Шығыс халықтарында 12 жылдық циклге құрылған күнтізбе бар екені көпке мәлім. Бұл күнтізбенің қашан, қайда пайда болғанын ешкім дәп басып айта алмайды. Махмұд Қашқари «түркілер 12 түрлі хайуан­ның атын таңдап, 12 жылға ат етіп қойды; балалардың жастары, соғыс мезгілдері және тағы басқа нәрселер әрқашан бұл жылдардың қайталанып келуімен есептеледі» деген дерек қалдырғанын алға тартқан кейбір зерттеу­шілер мүшелдік жыл санау түркілерден басқа ұлттарға тараған деп қарайды. Бірақ бұл дерек те күнтізбенің пайда болу кезеңін анықтауға бірден-бір дәлел бола алмайды.

Өйткені Күлтегінге арналған бітіктаста «Күлтегін қой жылы тоғызыншы айдың он жетісі күні ұшты» деп жазылғанын ескерсек, 12 хайуанның атына негізделген жыл санау VІІІ ғасырда да бар екенін байқаймыз.
Қазақта жыл санау 12 жылдан (бір мүшел) тұратыны, 12 жыл 12 түрлі хайуанның атымен аталатыны белгілі. Мұндай жыл қайыру әдісі жоғарыда айтқанымыздай, шығыс халықтарына ортақ болғанымен, кейбір ұлттарда сол әр жылды иеленген 12 жануардың әрқайсысын 5 түрге (түсіне, еркек-ұрғашысына) бөліп қарастыратын дәстүр де бар. Бұл дәстүр қазір қытайлар мен моңғолдарда сақталса, ал қазақтарда сол 12 хайуанның әрқайсысын 12 түрге бөліп қарастыратын дәстүр де болған секілді. Былайша айтқанда, бір ғасырды 144 жыл бойынша есептеу әдісі бүкіл қазақ даласында қолданылғанымен, жылдарды ақ тышқан жылы, ақ тауық жылы, ақ сиыр жылы, қара тауық жылы деп атау ел арасында әлі күнге дейін бар. Мәселен, Қытайда өмір сүрген қазақ мәдениетін зерттеушілердің бірі Шаяхмет Жәңгірұлы өзінің «Жыл топшылары» атты қолжазбасында (қолжазбаны елге жеткізген ақын Иманқазы Нұрақыметұлы) тауық жылын ақ тауық жылы, қара тауық жылы, сары тауық жылы, қоңыр тауық жылы, көк тауық жылы, шұбар тауық жылы, қызыл тауық жылы, сұр тауық жылы, бабайғақ тауық жылы, күрке тауық жылы, ала тауық жылы, құр тауық жылы деп бөлген.
Сондай-ақ Шаяхмет Жәңгірұлы аталған еңбегінде сары тауық жылының кірісінде аспан кеңістігіндегі жұлдыздар айналым жолын ауыстыратынын, бұл жылы қазақ жылнамашылары шолпан жұлдызының өзгерісіне ерекше көңіл бөлетінін айта келіп, «сары тауық кіретін жылы наурызда шолпан жұлдызы күншығыс­та маңдайдан көрінсе, аса нұрлы болмаса, келер қыс қатты болмайды. Шолпан батыс жақтан табақтай болып сарғайып, көкжиектен көрінсе немесе төбеге шығып кетсе, қыс суық болады. Оны «шолпанның сары жұлдыз болып шақшиғаны» дейді. Шолпан күн батып, ақшам сөнген соң, жайырақ туса әрі ағарып көрінсе, жақсылықтың нышаны. Күн батар-батпастан жарқырап, сарғайып көрінсе, үлкен жұттың, апаттың белгісі екен. Қай жылы да нау­рызда шолпан тым аласадан немесе тым биіктен жарқырап сарғайып көрінсе, ол жылы ауыр болады-мыс» деп түйіндепті.
Бір қызығы, сол «сары жұлдыз болып шақшиған» шолпан биыл да батыстан шағырайып көрініп тұр. Дегенмен, әз нау­рыз туғалы күн ұясына батпай батыстан шығып алатын бұл жұлдыздың аты шолпан емес, «сары жұлдыз» болуы мүмкін. Себебі халық өлеңінде «аспанда үркер алтау, шолпан жалғыз» деген жолдары бекер айтылмаса керек. Оның үстіне, қазақта «сары жұлдыз» деген атау бұрыннан бар, тілімізде де «мынау бір сары жұлдыз екен ғой», «сары жұлдыз маңдайдан туғанда сапарға шықса, жолаушының жолы болмайды», «сары жұлдыз шағырайып ерте туса, сол жылы қыс қатты болады»… деген айтылымдар жиі кездеседі. Осыған қарағанда, сары жұлдыз тек тауық жылы ғана көрінбесе керек, керісінше, әр жылдың сипатына қарай әртүрлі бағыттан көрінетін сыңайлы.
Кейбір тарихи деректерде Алтай, Тарбағатай бетін мекендеген қазақтар 1864 жылды «ақ тышқан жылы» деп атапты. Осы жылы қар қалың түсіп, қатты жұт болған деседі. Енді осы бойынша есептесек, биыл кірген жыл қандай жыл болуы мүмкін деген сұрақ туа­ды. Кейбір ақсақалдар бұл жылды «қара тышқан жылы» деп атаса, «доңыздың кірісі құт, шығысы жұт» дегендей, арқадағы қардың қалыңдығына қарап биыл «сары тышқан жылы» деп атап жүргендер де бар. Бірақ 12 жылды 5 түрге бөліп есептейтін моңғол мен қытай есепшілері биылғы жылды да «ақ тышқан жылы» деп отыр.
12 жылдағы 12 хайуанды 5 түрге бөліп, бір ғасырды 60 жыл бойынша есептеу қытайларда жақсы сақталған. 12 хайуанның аты берілген күнтізбені қытайлар түркілерден қабылдаған. Бұл жөнінде француз ғалымы Эдуард Шаванн «Le Cycle turc des Douze Animaux» атты еңбегінде 12 хайуанның аты берілген күнтізбені түркілерден қытайлар алғанын айтып кетіпті. Әне сол қытайлар биылғы ақ тышқан жылын 3-ші мыңжылдықтың басталған жылы (2-ші мыңжылдық 1960 жылы аяқталған) деп қарап, ақ тышқан жылының бәрі жайсыз жыл бола бермейтінін, алайда бұл жылда ашаршылық, соғыс және қуаңшылық сияқты жаратылыс­тық апаттардың болатынын алға тартып, биылғы жылдың ауыр жыл болатынын болжапты. Моңғолдардың да болжамы осындай. Дегенмен олар 17-ші мыңжылдықтағы 34-ші ақ тышқан жылын, соның ішінде еркек ақ тышқанның темір тышқан жылын (төмөр хулгана) қарсы алып отыр. Ал моңғол есепшілері темір тышқан жылында астық жақсы шыққанымен, жұқпалы аурулар тарауы мүмкін деп болжапты. Қытай есепшілерінің арасында коронавирус індетінің таралуын «ақ тышқан жылында індет көп болады» болжаммен байланыстырып жатқандары да көп. Қазақ қарияларының да «сары жұлдыз­дың шағырайып туғаны-ай» деп аспанға қарап күңкілдеуі де тегін емес секілді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Астана ақшамынан алынды

6алаш ұсынады