Ақымет Байтұрсынұлының ұлы парасат иесі екеніне ғалымның 1912 жылдан 1928 жылға дейін жазған оқулықтарындағы әрбір сөз-сөйлемдер арқылы көзіміз жете түседі. Желілес мақаламыздың өткендегі екі кезегінде Ұлт ұстазының  1926 жылы бүтін сөз әдісі арқылы жазып шыққан «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығының мұқабасындағы, айқара бетіндегі (титул) және өзі жазған алғы сөзіндегі ақпараттар мен аңдатпалардың өзінде ұшан-теңіз ұлы мән жатқанын ашуға тырысқанбыз. Тіптен, Ақаңның жазуы не үшін «төте жазу» аталғанына да ғалымның өзінің сөздерінен дәлел келтіре отырып, бірнеше түйткілдің бетін ашқандай болған едік. Бүгін ғалымның аталған оқулығы – «Әліпби. Жаңа құралының» алғашқы беттерінде кездесетін кейбір тіркестерді әдістемелік, тіл біліміндік және терминжасамдық тұрғыдан жұртқа жаятын боламыз.

Ақымет Байтұрсынұлы өте жаңашыл ғалым болғаны мәлім. 1912 жылы бұған дейін араб тілінің заңдылығына бейімделген қадімше жазудың қазақ жастарын өнер-білімге шақыруда ауырлық әкелетінін сезініп, «Төте жазуды» қолданысқа енгізіп, «Қазақ» газетін шығарып, жаңа жолмен (дыбыс әдісі) «Оқу құралы» атты оқулық жазып, сол оқулығы арқылы 14 жыл бойы білімге шөлдеген алаш баласына ағарту жұмысын көш бастап жүргізгені белгілі. Солай бола тұрса да, төңіректегі елдердің білім беру саласындағы жаңа бағыттардан да қазақ баласы қалыс қалмасын деп, «Жаңа құралды» жазып шыққанын, бұл құралдың ғалымның парасат биігіне көтерілген жылдары жазған кесек еңбегі екенін біреу білсе, біреу білмес. Ендеше, біз А. Байтұрсынұлының осы «Жаңа құралының» сырына үңілейік. Ақыметтану мен алаштану тұрғыснан желілес жазып келе жатқан бұл тізбекті мақаламыз – «Ақаң жазған асыл сөзді» желісін үзбей оқып отырған оқырман өкінбесіне сенімдіміз.

Бірегей ғалым, әдіскер ұстаз аталған оқулығының бірінші бетін былай жасаған:

Айғайлаған бала, ырылдаған ит, ызыңдаған ара.

Ортада тұрған бала «аааааа» деп дыбыстап тұр. «А» (ا) дыбысын (әрпін) осылай бейнелесе, әрине алғаш әліппе үйреніп отырған баланың есіне мықтап қалары даусыз. Сол жақта ара ызыңдап, «ззззззз» (ز)  деп тұрса, оң жақта ит «ррррр» (ر) деп ырылдап тұр. Балаға бірден адам мен жануарлардың дыбыстауы арқылы әріпті елестетудің өзі бір тапқырлық деуге болады. Себебі, аталған үш әріп әліпби реті бойынша келіп тұрған жоқ. Дыбыс әдісі жолымен жазған бұрынғы оқулықтарында автор басқаша жазып, ал бүтін сөз әдісі арқылы жазған «Жаңа құралында» әріптер арқылы сөздердің тезірек құралуын көздесе керек. Ара мен ит және бала үшеуі қазақ үшін жат ұғым емес. Басқа мысалдан гөрі осы үшеуі арқылы үш дыбысты білімнің есігін бірінші рет ашып отырған  жеткіншектің санасына сіңіре салу деген осы болар.

Үш дыбысты әрпімен бірге танып алған бала енді екінші бетін ашады:

  1. Ара аз.

Әріптер жайлы түсінігі орнай қоймаған бала оқулықтың екінші бетінен көретіні – екі ара мен бес көбелек. Көбелек көп те, ара аз. Аз деген сөздегі «а» мен «з» дыбысы есте қалуы үшін, кітаптың сол жақ шекесінде екі ара көкейге өшпестей орнап қалары мұнда тұр. Осы арқылы жаңа ғана үш әріпті үйренген бала енді «ара аз» деген сөз тіркесін жаза алады.

  1. Шыққанын шырпыдан жасау.

Алаштың ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы  жаңаша оқыту әдістемелеріне айырықша мән бергені және сол тұрғыда жай адамның ойына келе бермейтін оңай әрі қызықты жолдарды пайдалана білгеніне «Жаңа құралдың» әр бетін ашқан сайын көзіміз жете түседі. Ғалым балаларға сатырлатып тың әріптерді үйрете беруден гөрі, ойын мен іс-қимылдар жасату арқылы әріптерді түбегейлі санаға сіңіруді көздеген.

Суреттегі кестеде ар, ара, азар, аз, аза, азар деген алты сөз тұр. Астында:

«Бұлар бөлек-бөлек сызық бойымен кесіліб, қарташа үлестіріледі.

 Əркім өзіне шыққанын шырпыдан (оттықтан) жасайды» деп ескертілген.  Мінеки, енді балалар өздеріне тиген сөзді шырпымен жасап шығады екен. Бұл деген білім мен ойынның аражігін ажыратып үлгірмеген жеткіншек үшін тамаша тәсіл емес пе?!

Ғалымның осындағы шырпыны неге таңдағаны да тегін емес. Егер, шырпы емес, қарындаш немесе таяқшадан жасаңдар десе де болар еді, бірақ, қазақтың мыңжылдық ғұмыр оты  шырпыдан (оттықтан) яғни ұсақ отыннан жанады емес пе?! Бала үшін шырпы жат дүние емес. Оның үстіне шырпының түзуі, қисығы аралас келеді. Түзу шырпы «а» (ا) үшін, қисық шырпылар «р» (ر)  мен «з» (ز) үшін таптырмас құрал ғой. Көреген ғалым міне осыны ескергені менмұндалап тұр. Оның үстіне «шыққанын шырпыдан» дегенде де аллитерациялық (бірыңғай дауыссыз ш дыбысымен келуі) ұйқас бар.  Ол да естіген адам жадында жақсы қалатын құбылыс.

  1. Ермек – еңбек.

А. Байтұрсынұлының «Әліпби. Жаңа құралында» «Ермек-еңбек» атты жаттығу бөлімі әр сабақтан кейін беріліп отырады. Бұл да ең әуелі ұйқасып түскен тең тіркес. Сосын, ассонанстық құбылыс (бірыңғай е дауысты дыбысымен келуі) бар. Үшіншіден, бұл тіркестің мағынасы түсінікті. Бір қарасаңыз ермек сияқты, бір қарасаңыз еңбек сияқты. Бірақ, бала осы ермек-еңбек барсында хат біліп, қара танып алады. «Біз бүгін ермек-еңбек сағатында әріптердің шыққанын шырпыдан жасадық» деп бала масайрап отырса, қандай қызықты болары мұнда тұр.

  1. Алғанын жазу (Ермек-еңбек).

А, р, з үш дыбысты таныған бала бірінші ермек-еңбек арқылы оларды шырпыдан жасауды үйреніп алды делік, енді екінші ермек-еңбек арқылы өз үлестеріне тиген әріптерді жазуы керек екен. Оны жайдан-жай жаза салмай, балалар үлескенде ұтқан жақ ұпай арқылы осыны жазу міндеттеліпті. Автор жоғарыдағы кестені сәл ғана өзгертіп, кесте соңына былай дейді:

Бұларды да бөлек-бөлек сызық бойымен кесіб, екі бала, немесе одақтасыб екі жақ үш-үштен үлесіб алады.

Алғаннан кейін алған сөздерінің әріптерін  санайды.

Әріп көб шыққан жағы ұпай салады. Ұпай түскен жақ алған сөздерінің бəрін жазады.

Әріп еш жағына артық шықпаса, əрқайсысы алған сөздерін жазады.

Ұпай салған жақ о жолы бір сөз де жазбайды.

Ойын қызығына  ене отырып, білімнің мұншама тамашасына батқан балада арман болсын ба? Бір қарағанда ойын, бірақ, баланың ойын өсіретін тапқыр ойын.

  1. Одақ – грауппа.

Жоғарыдағы ойын ескертпесінде одақтасу деген сөз бар. Бұл жат сөз емес. Қазір біз топқа бөлінуді группа деп жүрміз. Бала мектеп табалдырығын аттай сала, ойын арқылы білім алғанда одақтасуды үйренеді. одақтасып бәсекелесіп үйренудің қызғынды болатынын ғалым өте жақсы білген.

  1. Қисындау (ермек-еңбек)

Балалар әріпті дыбыс арқылы таныды. Шыққанын шырпыдан жасады. Одақтасты, жеңілген жақ әріптерді жазды. Енді қисындайды.  Жоғарыдағы шағын кестені қайта беріп, оқулық жазушы ғалым кестедегі сөздерді қисындау туралы былай деп жол нұсқайды:

Осы алты сөзді бөлек-бөлек кескеннен кейін екеу-екеуден қосыб, қыйсынын келтіріб балалар сөйлем жасаулары керек. Жасаған сөйлемдерін жазыб отырады. Екі-екіден артын-алдын алмастырыб қосыб, осы сөздерден оннан асыу сөйлем мен лепес жасауға болады.

Енді балалар осы айтылған бойынша, ар, аз, ара, аза, араз, азар деген алты сөзді қисындайды яғни қисынын келтіріп, сөз тіркесін құрайды. Балалар «аз азар», «ара азар», «араз азар», «ара аз», «аз ара», т.б. оншақты тіркес жасайды екен. Шешендікке тәрбиелеудің де басы осы әліппенің бірінші бетінен басталатындай.

Ғалым атап отырған «қисындау» деген сөздің өзі қандай тамаша қисындалып тұр. Біздің бүгінгі ойымызша болғанда, сөз құрау, сөйлем құрау, сөздерді ыңғайына қарай біріктіру, сөздерді бір-біріне мағынасын келтіріп жалғау деп көрсететін шұбалаңқы ойымызды жалғыз-ақ «қисындау» сөзі бейнелеп бойына сыйдырып тұр. Ғалымның осы «қисындауы», «ермек-еңбегі», т.б. атаулары кездейсоқ аталған сөздер емес, оқулық соңына дейін балалардың оқыған білімін сіңіру барысында істелетін жаттығулардың атау ретінде қолданылады.

Лепес – сөз тіркесі.  Сөйлем немесе лепес жасауға болады дейді  оқулық шығарушы ғалым. Осы жердегі мағынасына қарап біз ғалым сөздер тіркесін «лепес» деп атады ма екен деген ойда болып отырмыз. Қазақта «Жақсы лепес – жарым ырыс» деген сөз бар. Яғни, лепестің бәрі сөйлем болмайды. Сөз тіркесінен де адамның айтпақ ойы, лебізі білінері даусыз. Осы жерде біз «лепес» сөзінің мағынасы туралы сөздіктерге жүгініп едік: Этимологиялық сөздікте мынадай тұжырымға кез болдық:

«Жақсы лепес — жарым ырыс (мақал). Дәл осы мақалдағы лепес сөзін лебіз сөзімен алмастырып «жақсы лебіз — жарым ырыс» деп айтуға да болады. Бірақ бұл екеуі бір сөз емес. Лебіз сөзі араб-парсы тілдеріндегі «сөз» деген мағынаны білдіретін (лафз) сөзінен ауысқан. Ф. Е.Корш қазақ тілінде лепес сөзі лебіз сөзінен шығуы мүмкін емес, үйткені қазақ тілінде с//з дыбыстарының алмасуы кездеспейді. Лепес араб- парсы тілдеріндегі «дәм», «леп», «тыныс» мағынасындағы (нафас) сөзінің өзгерген түрі болу керек дейді (ОРЯС. т. II, кн. I, 1906, 283). Осы пікірге біз де қосыламыз. Өйткені, қазақ тілінде (әсіресе араб-парсы тілдерінен енген сөздердегі) н дыбысын л дыбысымен я керісінше алмастырып айту жиі кездеседі. (салыстыр: нәпсі ләпсі). (Б. С.)» (А. Ысқақов, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі, Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, Алматы -1966. – 240) .

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «лепес» сөзін былай өрбітеді:

[ар. لفظ ] з а т. Айтылған сөз, лебіз. Бір суық хабар естіп, суыт жүріп кеп едім. Лепесің жақсы екен (З.Шашкин, Тоқаш Бо- кин). Жақсы лепес жатпайды (Мақал-нама). Сойы – татар, заты зиялы Ф.Мансуровтың бұл ойы шынайы лепес еді («Жас Алаш»). (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 10-том. / Құраст.: М.Малбақов, Н.Оңғарбаева, А.Үдербаев және т.б. – Алматы, 2011. -752 б).

Ал, қазақ тілінің кірме сөздер сөздігінде: Лепес- «үн, дауыс шығару», «сөз, сөйлем». Бұл мағыналары қазақ фольклорлық жырларында кеңінен қолданылған. Қазіргі тілімізде «жылы, жағымды, ілтипатты сөз» деген ауыспалы мағынада қолданылады (Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі / Құрастырғандар: Ш. Құрманбайұлы, С.Исақова, Б.Мизамхан және т.б. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 596 б.) деп келтірілген.

Міне, осы айтылғандарды жинақтай келсек, А. Байтұрсынұлы сөйлем немесе лепес жасаңдар дегенде, сөйлем немесе сөздердің тіркесін жасаңдар дегені болар деп ойлаймыз. Себебі, сөздерден лепес құрау оқулықтың бір жерінде ғана емес, келесі беттерінде де кездеседі.

Ақылхат (ақыл қат).

Оқулықтың сегізінші бетінде төртбұрыштың әр бұрышына сөздер жазған. Тұспа-тұс сөздерді оқыған адам: «Аз азар» және «Араз азар» деген екі лепесті оқи алады. Ғалым осы жерде «ақыл хат» деген сөзді әлдебір атауға балама ретінде алған сияқты. Яғни тұжырымды бір тұрақты тіркес (фразеологиялық тіркес) мағынасында алса керек. Тұрақты тіркестерге мақал-мәтел, идиомалар кіретіні белгілі. Яғни, бұлар жай сөз тіркестері мен сөйлемдерден гөрі ажарлы, бейнелі сөздер тізбегі.

Ғалым оқулығында бірінші сабақта үйретілген үш әріпті «ермек-еңбектің» бірнеше жаттығуы арқылы үйренгеннен кейін, сабақтың соңын бір бейнелі сөзбен түйіндеу үшін ақылхат жасауды тапсырмаға бергені болса керек. Олай дейтініміз – суретте көрсетілген ақылхаттың үлгісі өзге жай кестелерге ұқсамайды. Формасы хаттың үлгісіне ұқсас келіп, төрт бұрыштан төрт сөз көркем ойды бейнелеп тіркесім табады. «Аз азар, араз азар» деген ақылхаттың өзі сабақ үйренушінің есінде қалумен бірге, өзге адамға да ой салады. Әрине, аз болу мен берекесіз болудан азып-тозып барып тұғырына қайта қонған ел емес пе едік. Ақылхат деген атауды ғалымның осы мағынада алды дейтінімізге тағы бір себеп, аталған оқулықтың соңында құлақхат деген термин кездеседі. Құлақхат (оқулықта құлақ қат болып жазылған) тәртіп-түзім, қағида-ережелер екені мазмұнынан шығып тұр. Құлақхатты сабақхананың көрнекті жеріне іліп қояды. Сол сияқты, ақылхат та сабақтан алынған бейнелі түйін сөздерді жазып отыратын хат болғаны. Қорыта келгенде, Ақаңша айтқанда, жай сөз тіркесі – лепес, тұрақты сөз тіркесі – ақылхат.

Міне, А. Байтұрсынұлының тұтас сөз әдісімен жазған «Әліпби. Жаңа құралының» жеткіншектерге қазақ әліппесін үйрететін бірінші сабағынан осындай мағлұматтарды байқай аламыз. Айналасы бірнеше беттің ішінен ғалымның осыдан ғасыр бұрын жазған оқулығындағы заманауи білім берудің ең қызықты әрі озық тәсілдерін жасаған байқампаздығын, шеберлігін және теңдессіз парасатын көре бастадық. Оқулықтың келесі беттерінде кездесетін қызықты мәліметтерден бұл ойымыздың онан әрі дәлелдене түсетініне сенімдіміз. Себебі, Ақымет Байтұрсынұлы – Ұлттың ұлы ұстазы еді.

Әділет Ақыметұлы

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері