке, екіншісі – ноқталап аю әкеліп бер. Осыны орындамасаң, соғысам, жол бермеймін, жер өзімдікі! - дейді. 

Сонда, Көбеген батыр: 

– Менде, Ақтай, Бозтай деген екі ұл бар. Солар аю ұстайды, - деп, қыз беруге көнбейді. 

Сұмдайырық өзеніне құятын Кешубұлақтың шатаңынан, Ақтай мен Бозтай құнан аюды ұстап, ноқталап Ыланшыққа апарып беріп, тұлыптан дәм татысады. Мойынсал болған Ыланшық: 

– Қай жерді аласың? - дейді. 

Сонда, Көбеген: 

– Сіз айтыңызшы, қай жерді алсам болады? - дейді. 

Ыланшық: 

– Сен мына дараны ал, шөбі шүйгін - деп қазіргі дараны көрсетеді. Сонан бері сол жер «Ақтай дарасы» аталып келеді...» 

Ақтай дарасы

Мұқалай қарт айтып отырған – Арал жайлауы. Арал десе, дегендей төңірегін тау қоршап Сұмдайырық, Қараайырық, Қом өзені қоралай аққан жер ұйығы. Буыршын, Алтай қаласы, Жеменей елінің жазжайлау жаннәт мекені. Аралдың шығыс шетінде асқақ көрініп тұрған, Сарымсақты салмалары Сұмдайырықтың өзенімен жұрындалған (теңіз деңгейінен биктігі шамамен 3000 метрден асады) еңсесі биік ен жайлау Ақтай дарасы. 

Ақтай батырдың жалпақ керейден оңаша көшіп, өз алдына ойып қоныс алуының да өзіндік себебі бар еді! 

Абақ керей сыр бойынан ауып, қалбаға келгеннен кейін, ел иесі Ер Жәнібек «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деп Көгедайды алдырып, Қалба тауының басына шығарып, хан көтерді. Он екі керей боз биенің қанына бармағын батырып, Көгедайға бойұсынатынын білдіріп қасам ішеді. Көгедай 35 жасында Қамбар төренің адамдары жағынан жастай жазым болып, мұрагерлікке Ажы отырады. Ажы керейге тым жайлы ұлық бола алмаған көрінеді. Оның үстіне, мал мен басы өсіп, жер дауы, жесір дауы күшейіп, ел іші ала бола бастайды. Осынау сәтте ақыл қосқан ел төрт би сайлайды. Бұл тарихта «Төрт би-төре» аталады. Төрт орынның екеуі жәнтекейге, екеуі жәдікке беріліп, ордалы ру шеруші ескерусіз қалады. Бұған шеруші шонжарларының көңілі күпті болады. Ажы гүңге өкпелелі Ақтай батыр, Ажы ауылынан іргесін бөліп, маңайында отырған жәдік, жәнтекей елінен мал қуып апарып, кедей-кепшіктерге бөліп береді. Қуа барған адамдарды ұрып, байлап, қиғылық салады. Ел басшылары: «Ақтай бастап, шеруші ел бүлдіріп жатыр. Тентегіңді тыйып бер!» - деп Ажы гүңге арзданғандықтан, Ажы гүң Ақтайды ордасына шақырады. 

Ақтай батырдың тастан орнатқан ат ағашы

Ажы Ақтай есіктен кірер-кірместен дүрсе қоя береді: 

– Сен неге елді бүлдіріп жүрсің, басыңды кесіп алайын ба? - дегенде, Ақтай төрде отырған Ажы гүңнің жағасынан ала кетіп: 

– Ал, мен алдыңа келдім, мықты болсаң басымды өзің ал, сен басымды ала алмасаң, сенің басыңды мен аламын. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, ала қойды бөле қырқып, ағайынды өкпелеткен өзің. Керейді неге адал басқармайсың? - деп төрені нығарлағанда, ел иелері араға түсіп, әзер айырып алыпты. Арыны қайтқан Ажының: «Бесінші орын сенікі болсын», - дегеніне қарамай: «Сиезде жарияламаған мәнсабыңды ұрайын, ат кекілін кестім, енді маған билігің жүрмейді!» - деп аттанып кетеді. Осыдан кейін Ақтай батыр інісі Бозтай екеуі елін бастап Арал жайлауына қарай беттеген деседі. Төреге тізгінін бермеген Ақтай батырдың елі кейін Моңғұляға ауып барып, сонда біржола ірге тебеді. 

Ақын Иса Байзақов «Алтай аясы» дастанында: 

«Алтайдың ең үстінде Ақтау биік, 

Бойына бұлт жете алмай тартқан күйік. 

Аңдары бұғы, марал ойын салып, 

Секірген қиясында өршіл киік», - демей ме? 

Осындағы тарихтағы Ақтау (Қытай жақ кейін Достық шоқы атаған. Өйткені, төрт елге тәуелді) Аралдың батысында асқақ көрінсе, шығысында Ақтай дарасы мен мұндалайды. Арал сахарасының бұлт алдымен қонақтар салқын сабат пұшпағы. 

Ақтайдың жұрты. Ақтай дарасының сахнасындай, Көкдоңғұл жоны өте жайлы қоныс. Кезінде таңдап қонса керек. Қазір батыр баба жұртында Алақақ ауылының малшысы Отан Ахмет ұлы (қазыбек) отыр. Батырдың жұртын қастерлеп, адамға, малға бастырмай торлап қойған. Ақтай батырдың Ақордасын тіккен жұрттың тарпы әлі бар. Шеңбер кеңдігі 12 метр. Кезіндегі атпен уық шаншитын ордалардың бірі екені байқалады. Сыртын айналдыра жайлаудың жалпақ көк тасын төсеген сияқты. Бәрі жер тасқа айналған. Тастан орнатқан Дере тасы да сонда...

Ақтай батырдың жұрты

Ақтай батыр абақ керей елінің Алтайға қайта кереге жайып, ірге кеңейтуіне ерен үлес қосқан тұлға. Біз бүгін Ақтай мен Бозтай жанын тігіп алып берген, алғаш рет кереге жайып, күл төккен борықты жұртында отырмыз. Мал мен басы тең өскен елді кейде, көңіл мастығы, дәулет мастығы жеңеді емес пе… Аруақты батырдың есімін ұлықтау, рухын жаңғырту жағынан еңкіш тартатын кезіміз көп-ақ… Құйқалы дала, құтты қоныс кімнің бодауымен келгенін ұмытпау, оны ұрпақ санасына сіңіру «ақтайлықтардың» бойтұмары болу тиіс… 

Ақтай батыр – туған халқы үшін рух шыңы. Біз: «Батыр болсақ Ақтайдай болсақ», - деп өстік. Ал, қарттар: «Ақтайдай батыр бол, Ақыттай ақын бол!» - деп бата берді. Ақтай батыр «Ақтайдан» кеткелі 200 жылға жуықтаса да, оның есімі, ерен ерлігі, ірі рухы, қонысы, жұрты баяғыдай сақталып келеді… Буыршын ауданы Қалтон елді мекенінің Ақ түйенің асуы дейтін жерінде Ақтай көтерген үлкен тас, батыр бабаның қайратын әйгілеп тұр. Есімі жерге беріліп, ерлгі елге сіңген адам аңыз бен шындық болып жасай береді! 

Фотосуреттер: Қуаныш Ілияұлының жеке мұрағатынан