АҚАҢ ЖАЗҒАН АСЫЛ СӨЗ – 2

(Неге «Төте жазу» деп аталды? «Тұтас сөз әдісі», «Ежік», «аптыр» сөздерінің мәнісі не?)

 

А. Байтұрсынұлының «Әліпби. Жаңа құрал» (1926, Қызылорда) атты оқулығындағы құнды мағлұматтар мен тың тіркес, келісті термин, көнерген сөздерді негізге ала отырып, «Ақаң жазған асыл сөз» атты желілес жазба жариялап отыруға уәде беріп едік. Өткен жолы ғалымның аталған оқулығының мұқабасы мен айқара беттеріндегі ақпараттар мен аңдатпа сөздердің мәнін ашып көрсеткен болатынбыз. Біз бүгін «Әліпби. Жаңа құралдың» алғысөзінде автор – Ақымет Байтұрсынұлы не айтты екен? Соны оқырманмен бірге  оқып, кейбір сөздердің астарын ашуға талпынамыз.

Оқырманға түсінікті болуы үшін алғысөз  мәтінін түгелдей ұсынайық:

 

 

ШЫҒАРЫУШЫДАН

 

Өзгеріске дейін Ресейде қалың оқытыушылар қолданған «төте оқыу» деген дыбыс негізді əдіс екендігі мəлім. Бірден дыбыстарды қосыб сөз қылыб оқығандықтан, бірден қарыптарды қосыб, сөз қылыб жазғандықтан, ежікпен қадімше оқытыудың қасында бұл əдіс анағұрлым төте еді. Сондықтан да «төте оқыу» деб аталыб еді.

Дыбыс əдісімен қатар, онан тəуір сөз негізді «тұтас оқыу» əдісі шықса да оны жұрт жаппай ұстай қойған жоқ еді.

Өзгерістен кейін сөз негізді – «тұтас оқыу» деген əдіс артық деб алдағы жұрттар соны алыу шарасына кірісіб жатыр, арттағы жұрттардың алыуға шамасы келмей жатыр: үйткені жаңа əдісті жұмысқа ол жаңа əдісті білетін адам, жаңа жағдай, құрал-сайман керек.

Арттағы жұрттың бірі – Қазақ. Басқалар жаңаланыб жатқанын көріб, біз де жаңаланғымыз келеді, бірақ, не пайда! Көңіліміз тілегенмен қолымыз жетбейді. Іске жалғыз көңіл емес, қол да керек. Сондықтан жаңаланамыз десек те, жаңалық бізден əлі алыс жатыр.

Бұл əліп-бій кітабы жаңа əдіске көшіу жүзіндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жанастырыб жақындатыу шарасын табыу түрде шығарылыб тұр. Үйретіу жағынан «дыбыс əдісі» мен «тұтас оқыу» əдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағынан қазақ жағдайына жанастырылыб, жаңа пырағырамша (Гүус пырағырамынша) болыуы көзделді.

Қазақтан сүгіретші болмағандықтан, қазақ тұрмысына лайық дайар сүгіреттер табылмағандықтан, бұл əліп-бій кітабында да сүгірет жағынан кемшілік көб. Онысы оңдала жатар.

Мұғалымдардан өтінеміз: бұрынғы «Оқу құралы» мен бұл «Жаңа құрал» екеуінің қайсысы үйретіуге жеңіл? Екінші сөзбен айтқанда, қайсысымен оқытқанда балалар оқыу мен жазыуды тез үйренеді? Осы жағынан тəжірійбе түйілсе екен. 90%-ы қат білмейтін жұртқа оқыу мен жазыуды оңай үйрететін əліб-бій кітабынан артығы жоқ. Аш адам астың бабы мен дəміне қарамайды. Қазақ оқыу жағынан қандай ашығыб отырғанын топырлаб мекеме алдын тоздырыб, оқыйтын орын таба алмай жүрген қазақ балалары көрсетіб отыр. Сол ашығыб отырған қазаққа бабын-дəмін  келтіріб соңыра беретін асыңнан, бабы, дəмі кем болса да əзір берген асың артық. Тамақты қарны тойыңқыраб, қанағаттаған кезде талғайды. 

Шығарыушы.

21/Х– 25

Қызыл орда.

 

Енді осы мәтіннің мәніне үңілейік.

  1. Шығарушы – бұл бүгінгі тілмен алғанда «автор» деген сөз. Өткен жазбамызда айқара беттен кейінгі жерге орналасқан «Балаларға тарту» атты өлеңінің соңына да Ақаң «Шығарушы» деп жазғанын атап өткенбіз. Ал, оқулық авторы алғысөзінің басына «Шығарушыдан» деп жазып, алғысөзінің соңына тағы да «Шығарушы» деуінде мән бар. Яғни, бұл сөз сол кезде автор деген сөздің баламасы ретінде, термин болып тұрақтанған. 1931 жылы сол кезеңдегі латын әліпбиімен жарық көрген сөздікте де былай берілген: Автор ― аптыр, жазушы, шығарушы («Атаулар сөздігі», Қалық ағарту кемесериеті, білім кеңесінің термин кемесиесі, Қазақстан баспасы, 1931 жылы).  Ақаңның бұл оқулығы 1926 жылдан бастап баспа көрген. Ал, қазақ тіліне шет тілінен енетін терминдерді қазақшаластыру комиссиясы 1922 жылы құрылған. Сол тұрғыдан қарағанда «авторды» қажетіне қарай үш түрлі атаумен беру сол тұстағы зиялы қауымның мақұлдауымен болса керек. Байтұрсынұлының төте жазуын қолданыстан қалдырғаннан кейін де ғалымның терминжасам ұстанымдарының әлі де басшылыққа алынғанына 1931 жылғы сөздіктердегі кейбір терминдер мысал болады.
  2. Өзгеріске дейін – бұл 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін патшалық түзім жойылып, Кеңес үкіметі орнай бастағанын меңзегені белгілі.
  3. Төте оқу мен төте жазу – бұл туралы Ақаң өзі айтып отыр. Қадімше ежіктеп оқу яғни шағатай жазуынан бері келе жатқан оқу-жазу дәстүріне А. Байтұрсынұлы бастаған ағартушылар өзгеріс енгізді. Бір сөзбен айтқанда ескіше (қадімше) оқуда алдымен араб тілінің дыбыс заңдары арқылы діни сауат ашып алып, қазақ сөздерін сол араб тіліне негізделген емлемен оқып-жазу керек болатын. Кейін, Ақаң бұлай оқу мен жазуға реформа жасап, қазақтың жазба әдебиетінде бұрыннан келе жатқан араб графикасына анағұрлым өзгерістер енгізіп, қазақтың төл дыбыстау заңдылығына үйлесетін ұлттық жазуды ойлап тапты. 1910 жылдан басталған бұл іргелі реформа 1912 жылы жұртқа жария болды. Жұрт жылы қабылдаған әліпби арқылы ғалым өзі «Оқу құралы (қазақша әліппе)» бастаған оқулықтар жазып оқушылар енді қадімшемен емес, осы жазумен сауатын ашты, «Қазақ» газеті де аталған ұлттық жазудың жұрт арасына жайылуына дәнекер болды. Мінеки, Ақымет Байтұрсынұлының жаңадан жасап шыққан әліпбиі арқылы жазу бұрынғыдан анағұрлым төте болғандықтан, бұл «төте оқу» аталса, Ақаңның әліпбиі де үйренудегі ұзақ барысты жеңілдеткен, қазақ тілінде қалай дыбысталса солай жазуға бейімделген әліпби болғандықтан, «төте жазу» аталды.
  4. Дыбыс негізді əдіс – Ақаң өзі көрсетіп отырғанындай, дыбыс негізді әдіс ғалымның төте жазуы арқылы төте оқу жалпыласқан кезеңде қолданылған әдіс еді. 1912 – 1924 жылдар арасында шыққан оқулықтардың, әсіресе А.Байтұрсынұлы оқулықтарының айқара беттерінде «Дыбыс әдісі жолымен», «Усул сотие жолымен», «Жаңа жолмен» деген ескертпелер бар.  Бұлардың бәрі бір сөзбен айтқанда сол тұстағы оқу оқыту әдістері. Ақаң өзі айтқанындай дыбыс негізді әдіс яғни қазақша әріптерді дыбыстар арқылы бір-бірлеп үйрету сол тұста жақсы өнімін берді. Ал «Атаулар сөздігінде» дыбыс әдісі жолының орысша баламасы да берілген. Звуковой метод ― дыбыс әдісі («Атаулар сөздігі», Қалық ағарту кемесериеті, білім кеңесінің термин кемесиесі, Қазақстан баспасы, 1931 жылы).
  5. Ежік - Сөзді әріпке, буынға бөліп, ежелеп оқу (жақсы оқи алмау). Бұл баршаға белгілі. Дегенмен, сол тұста осы Ежік деген сөздің өзі оқу бағдарламаларының бір кезеңін бейнелеген термин болған сияқты. Қазіргі кезеңде алдымен әліппені үйреніп, біртіндеп мәтіндер оқи бастайтын оқыту әдісі сияқты, 1912 жылы Ақаң әліпби жасағанға дейін, шәкірттер қадімшені алдымен ежіктеп, онан кейін жүргізіп оқу басқыштарынан өтетін болған. Ал, 1912-1924 жылдары төте жазу арқылы оқытудан кейін шәкірттер ежік басқышын баспай-ақ, дыбыстар мен әріптерді танып төте оқуды жалғастыра берді. Осы ежіктің тағы бір мағынасын аша кетер болсақ, қазақта ежігей құрт деген құрттың түрі болады. Сөздікте ежігей туралы былай анықтама берілген: 1. Майы алынған сүттің сарсуын қайнату арқылы алынған сары түсті қоймалжың, ежігей. 2. Осы қоймалжыңнан жасалған қышқылтым уақ құрт немесе сықпа. (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. - Алматы: "Сөздік-Словарь". 1997.- 368 б). Міне, бұл құрттың ерекшелігі – іркіттен қайнатып, өреге жайып кептірген құрттай шымыр болмайды. Ежігей құрт үгілгіш келеді. Дәмі де тәтті болып, құрт ұнтақтары бірікпейді. Ежіктеп оқуда да әр дыбысты біріктіру үшін қарыптап дыбыстау керек болады. Осы тұрғыдан алғанда ежігей құрттың қатты құрттай берік болмағаны сияқты, ежіктеп оқудың да жүргізіп оқығандай жағымды болмасы белгілі.
  6. Тұтас оқу әдісі – Ақаң қадімшемен ежіктеп оқу әдісінен ел-жұртын құтылдырып, төте жазу арқылы төте оқитын дыбыс әдісін қолданып он жыл бойы оқулық жазып, оқытушы болып, ағарту жұмыстарын белсене жүргізгені белгілі. Алғысөзде өзі айтып отырғандай, қазақтың ағарту ісінің көші баяу болғанына дамыған заманның талабы қарап тұрсын ба? 1920 жылдары оқу-ағартуда озып бара жатқан ұлттар тұтас сөз әдісі немесе бүтін сөз әдісі деген оқыту әдістерін пайдалана бастайды. А. Байтұрсынұлы заман көшінен қалмай, өзі де тұтас сөз әдісі арқылы да қазақ жеткіншектерін оқытып көру үшін осы оқулықты («Әліпби. Жаңа құралды») жазғанын айтады. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін тек әріптер мен дыбыстарды бір-бірден таныту әдісі басты оқыту әдісі болса, енді Ақаң қазақ жеткіншектерін тұтас оқу жолы арқылы яғни сөз бен суреттерді көрсету арқылы әріп пен дыбыстарды үйрету әдісін қолдануды көздейді. Біз сөз етіп отырған «Жаңа құрал» мен Ақаңның 1912 -1925 жылдар арасында кең көлемде қолданылған «Оқу құралын» парақтау барысында дыбыс әдіс жолы мен тұтас сөз жолының айтарлықтай ірі айырмашылығы бар екенін көрдік. Айта кетелік, ХХ ғасыр басында, 1931 жылы шыққан «атаулар сөздігінде»: «Метод целых слов ― бүтін сөз әдісі, Американский метод обучения грамоте ― тұтас сөз әдісі» деп берілген. Қалай деген күнде де, ұлт ұстазының ең алдымен жазуды өзгертіп, қазақтың төте жазуын жасауы, сол әліпби арқылы күллі ағарту ісін ілгерілетуі, сондай-ақ, заман талабына сай, бұрынғы оқу құралдарының орнына жаңа әдіс жолдарын зерттей отырып, өзгеше қызықты, құнды оқулық – «Әліпби. Жаңа құралды» жазып шығуы кімнің де болсын таңдайын қақтыратын қажырлы көшбасшыға тән қасиет.
  7. Жаңа пырағырам – мұндағы пырағырам программаның сындырылып алған нұсқасы екенін көпшілік біліп отыр. «Қазақ тілінен балама табылмағанда шетел сөзін қазақ тілінің дыбыстау заңына икемдеп сындырып алу керек» деген сол тұстағы терминологияның принцибіне сай, сындырылып алынған сөз. ХХ ғасыр басында тек А. Байтұрсынұлы еңбектерінде ғана емес, сол кездегі ақпарат, баспасөздің бәрінде пырағырам сөзі осылай берілген. Әсіресе, шеттілдік терминдерді икемдеп алуда азды-көпті талас-тартыс болғанымен, орыстың сөзін дұрыс атамаудан ұялып, мойынын ішіне алып мөңкушілер ол кезде аз болғанына көз жетеді. Тіпті, 1940 жылы қазақ жазуы кирилл қарпіне көшкенге дейін де программа сөзі пыроғырам болып берілгеніне деректер көп. Айта кетелік, Ақымет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде 1913 жылы жариялаған «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында, программаны пыроғырам деп ала отырып, жақша ішіне жосық деген баламаны да көрсете кеткен болатын. «Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс», – дейді ғалым аталған мақалада.

  1. Мұғалым – көріп отырғанымыздай, Ақаң оқулығында мұғалім сөзі «мұғалым» болып жазылған. Әсіресе, 1924 жылдан кейін А.Байтұрсынұлы көшін бастаған лингвистер тобы қазақ тілінің сингармонизм заңын сақтап қалу үшін ерекше еңбектенгені байқалады. Себебі, жіңішкелікпен оқыған адам аталған жылдардан бастап, бұған дейін ала-құла жазылып келген атаулардың емлесі, 1924 жылдан кейін бір арнаға түсе бастағанына көз жеткізуге болады. Бұған дейін ғылым – ғілім, мұғалім-мұғалым, ғасыр – әсір, кітап – кітеп, мәһкәмә – мекеме, т.б. болып жазылып жүрген сөздердің тұтас жуан немесе тұтас жіңішке нұсқаларын ғана қалдыру көзделгені А.Байтұрсынұлы бас болған емле ережелерінен айқын көрініс табады. Қытайдағы қандастар күні бүгінге дейін мұғалым деп айтып, солай жазуы да Ақаң бастап арнаға түсіріп кеткен үндестік заңы атты қасиетті қағиданың жемісі еді. Ал, өзге түріктердің ішінде Шынжаңдағы ұйғұр ұлты күні бүгінге дейін А. Байтұрсынұлының әліпбиін қолданып отырғанымен, Байтұрсынұлының емле ережесіндегі ұстанымын сақтай алған жоқ. Олар бүгінгі таңда әсір (ғасыр), мұ-әлім (мұғалым), меһірман (Мейірбан), меһмән (мейман)  ,т.б. бойынша жазып, тұтас түрік тілінде ежелден бар үндестік заңынан айырылып қалып отыр. Осы тұрғыдан алғанда да, қазақ тілінің, тіптен түрік тілінің сап тазалығын сақтауда Ақымет бастаған алаш зиялыларының істеген істері мен ұлы бастамаларына бас имей тұру мүмкін де емес.
  2. Аш адам ас талғамайды – А. Байтұрсынұлы шағын ғана алғысөзінде саналы кісіге аса мол ақпараттық танымдық білім беріп отыр. Оның мазмұнын қайта түсіндіріп отырмадық. Қазақтан суретші болмағанына кейіп, оқулығым сәтсіздеу шықты-ау деп іштей алаңдаушылығын да жасырмайды. Және оқытушылардан жоғарыда аталып өткен негізгі екі әдістің (дыбыс әдісі мен тұтас сөз әдісі) қайсысы ыңғайлы екенін айтыңыздар, ұлтты ағарту ісінің тез әрі үйлесімді жолын табуда ақылдасып отырайық деген ойды емексітеді ғалым. Сондай-ақ, сол тұста 90 пайызы хат танымайтын  қазақты ағарту ісінде заман көшіне тез ілесудің маңыздылығын айтады. Шарт-жағдайды күтіп, заман жақсарғанда жақсы оқыту бағдармалары арқылы елді ағартып аламын деп күтіп отырмай, «барымен базар болып», ғылым мен білімге шөлдеп, ашырқанып тұрған халыққа қай әдіспен болса да ағарту ісін жүргізе беру керектігін айтады. Заман жақсарғанда берген дәмді асыңнан, мұқтаж кездегі қазіргі асың қайырлы дей келіп, аш адам ас талғамайтынын шебер суреттеп, ой-пікірін түйіндейді.

Қымбатты оқырман, міне бұл, ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлының «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығына өзі жазған бір жарым беттік алғы сөзінен көрген-білгендеріміз. Келесі жазбамызда ғалымның «Жаңа құралындағы» әрбір қыстырма суреттер мен сөз-сөйлемдердің сырын ашып, оқырманмен ой бөлісетін боламыз.

 

Әділет Ақыметұлы

 

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері