«Өмірде ащы шындық деген бар. Біреуге тиетін, көңілін қалдыратын, үркітіп-қорқытатын ондай шындықты айтуға жұрттың бәрі бара бермейді»,- дейді жазушы Төлен Әбдік. Жұрттың бәрі болмаса да басын бәйгеге тігіп, сол шындықты ашық айтып жүргендер көп.
- Мансабы үшін қажет кезде ұлтын сатқан басшылар,
Басшы етігін мұртыменен шөткелеген қосшылар,
Ана тілін мүшкіл халге алып келген қасқалар,
Шовинизм табанына салып берген қасқалар,
Тілге қарсы ағымдарға жарық берген қасқалар,
Біліп жүрсін, оларға ертең тарих соты басталар! – дейді солардың бірі Мұхаң (Мұхтар Шаханов). Өз ана тілін сату - өз ұлтын сату. Қазақ тілін ҰБТ-дан алып тастау да – ұлтқа, ана тілімізге қарсы жасалып жатқан шабуылдар. Осыған қарсы тұруға ұлттық мінезіміз бен жігеріміз жетпей жатыр. Бұл жерде біреудің басын жарып, көзін шығарудың керегі жоқ. Бар болғаны ұлт болып ұйысып, бірауыздан бірлік көрсетіп, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы ана тілімізді қорғауға үн қосуға тиіспіз. Бітті.

***

Лев Толстой деген орыстың шалы айтқандай, «Тіл – ұлттың жан-дүниесі». Біздіңше – иммунитеті. Сол иммунитетті нығайтқанның орнына өлтіріп жатқандарды САТҚЫН демей кім дейміз?.. Менің ойым айтады: жаһандану заманында бір ғана тілдің үстемдігі орнайды. Қазір сол үстемдік үшін Қазақ елінде ағылшын тілі мен қытай тілі (Қарағандыдағы №39 мектеп-гимназияда 1-ші сынып оқушыларына қытай тілі жүре бастапты) соғысып жатыр. Осы апаттан аман қаламыз десек – ол кім болсын мейлі (депутат, министр, әкім, аула сыпырушы, қайыршы және т.б.) өз халқының өткеніне, бүгініне және ертеңіне немқұрайдылықпен, сатқындықпен қарауды дереу тоқтатуы керек!!!

***

«Тілді білгенмен, тәрбие оңбаса ол да қасірет. Қазақ тілін біліп тұрып, қазақты менсінбесе, өзгені пір тұтып, өз ұлтына күліп қараса, тілін сусылдатып тұрып, ұлтын тонаса, ұрпағының несібесіне қол салса, жемқорлық жасаса, патриоттық сезімі қара басынан аспаса, тіпті ұлтқа деген жанашырлығы өлсе, Отанды қорғауға келгенде сужүректік танытса – ондай қазақтің қажеті қанша?»,- дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы.
Расында да қазақ тілін білсе де, биік мінбеден әдейі сөйлемейтін (дұрысы сөйлегісі келмейтін) ақ жағалылар да, депутаттар да бар. Оларды баспасөзде, әлеуметтік желілерде жабыла сынағаннан түк шықпайды. Біріншіден, ұлттық партияның қызметін атқарып отырған (Ерлан Қариннің сөзі) қазақ баспасөзін олар оқымайды. Екіншіден, космополитизм қанатын кеңге жайды. Туған ұлтының рухани құндылықтарын менсінбейтіндер жаһандануға жақ. Бірақ солардың ұстанымын ана тіліне қарай бұруға сәл де болса ықпал ете аламыз ба? Әкесі менсінбеген тілді ертең баласы да менсінбейді ғой. Трагедияның көкесі осы болмақ.

***

«Өз ұлтын сату» дегенді кейбіреулер жеріңнің байлығын тонау, шетелге қашу, соғыста жау жағына шығып кету деп түсінеді. Ол да сатқындық. Алайда, туған тілін сату – рухани қылмыс, кешірілмес күнә! Сатқындықтың зоры! «Қасиын десең – қан шығады, қасымайын десең – жан шығады» деп журналистикадағы ұстазым Талғат Батырхан ағам айтпақшы, бүгінгі күннің қаны сорғалаған ащы шындығының бірі – қазақша сөйлесу ұят саналатын заман туды. Қазақ елінің министрі мен депутатын былай қойғанда, аула сыпырушының да тілі – орысша. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, қайда барсаң екі қазақ орысша шүлдірлесіп тұрады. Тіпті, бұған етіміз өліп, жәй нәрседей қарайтын болдық. Қасіреттің қасіреті осы емес пе?..

***

Ұлты неміс, жаны қазақ Герольд Бельгер былай депті: «Бүгінде қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны өсті. Бірақ көбінің тілі - мүкіс». Онысы рас. Орысша ойлайтындардың қазақшасы қызық... Қосылды деген сөзді қосылынды дейді олар. Мүкістік те – құбылыс. Бір жолы Астанадағы Kcell компаниясының кеңсесіне бас сұқтым. Маған қызмет көрсеткен қазақтың қызы қоштасарда: «Сізге біздің мамандықтарымыз хабарласады» деді. «Мамандар» шығар деп түзесем де: «Жо-жо-жоқ! Мамандықтылар!» деді дауласып. Салғыласып жатпадым. Бұған не дейсің?.. Бельгер ағамның «тілі мүкіс» дегені сол...

***

Қазақ сыныбына баласын оқытуға берген әке-шешелері қазақ мұғалиманың тілін түсінбейді. Сонда әкесі мен шешесі түсінбеген тілді баласы қалай түсінбек?.. Емханадағы дәрігер, дүкендегі сатушы, автобустағы кондуктор қазақша түсінбейді. Бұл – тілдік апаттың бір белгісі. Сөйлемесек – тіл өледі. «Креативный» қазақтар осыны ойламайды. Бірде АҚШ-қа жолым түсті. Тарихи тағдыры қазаққа ұқсас үндіс тайпаларының біріне бардық. Біз көрген тюлалиптердің үлкен қасіреті – жойылуға аз қалған ана тілі. Тайпадағы 3 мыңға жуық адамның 7-уі (оның өзі оқытушылар) ғана ана тілі – лашфуцидті біледі екен. Өліп бара жатқан тіл діни және мерекелік рәсімдердің тіліне айналыпты. Оған себеп, АҚШ үкіметі үндіс балаларын интернат-мектептерге күшпен орналастырып оқытып, өз тілдерінде сөйлегендерін дүре соғып жазалап отырған. Олар ұялғанынан емес, қорыққанынан тілін ұмытқан. Ал біздікі не???

Төлен ТІЛЕУБАЙ, журналист.