АҚАҢНАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ – 1

Шағын аңдатпа

Ұлт ұстазы Ақаң – Ақымет Байтұрсынұлы «Оқу құралы (қазақша әліппе)», «Тіл-құрал», «Сауат ашқыш (сауатсыз үлкендерге)» және «Әліпби. Жаңа құрал» қатарлы оқулықтармен бірге, оқытушыларға арналған «Баяншы», «Тіл жұмсар» атты қолданба құралдар жазғаны белгілі. Ғалымның ХХ ғасыр басындағы әлем жұртшылығының әдебиеттануында ойып орын алатын кесек еңбегі «Әдебиет танытқыш» туралы сөз айтуға үлкен академиялық деңгей, асқақ парасат керек. Ал, біз ғалым мұраларының ішінде жоғарыда аттары аталған оқулықтардағы мол рухани қазына туралы азды-көпті жазба жариялаумен келеміз. Өткен жолы А. Байтұрсынұлының «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығынан кезіккен бірнеше терминді сөз ете отырып, «Ақаңның күнбақпасы не нәрсе» атты шағын жазба жазған едік. Оқырман қауымның ұлт ұстазына деген ілтипатының жоғары болғаны соншалық, аталған жазбамызды газеттер мен ресми сайттар аттай қалап сұрады. Міне, осы өтініштен кейін, біз жағдай жар берсе, ғалым мұраларындағы құнды сөз-сөйлемдерді,  тарихи деректерді, Ақаңа тән терминдерді және көнерген сөздерді жұртпен жүздестіретін «Ақаңнан қалған асыл сөз» атты желілес жазба жариялап отыруды жөн көрдік. Әңгімеміздің әлқиссасы ғалымның 1926,1927 және 1928 жылы Қызылордадағы Қазақстан мемлекет баспасынан басылып шыққан «Әліпби. Жаңа құрал» атты еңбегі туралы болады. Ақаңның әдістемелік, тілтанымдық тұрғысынан ұлы көшбасшылығын, ақындығын және қара сөздің қаймағын қалқыған қаламгерлігін онан әрі дәлелдей түсетін деректерді жұртқа жария етеміз. Ұлт ұстазы туралы желілес әңгімеміздің желісін үзбей оқып, ой-пікір жазып отырсаңыз қуанар едік.  

 

АҚАҢНАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ – 1

(Мұқаба мен айқара беттегі ақпараттар сыры)

 

Ақымет Байтұрсынұлы өзі жазған оқулықтарының мұқабасынан тартып, ішіндегі әрбір ауыз сөз, әр сөйлем, үтір-нүктеге дейін шөгелдікпен қарағанына толық кез жеткізуге болады. Оған ғалымның «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығынан өзге еңбектерінің тысқы беттерін қарау да жеткілікті. Аталған жаңа құралдың мұқабасынан мынаны байқауға болады:

Мұқаба жайлы бірер сөз:

  1. Байтұрсын ұлы Ақымет. Кітаптың оң жақ шекесіне автор аты «Байтұрсын ұлы Ақымет» (Ахмет емес, Байтұрсынов емес) жазылған. Ақаң 1912-1924 жылдар арасында шыққан еңбектерінде және басылымдардағы мақалаларында аты-жөнін «А.Б», «Байтұрсынов А.», «Ахмед Байтұрсынов» үлгілерінде жазып келгені белгілі. Аталған кезеңде төте жазу қолданысқа толықтай енгенімен, кісі есімдерінде, жер-су атауларында және діни жора-жосындарда кездесетін көнеден келе жатқан араб сөздері барынша арысы шағатайша, берісі қадімше үлгідегі күйін сақтаған болатын. 1924 жылы Ақаң бастаған ғалымдар кеңесе отырып, қазақ тіліндегі бар 24 дыбысқа 24 әріпті қалдырып, емле қағидаларын тұрақтандырғаннан кейін аталып отырған шеттілдік сөздер мен кісі есімдері қазақы шапан кие бастады.

Есімнен кейін кітап аты «ӘЛІБ-БІЙ» (ءالىب-ءبىي)түрінде көркем хұснихатпен берілген.

  1. Әліб-бій. Ақаң не үшін «Әліпби» деген сөздегі «-іп»-ті «іб» үлгісінде берді екен? Ары бармай-ақ, 1912 жылы төте жазу қолданысқа ене бастағаннан бастап, сөз соңында келетін «-п, -ып, іп» нұсқаларын 1930 жылға дейін қазақ басылымдары біртұтас «-б, -іб, -ыб» үлгісінде жазып келді. Ал, сөз басында және ортасында келетін «п» дыбысын «п» (پ) әрпімен алды. Парта, арпа сияқты сөздерде келетін «п»-ны «б» мен бермеді. Тек қана сөз соңында «п» дыбысы «б» болып жазылған. Мұның себебі негізінен екі жақтан еді.

Бірінші, алып келді, жетіп барды, қарап тұрмын, әліп-би, т.б. сөздерінде сөз соңына келген «п» дыбысы, «парта» мен «арпа»- дағыдай емес,  «б»-ға жақын естіледі.

Екінші, сөз соңында келетін,  «п»-ға да, «б»-ға да жақын келетін осы «п» дыбысына үкім жасаудың тәсілдері де қарастырылған. Аталған үлгіде келген соңында «п»-сы бар сөздерге «-ы, -і» қосымшаларын қосып тексеріп көру тәсілі болған. Мысалы, алып – алыбы, сарап – сарабы, қорап – қорабы, әріп – әрібі, т.б. оның үстіне еріндік, езулік үндестікті жүйелі зерттеген А. Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары аталған «п» дыбысына өзге де зерттеулер жасаған. Мысалы,  «алып келген», «кетіп қалған», «тұрып алған», «біліп жүр» сияқты тіркестерде «алыпкелген», «кетіпқалған» секілді қатаң дауыссыздан аяқтап келесі сөз қатаң дауыссыздан басталғанда «п» дыбысы «п» болып естілгенімен, кейінгі тіркестер «тұрыбалған», «білібжүрген» болып естіледі. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың «п» дыбысы сөз соңында көбінеки айнымалы қасиетке ие болады. Сондықтан, сол кезеңдегі ғалымдар бірауыздан сөз соңындағы «п» дыбысының «б» болып келуін қолдаған көрінеді. Басқа дыбыстар туралы пікірталасты көптеп кездестіруге болады. Бірақ, «п»-ның сөз соңында келгенде «б» болуына қатысты дау-дамайлар көп кездеспейді. Мүмкін, біздің қолымызға түспеген де болар.

Ал, «Әліпби» (оқулықта әліб-бій) сөзінің соңғы буыны неге «би» (ءبي) емес, «бій» (ءبىي) болып жазылғанын бұрын да айттық. Әсіресе, 1924 жылдан кейінгі шыққан еңбектер мен ресми басылымдарда «й» мен «у» дыбыстары дауыссыз дыбыс ретінде қаралып, дауыссыз дыбыстар қатар жазылмайтын заңдылыққа сәйкес және қазақтың дыбыстау қасиеті басшылыққа алынды. Мысалы, «бій», «кійім», «сыйыр», «алыу», «келіу», «сыйақты», т.б. сөздердің осылай жазылуына ешкімнің өкпесі болған жоқ.

  1. Мұқабадағы сурет. Саналы оқырман аңғарып та отырған болар, суреттің жоғарғы бөлегінде мал-дәулеті бар, белдеуінде ат байлаулы тұрған қазақтың үйі. Астыңғы суретте кең, жарық дәрісханада сабақ оқып жатқан оқушылар, білім беріп жатқан үйретуші. Дәрісхананың безендірілген суреттері де қазақы ою-өрнекпен бейнеленуі де бір сырды аңғартып тұрса керек. Кеңестік Қазақстан Республикасында өз тізгінің өз қолыңда, келіп білім үйрен дегісі келген де шығар оқулық авторы?! Кеңес үкіметінен оншақты жыл бұрын жазған «Оқу құралы» атты оқулығының мұқабасына қарағанда өзгешелікке ие бұл суреттің де тарихи сыры бар екені белгілі. Мұқабадағы мұнарланып тұрған айшықтарды онан ары зерттей түсуді оқырман еншісіне қалдырдық.

Айқара бетті ашалық:

Айқара бет деп жүргеніміз титул бет. Яғни, кітаптың мұқабадан кейінгі беті. Ақымет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары «титул» сөзін қалай атағаны белгісіз. Мүмкін қатысты деректерді біз кездестіре алмаған болармыз. ХХ ғасыр басында шыққан ондаған сөздіктердің ешқайсысынан бұл атаудың қазақша термині кездеспейді. Тек 1936 жылы Қазақстан баспасынан шыққан «Қазақ тілінің терміндері» (1-кітап) атты сөздікте «титул» сөзін қазақша дыбыс заңына икемдеп «тійтүл» деп алғанын кездестірдік. Енді Ақаң жазған «Әліпби. Жаңа құралдың» тійтүлінен көзіміз шалған сөздерді оқырманға көрсетелік:

  1. Қазағыстан білім ордасы. Бұл аталған оқулықты бекіткен, баспадан шығарған ғұзырлы мекеменің аты. Мұндағы «Қазағыстан» сөзі түпнұсқа бойынша берілді. Сол жылдары емлені барынша айтылымға жақын жазу дәстүрі көш бастады. Ана тілдің тазалығы үшін бұл да бір даңғыл жол еді. Кейін келе айтылым мен жазылым екі түрлі болғандықтан, бүгінгі таңда жазылған мәтін бойынша тіл бұрап сөйлейтін болдық. «Көкөзек», «Жаңа қорған», «Ақеділ», «Көк ала», «Тарапынан», т.б. деп ойлы-шұңқырына қарамай қиналып сөйле йтіндерді көріп жүрміз.
  2. Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер. Бұл енді алғаш орнаған Кеңес үкіметінің ұраны болды. Кедейлер табы құрған теңдікке толы мемлекетті жарнамалау үшін әрбір басылымның қақ маңдайынан осы сөйлем орын алып отырды. Бұл туралы көп тоқталудың маңызы жоқ.
  3. Жаңа құрал. А. Байтұрсынұлының «Әліпби – жаңа құрал» оқулығы 1926, 1927 және 1928 ж. үш рет басылған. Осы үш нұсқасында үлкен айырмашылық жоқ. Біз соңғы (1928 ж .Қызылорда) нұсқасын ұсынып отырмыз. Автордың бұл оқулығы 1912 жылдан 1925 жылға дейін аса мол басылыммен жыл сайын басылып, мектептерде қолданылған «Оқу құралдарының» жалғасы деуге болады. Дегенмен, бұл «Жаңа құралдың» «Оқу құралынан» айырмашылығы аса зор. Оны төменде біртіндеп білетін боламыз.
  4. 3 інші ірет басылыуы – «Әліпби. Жаңа құрал» бұған дейін 1926, 1927 жылдары да көп тиражбен басылған.
  5. Түрлі сүгіреттерімен басылған – бұл ескертпе 1927, 1928 жылғы екі нұсқада бар. 1926 жылғы басылымда жоқ. Бірақ, үш нұсқада да түрлі суреттермен берілген. Ғалымның бұл оқулығындағы қазақ әріптеріне мысал ретінде берілген сызба суреттер де ерекше. Біздің желілес жазбамызды қадағалап отырсаңыз, оларды да таныстырып отырамыз. Аталған оқулық сол заман тұрғысынан, тіпті, қазіргі заман үшін де аса жоғары деңгейде жазылған құнды еңбек деуге болады. Оны да келесі жазбаларымыз арқылы онан әрі дәлелдей түсетін боламыз. Ал, осы оқулығының айқара (титул) беттен кейін өзі жазған алғысөзінде: «Қазақ тұрмысын бейнелейтін суретшілер аз болғандықтан, қосымша суреттеріміз тым келісті болмай шықты» деп аса кішіпейілдікпен жұрттың түсіністік таныта қабылдауын өтінеді. Ол туралы келесі жазбамызда ғалымның алғысөзіне арнайы тоқталғанда кеңірек баяндайтын боламыз.
  6. вaitursьn ulь – айқара бетте осындай жазу бар. Бұл «А.Байтұрсынұлы» деген жазудың сол кездегі қабылдану алдында тұрған латын әліпбиімен жазылуы. Бұл латынша ескертпелер 1926 және 1927 жылғы басылымдарда жоқ. Сол тұста қабылданған латын әліпбиінде де кісі есімдері бас әріппен жазылмаған. Бұл төте жазудағы дәстүрлі тәсілдің жалғасы деуге болады.
  7. nalьв-nвьі jaha qural – « Әліпби. Жаңа құрал» деген жазу. Сол кездегі қабылдану алдында тұрған латын әліпбиімен жазылуы. «n» белгісі арқылы төте жазудағы дәйекшіні «ء» бейнелегенін байқауға болады.

  1. Балаларға тартыу.

Балалар, бұл  жол басы даналыққа,

Келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та.

Бұ   жол мен бара жатқан өзіңдей көп,

Соларды көре тұра қалалық па?!

Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,

Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!

А. Байтұрсынұлының бұл алты тармақтан тұратын бір шумақ өлеңі 1912-1925 жылдары көп рет басылған «Оқу құралында» және 1926-1928 басылған «Әліпби. Жаңа құралында» айқара беттен кейін тұрақты беріліп отырған. 1921 жылғы сауатсыз үлкендерге арнап жазған «Оқу құралы» мен 1926 жылғы «Сауат ашқыш» атты сауатсыз үлкендерге арнаған оқулығында бұл өлең берілмеген. Ғалымның оқулықтары екі бағытта, атап айтқанда, балалар мен үлкендерге арналып жазылғанын осыдан көруге болады. Және ғалымның  оқулықты пайдаланушылардың жасы мен ой-санасына қарай оқулықтың алғашқы беттерінен бастап әрбір сөз-сөйлемдерге дейін айырықша назар аудара білгені осыдан байқалады.

  1. Тартыу (тарту емес). Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар «у» мен «й» ды дауыссыз дыбыс деп танып, емлені бірлікке келтіргеннен кейін, басқа дауыссыз дыбыстар сияқты, аталған екі дауыссыз дыбыстың да алдында дауысты дысбыстар келетінін тұрақтандырады. Сондықтан, жуан дауыстылар үшін «-ыу», жіңішке дауыстылар үшін «-іу» нұсқасы бекітілді. Бұған дейін (1924 ж.) «оқұу», «тартұу», «келүу», «білүу» үлгісінде жазылып келген сөздер енді «оқыу», «тартыу», «келіу», «біліу» үлгісінде жазылатын болды.
  2. Бұ – түпнұсқа бойынша берілді. Бүгінгі таңда «о кісі», «бұ кісі» сияқты сілтеу есімдіктерінің «ол, бұл» нұсқалары ғана қолданыста. Ал, ХХ ғасыр басындағы басылымдарда «о, бұ» үлгілері де жиі кездеседі. Белгілі алаштанушы ғалым Жұбай Орынай, Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы қазақ жіктеу есімдіктерінің сыпайы түрінің үшінші жағы «ол» емес, «о кісі» деп атағаны жайлы айтып та, жазып та жүр. Бұл туралы тереңірек білгісі келген ізденушілер А. Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» оқулықтарын парақтап шықса ырғынға батар еді.
  3. Шығарушы – автор «Балаларға тарту» атты өлеңінің соңына осылай деп жазады. Бұған дейінгі «Оқу құралдарында» осы өлеңінің соңына «А.Б» деп есімін қысқаша жазған.
  4. Тираж - 20 000 (жиырма мың) – 1928 жылғы басылым жиырма мың данамен, 1927 жылғы басылым 50 000 (елу мың данамен), ал, 1926 жылғы басылым 8 -17 мың данамен басылғаны көрсетілген. Бұл бір қарағанда кісі таң қалатын көрсеткіш. Дегенмен, Ақымет Байтұрсынұлының өзге оқулықтарының 100 мың, 120 мың таралыммен қолданыста болғанын, тіптен ол оқулықтар бір жылдың ішінде сұраныспен бірнеше рет басылған, арада оншақты жыл бойы ағарту саласындағы бостықты толассыз толтырып тұрғанын ескеру керек. Ақаңның ғана емес, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы бастаған қазақ  интелегенттерінің  сол тұста қазақ білімі мен ғылымының жарық жұлдыздары болғанына олардың кітаптарының айқара беттеріндегі сол сандық көрсеткіштердің өзі-ақ айғақ еді.

Мінеки, қадірлі оқырман, біз бүгін ұлт ұстазының «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығының мұқабасы мен алғашқы екі бетінде кездесетін ресми ақпараттарға талдау жасап, сіздерге ұсынып отырмыз. Келесі жазбамызда А. Байтұрсынұлының аталған оқулыққа өзі қолданысқа енгізген аса құнды терминдерін және көнерген тіркестерді ортаға саламыз. Сондай-ақ, Ақаңның ұлы ағартушы екенін онан әрі дәлелдей түсетін әйгілі әдіскерлік қырымен таныстырамыз. Сөз жоқ, А. Байтұрсынұлы әлемдік деңгейдегі көшбасшы ғалым.

Әділет Ахметұлы

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері