Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН

тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы

 

ҚЫЗАЙ   ҚАЗАҒЫНЫҢ   АС   БЕРУІ

Қадірлі оқырмандар, назарларыңызға ұсынылып отырғаа осынау шағын этнографиялық жолжазбаның «Айқап» жорналында жарияланғанына тұп-тура 109 жыл болған екен. «Айқап» жорналының сол жылдардағы ерікті тілшісі Молдағали Бектурлин деген Алаш азаматының көзімен көріп, қолымен ұстағандай болған шағын мақаласының этнографиялық тарихи-тағылымдық, әсіресе  саяси  мән-маңызы орасан зор еді.

       Құлжаның  солтүстік жағында күншілік жерде   «Турасу» деген жерде Жабықбай зәңгі әкесі Бұлғыншы ақалақшының  ұлысной (болысной управительдің)  опат болғанына бір жыл толғанында ас берді. Асқа 14 ұлыс (болыс) ел шақырылып, бөтен, шақырылмаған халықтың да әр қайсысына келу рұқсат екенін бір ай бұрын халыққа мағлұм етті. 25 рамазанда аттарымызды алып, асқа баруға деп жолға шықтық. «Шыққан күні жақсы адамға қонса жолы болады» дегенменен ауылдан 15 шақырым «Өрікті арал» деген жердегі Жайпақ зәңгі деген бір байға қондық Ол күні бір көк   қасқа қойдың етін жеп, ерте тұрып, Күнестің бойымен жүріп отырып, бір елге келіп қондық. Екінші жағымыздан Естемес ұлыстың баласы Ноғайбек (болыстың)  Ноғайбек мырза келіп қонды. Бәріміз үш ауылға қонып ерте тұрып елу шақты адам бірге аттандық Ноғайбек мырза орысша, қазақша екі жағынан да хабары бар, тәуір ғана білімді жігіт екен. Орысшаны алты жыл Құлжада өзіне арнап учитель ұстап оқыпты. Бүтін Қызайда бізден артық кісі жоқ деп жүрген, һәм балаларының «Надандығымнан айрылып қалармын» дегендей оқу десе, ат тонын ала қашатын бір заманда бұл мырзаның орысша, қазақша екі жағына бірдей жетік болуы таңқалдырарлық бір іс еді. Қызайда оқушы һәм оқытушылардың өте аз екені әркімге белгілі ғой. Ал, енді оқу іздеп шетке кетушілер тіпті жоқ еді. Былтырғы жыл оқимын деп шетке кеткен Қызайдың бірінші жігітін Алматыға барған жерінде орыс үкіметі «шпионсың» деп қайта қуып жіберді. Келелік, енді мақсатқа, жоғарыда елу шақты адам бірге аттанғанымызды  айтып едім.

Сол күні жүргеннен жүріп отырып «Ұты» деген асуменен «Қас» деген өзенге келдік. Ол өзеннің бір жағы қазақтікі, екінші жағы қалмақ жері екен. «Осындай кез келгенде көре кетейін, қалмақтың үйі қандай болады екен» деп бір үйіне барып кірдім. Тәңірім сақтасын, туғаннан бері ондай насын (нас) халықты көрген жоқ едім. Ерлер... (1) қап-қара, үстеріне қарасаң адам құсарлық. Кірлерін жумайды екен, оқу оқытудың не екенін білмейді, ламалары (2)  не істе десе соны істеп жүре береді екен (үлкен молдасын лама, онан төменіректерін келең, кешіл деп атайды екен). Сол күні Қас бойында Төлеңгітке қонуға келе жатқанымызда, екінші жағымыздан Тәж төре балаларынан біреуі отыз шаиалы адаммен келіп қосылып, бәріміз бір ауылға қондық. Түнде қой союға келгенде семіз-семіз қара қой, қара ешкілерді алып кеп еді «Ат алып бара жатырмыз, қасқа болмаса жолымыз болмайды» деп сойғызбады. Сонан соң екі қасқа мал алып келіп, батамызды алып сойып берді. Қонағасыға Қызайдай ел жоқ шығар дедім. Қызайда біреу қонағасы бермесе ауылнай, старшинасына апарып штраф салғыза алады. Бір қойын, я астына салып жатқан текеметін алып кетеді.

Онан шығып 80 шамалы адам жүріп отырып Тараншы қышласы деген қышыладан өтіп әр ауылға бөліне бөліне қондық. Бұл ел Күнес еліндей емес екен. Себебі шаһарға жақын жерге жарлы. Елінде налог жинаған қытай жатыр. Бір үйге 40-50, кейбір үйлерге 70-80 қойдан алым салып, бұл салғаның көп дегенге қытайекең дүре соғып жатыр.. Қытайдың шабарманынан қорқып кейбіреулері жылқысын қалың қарағайдың ішіне айдап тығып жатыр. Ертеңгі күн рамазан айы еді. Аттанып келе жатыр едік, бір жерде тау басына жиналған бірталай адамды көрдік. Айт оқуға жиналған адамдар шығар деп,  қаттырақ жүріп жұрт жиналған жерге бардық. Екі-үш кісі кезек-кезек «сапа-сапа» деп айғай салып жатыр екен. Анық айт оқуға жиналған жұрт екені білінген соң біз де  аттарымыздан түсіп сапқа кірдік. Біраздан  кейін бір сағат шамасында кітабын реттеген соң, құтба оқыды. 80 жастағы бір молдаға ұйып айт намазын оқыдық. Намаздан соң құтба оқығалы түбі жоқ бір кітапты қолына алған молдекең түрегеліп еді. Молдекеңнің қолынан кітапты жел бөлек-бөлек қылып ұшырып әкетті. Әр парақты бір қазақ қуа жөнелді. Көп кісі қуалаған соң қойсын ба, бәрі де молдекеңнің алдына ұстап әкеліп берді. Қашқарлық молда бір сағат шамасы кітапты реттеген соң құтба оқыды.  Бірақ не оқығанына түсіне алмадым. Ол сияқты құтбаны я арабстанда, яки Түркияда болмаса, Түркістан, Қазақстанда еш естіген жоқ едім. Сол күні бұрын менде баласы оқыған Күржекей деген молданың үйіне қонуға келдік. Хош көріп қабыл алды. Түнде әңгімелесіп отырғанымызда сөз арасында үй иесі молда: «Жақын арада бір Сейтзада араб келіп үйімізге түсті. Бір мезгілде үйдің уығына қыстырулы баланың кітаптарын алып қарап отырғанда, «ротный мир» деген орысша әліппе кітабын көріп, оның ішіндегі әртүрлі суреттеріне де көзі түсіп: «Мынаны кім оқиды, кім оқытады? Оқыған баланы тап атып өлтіремін, оқытқан молданы тап халифаның алдына шақыртамын, ол молданы ұстаған кісіге дүре соғамын, бұл орыс кітабы, бұл кітап келгеннен бергі ораза, намаздарың қабыл емес, кафаратына (3) беру тиіс» деп қолына алты атарын алып, ашу қылған соң, бала үйде жоқ молда еліне қайтып кетті., молданы ұстаған кісі бұл күнде алыста» деп қорыққанымыздан кәфаратына 20 сом менен бір жақсы ат сұрап еді. Жалынып отырып алты сом ақша, бір дөнежін байтал беріп һәм ағайын туғандарымызды аралатып, елу сом шамасы ақша жинап беріп жолға салдық.

Жарықтық мінезі өте қатаң кісі екен, берегннен де, бермегеннен де ала алатын жайы бар көрінеді. Осы елден күмісті жүген, құйысқан көп алып кетті» деп мені ажалдан құтқарып қалған кісідей болып, сөйлеп отырды. Ішімнен: «Әй, надандық-ай!» дедім де отырдым. Бөтен не деймін. Бұл молданың үйінен аттанып, Шөлжота, Көгершін, Қайшы деген жерлерден өтіп, ас беретін Майтөбе деген жерлерге жақындадық. Бұл жерлер сол маңайдағы елдің жазғы жайлауы екен. Ағаш һам жердің шөбі адам айтқысыз, бұл жерлерді көргенде башқұрттардың Орал таулары есіме түсті. Ішімнен әгар бұл жерлер бір өнерлі жұрттың қолында болса, қандай болар еді? Жердің қадірін білмеген елде бір тиынға да аспай жатқаны-ай деп Россияға қараған қазақтардың жерлерінен айрылғаны есіме түсіп, бұлар да бір күні бұл жерлерден айрылады-ау деп көңілім елжіреп қойды. Біз келгенде ел көшіп, азайған екен. Бәзісі (кейбір) асқа кейбір келетұғын елден қоқып, қой-қозымызға зарары тиер деп, бәзісі өздерінің  көшетұғын мезгілдері болып көшіп жатыр екен. Бұл Тураасудан Шәуешеке  жақсы атпенен екі қонып кіреді дейді.

Тап сәрсенбі күні Майтөбеге жақындап келіп, біздің елдің итибарлы (құрметті) адамдары Исламжан болыс та жатыр екен. Біз де сонда түсіп, ет, шай, қымыз ішіп, бүтін Бегімбет деген ел бірге қосылып, екі жүз шамалы кісі Исламжаннан шығып, екі шақырым жердегі Бұлғыншы ұлыстың асын берген үйге бірден: бауырым-ай, бауырым-ай, қалиям-ай, қалиям-ай, қорғаным-ай, қорғаным-ай деп шапқан бойымызбен келіп түстік. Тап Бұлғыншы үйінің басында бір ақ ту желменен бір ары, бір бері шайқалып тұр еді.

Алдымыздан қарсы алуға шыққан кісілер аттарымызды байлап қалды. Біз есік алдында «Хош келдіңіз» деп қол қусырып тұрған Жабықбай мырзаға амандасып, «атаңыз иманды болсын» деп үйге кірдік. Біз кірген соң 4 қатын шымылдықтың артынан жоқтау бастады. Төртеуі бір әнменен, бұлар жарты сағаттай жоқтау айтқаннан кейін, төрт қыз Бұлғыншы марқұмның әр түрлі жақсылық салтанаттарын айтты. Үй іші лық толған кісі бір сағаттай бұлардың айтқанын тыңдап, ишандардың ханқасында отырғандай әркім басын төмен салып, мүлгіп отырды. Ақырында құран оқылып, дұға қылынды. Сонан соң екі кісілеп көтерген дастархан мен бауырсақ, қант әр түрлі закоскеменен шай берді. Үй зор, 8 қанат. Үш жерге темір керует орнатылып, әр қайсысы жібек кілеммен жабылған. Шай ішіп отырып, шамалап үй ішінде жиырма мың сомдық жасау бар-ау дедім. Бүтін үйдің іші нақыш, безек, жоғарыда түрлі-түсті шымылдық, түрлі-түсті ішік, түрлі-түсті мәіт шапан ілулі тұр. Төрден есікке дейін әртүрлі қымбатты кілемдер төселіпті. Шайдан соң бәрімізді он шақты үйге бөліп кіргізді. Жиылған кісі үш мың шамасында болды. Әр екі үйге бір бие, екі қой сойыс берді. Әр үйге екі түнге жетерлік нан, қант, шай, тұз, күріш берілді. Бұларды пісіруші һам пісіретұғын аспап бәрі де бар. Ертеңінде күрес болатұғын болды. Әркім ұранын шақырып, тауға шықты. Үстерінде дамбалдан басқа киім жоқ. Әр екі топтан жалаңаштар шығып күресе батады.

Күресіп жүргенда бауы үзіліп кетіп бір балуанның дамбалы түсіп қалды. Жалаң бұт қалған балуан «екеуіміз бірдей болайық» деді білем, ана балуанның да дамбалын әдейі жыртып тастады. Сөйтіп екуінде де белбеуден басқа киім қалмады, анадан тума жалаңаш алысып жүрді. Сондай-сондай қызықпенен ол күн батты. Ертеңінде ат шабыс болды. Үш мың кісі екі күн, екі түн тамақ тойдырып тарқасты. Асқа 150 шамасы үй тігіліп, 156 жылқы, 250 қой сойылды. 106 ат шапты. Бас аттың бәйгесі мың теңге мен бір түйе, жеті елге сыйға 21 ат берілді.

Әгар Жабықбай мырза осы расходты Қызай балалары үшін бір мектеп салуға жұмсаса өзі һам атасы үшін қияметке шейін үзілмейтұғын бір сауап болған болар еді.

Молдағали Бектұрлыұлы

«Айқап» №12, 30 июнь,  1913 жыл.

Жолжазба жөнінде бірер сөз

Мен 1975 жылы Шымкент қаласындағы Пед. Институттың  соңғы курсында дипломдық жұмыс қажеттілігінен ректордың арнайы жазған хаты бойынша,  республикалық ұлттық кітапхананың (сол тұстағы Киров  атындағы) сирек қолжазбалар қорында 15 күн отырып жабық қордағы «Айқап», «Қазақ», «Шора»,  «Тәржіман» т.б. газет журналдардағы өзіме керек болар-ау деген өлең-жыр этнографиялық жазбалар, әлем жаңалықтары, түркі елдеріндегі жаңалықтарды, әсіресе Қытайдағы қазақ, ұйғырға қатысты деректерді оқып, көшіріп алып едім. Сол деректердің ішіндегі ең маңызды деген екі матриал мені қатты қызықтырған болатын.

Бірі 1914 жылғы «Айқаптағы» Жәке бидің асына байланысты марқұмның өсиет-аманаты деген жолдар еді. «Керейдің Жәкесі, кедейдің әкесі  атанған

Марқұм «жаңаза-підияға арнап аталған малдың ақшасының бір бөлегін  Түркияның әскери-теңіз флотының есеп шотына  аударылсын» деген өсиетін балалары орындап, әке аманатын жеріне жеткізді деген хабарды оқып таң-тамаша күйге түстім  Құдай-ау, Түркия қайда, Өр Алтай қайда? Тау сағалап көшіп-қонып жүрген Керейдің Жәкесі түріктердің – дүниежүзілік соғысқа кіріскен әскери-теңіз флотының қамын жеп, қол ұшын созғысы келеді.

Оқымаған қазақтың ХХ ғасырдың бас кезіндегі тұтас түркілік, бауырмалдық ұлттық, мемлекеттік санасы ХХІ ғасырдың бүгінгі ай күндеріндегі санасынан жоғары болмаса , төмен емес екеніне риза боласың, әрі бүгінге керек тағылымдық өнеге боларына үміт артасың.

«Айқап» жорналында жарияланған М.Бектурлиннің «Қытай қазағының  Ас беруі» атты шағын жолжазбасын бүгін қайта оқып отырып, тағы да сан түрлі ой-қиялға ерік беріп, бүгінгі замандастарым мен кейінгі жас ұрпаққа тағылым боларлық мынадай аса маңызды ой-тұжырымдарымды ұсынғым келді.

  1. Шағын жолжазба бүгінгі арғы беттегі мен бергі беттегі жас ұрпаққа және этнографтарға бір ғасырдың алдындағы қазақтар өмірінің жәй-жапсары мен бүге-щігесін тәптіштеп жазып қалдырғаны аса бағалы қазына екендігі. Қытайға қарасты қазақтар шоғырлана қоныстанған Іле өзенінің қақ басы болған Күнес өзенін бойлай 200 шақырымдық жол басып атақты Бұлғыншы байдың асына бара жатқан жүздеген адамдық жолаушылармен бірге жүрген  Молдағали небір тамаша естеліктер қалдырады. Басқасын айтпағанда бір шоғыр жақсы жайсаңдарды қонақ еткен бір ауқатты ауыл адамдары, бірнеше семіз қара  қойлар мен ешкілерді көлденең тартып «әумин» дегенде жүргіншілердің бір ақсақалы «біз асқа үкілеп ат, алып бара жатырмыз. Қасқа болмаса жолымыз болмайды» деп сойғызбайды. Сонан кейін екі қасқа мал алып келіп сойып берді»,- деп жазады. Ол ол ма М.Бектурлин «Қызайда біреу қонақасы бермесе, ауылнай, старшиндарына апарып штраф салғыза алады. Бір қойын, я болмаса астына салып жатқан текеметін алып кетеді» деген жолдарды оқығанда, бүгінгі Қытайдағы қазақтардың мүшкіл халі есіме түсіп қан жылағандай болдым.
  2. Қытайдағы сол ерке қазағыңды жайлаған сауатсыздық пен діндік ақуалдың соншалық ауыр екенін де, құран-аяттарын жөндеп айта алмайтын алдамшы ұйғыр, қожа молдалардың күлкілі әрі аянышты іс-әрекеттері зығырданыңды қайнатады екен, тағы бір жағынан сондай алдамшылардың айтқанын орындап далбақтап жүрген қазақ үшін ұялады да екенсің.
  3. М.Бектурлиннің ұлтжанды Алаш азаматы екеніне риза болып, оның отаршыл орыс-қытайлардың ұлан байтақ қазақ жерін пышақ үстінен бөліп алғанымен қоймай, жер иесі қазақты тоздырып, шұрайлы жерлерін тартып алғанын, сол сияқты Іленің соншама көрікті құт мекен екенін көріп келе жатқан М.Бектурлин: «Бұл жерлерді көргенде Башқұрттардың Орал таулары есіме түсті. Ішімнен агар ...Россияға қараған қазақтардың жерлерінен айрылғаны есіме түсіп, бұлар да бір күні бұл жерлерден айрылады-ау деп көңілім елжіреп қойды», - деген жолдарды оқығанда, сонау 1975 жылы, кітапханада отырып егіліп жылағаным есіме түсіп отырғанда, қазақтың нағыз ұлттық трагедиясын айдай әлемге паш еткен мына өлең жолдарымен біздің жалпыетек бейғам қазақтар да таныссын деп ұсынғанды жөн көрдім:

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қытайдағы қазақтардың аянышты жағдайы мен 300 жылдық орыс отаршылдығы зобалаңын әшкерелеп берген  осы бір шағын өлең жолдары болар:

«Арағын беріп айраныңды алды,

Көк шөбін беріп қаймағыңды алды,

Саяхат ашып байытамын деп,

Қанас пен Нарат, Сайрамыңды алды,

Тау мен көліңді, сайларыңды алды.

Қоржасын беріп жайлауыңды алды,

Орман мен тоғай қойнауыңды алды.

Қуырмаш беріп еттеріңді алды,

Шен беремін деп шекпеніңді алды,

Отырықтастырып отырғызды да,

Қырдағы қыстау, көктеуіңді алды.

Дуалын соғып далаңды алды,

Қара нөпір келіп қалаңды алды.

Қос тілде оқытып қарық қыламын деп,

Тіл ұқпас қылып балаңды алды.

Тумай жатып жатырдағы балаңды алды.

Етек жеңің жиналмай жатыр,

Аңқау қазағым енді нең қалды?!! »

  1. Алаш азаматы Молдағалидың құрметпен еске аларлық тағы бір өнегелі сөзі оның «үш мың кісі екі күн, екі түн тамақ тойдырып тарқасты Асқа 150 шамасы үйтігіліп, 156 жылқы, 250 қой сойылды. 100 ат шапты. Бас аттың бәйгесі мың теңге мен бір түйе, жеті елге сыйға 21 ат берілді. Әгар Жабықбай мырза осы расходты қызай балалары үшін бір мектеп салуға жұмсаса өзі һәм атасы үшін қияметке шейін үзілмейтұғын бір сауап болған болар еді», деген арманмен аяқталады.

Дегенмен Молдағали мырзаның ол арманды ойлары аяқсыз қалмағанын ескерер болсақ, Жабықбай Бұлғыншыұлы Іле өңіріндегі қазақтардың ең алғашқыларының бірі болып Құлжа қаласының солтүстігіндегі Жырғалаң деген жерде үш бөлмелі мектеп салдырып бала оқытуға кіріседі.

«Қызай елінің Ас беруі» атты шағын жолжазбаны назарларыңызға ұсынуға түрткі  болған Қытайда тұратын аты белгісіз бір ақынның және Қазақстанға оралған талантты ақын Әділеттің «Ауылға бардым...» атты шерлі жыры түрткі болған еді.

                         Ауылға бардым...

Ауылға бардым тамызда,

Туған жерімді көрдім.

Пыйғылы өзгерген елімді көрдім.

Бұлақ боп қалған өзендер менен

Көлшікке айналған көлімді көрдім.

Еңсесі түскен ерлерді көрдім,

Бетегесі жоқ белдерді көрдім.

Жабағы шашты жалқаулық басқан,

Құрбыларым сендерді көрдім.

Күрең қабақтау көршімді көрдім,

Өсек лаулаған өртіңді көрдім.

Алыстан аңсап барған шағымда,

Көңіл ауыртар  сыйқыңды  көрдім.

Қураған терек, талдарды көрдім.

Иманы орта шалдарды көрдім.

Сайтан көліктер қиранды болған,

Қан қатқан қара жолдарды көрдім.

Құстары сирек орманды көрдім,

Құрсауда қалған мал-жанды көрдім.

Қасапханада үдере қарап,

Байлаулы тұрған жорғамды көрдім.

Қанаты сынық кептерді көрдім,

Тізеге жетпес өткелді көрдім.

Бір ғана емес, мың сырды көрдім,

Қарызға батқан  жұртымды көрдім.

Айдаладағы алаяқтарға,

Жайлауын сатқан ұлтымды көрдім.

Мен сонда рас біртүрлі болдым.

«Қазақтар сонша еріншектер» деп,

«Пейілі дарқан көңілшектер « деп.

Алаштан қалған алтын алқаптар,

Толыпты өзге келімсектерге.

Туысым жалғыз апанын сатқан,

Астындағы атын, шапанын сатқан.

Күзеуліктегі күрең белдерге,

Заводтар кепті зәһарын шашқан.

Зәһары сосын даланы басып,

Байтақ адырлар барады жасып.

Қара  қошқылдап арсалаңдайды,

Аждаһа тектес аранын ашып.

Айбары қайтқан асқарды көрдім,

Тасымал болған  тастарды көрдім.

Сұңқар мен қыран қақалып өлген,

Түтінге толы аспанды көрдім.

Құмаршыл, тойшыл достарды көрдім,

Жалыны сөнген оттарды көрдім.

Ақсақал көрсе беті қызармай,

Сәлем бермейтін жастарды көрдім.

Күрсіндім жылап, түңілдім мен де...

«Қарағай басын шортан шалар» деп,

Асан айтқан сөз шын болып шығар.

«Шортан шалды рас, қарағай басын» ,

Шақшадай болды шарадай басың.

Тақияң басқа тар келмес еді,

Асырды заман арам айласын.

Жаспен жуылған жүзімді сүртіп,

Онсақтап ойым, бұзылды шырқым.

Аштылау айттым, өкпелейсің-ау,

Осылай екен бүгінгі сұрқың!

Әділет Ахмет

***

      Қадірлі,  Алаш азаматтары, осынау бір ғасырдың басы мен аяғында  қазақ халқының басынан кешкен қыйлы тағдыры жөніндегі үш азаматтың  үш түрлі естеліктерін назарларыңызға ұсынудағы мақсатымыз, айналып келгенде Міржақып Дулатовтың  «Оян қазақ» ұранын тағы бір рет еске алып, ойланып, толғануларыңызға түрткі болар деген үкілі үміт еді.

***

Автор жөнінде айтарымыз:

Молдағали Бектұрлыұлы кіші жүз, Алшын ата ұрпағы. Түркияда оқып, Еуропаны аралап қайтқан жігіт еді.  1909 жылы  қызайдың атақты адамдарының бірі Сатыпалдымен танысып өзінен бес-алты жас кішілігіне қарамай білімін құрметтеп, Күнес ауданына мұғалім болуға шақырады. Кейіннен өз қарындасын қосып отау тігіп береді. Молдағали 1932 жылға дейін Сатыпалды ауылында тұрып ағартушылықпен айналысады. «Айқап», «Қазақ» басылымдарына Қызай елі хабарларын жазып тұрған тілшісі болды, арада 1926 жылы туған жері Оралға барады 1927 жылғы Орал губерниясының өлкелік газеті «Қызыл тудың» кей сандарында халықаралық тілші ретінде  Қытайдан жіберген хабарлары кездеседі. 1932 жылы Жайық бойында туылған Алаш азаматына, Іле бойынан топырақ  бұйырады.

Молдағали бұл жылдары жәдиттік оқумен қатар Алаш идеясының да таралуына бастмашы болады. Ол былай деп жазады: «Бұл күнде Қызайда үш мұғалім бар. Екеуі ноғай, біреуі Молдағали деген қазақ» деп жазылған.

Молдағали Бектұрлин Іле аймағында болған 22-23 жылда сексеннен аса дарынды балалар білім алып, Іледегі төрт қызай еліне және бүкіл Шығыс Түркістанға танымал көптеген зиялылардың ұстазы ретінде  құрметтелген.

Мақала "Туған тіл" журналы, 2022 жылғы №3 санында жарияланған