Жақында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көптеген беделді халық­аралық байқаулардың жеңімпазы, «Астана Опера» театрының солист «сопраносы», танымал әншісі ­Майра ­Мұхамедқызы онлайн концерт беріп, карантинде отырған халықтың көңілін көтеріп, жұртты індеттен сақтану үшін үйде болуға шақырды. Сол кеште біршама ұлттың тілінде ән шыр­қаған әншімен біз де онлайн сұхбатта болған едік.

Ән әлемінің жарық жұлдызы

Сахнаның саңлағы, ән әлемінің жарық жұлдызы Майра Мұхамедқызын бұл күнде Қазақстан халқы ғана емес, төрткүл дүниенің әнсүйер қауымы түгел таниды. 2005 жылы әлем опера жұлдызы Пласидо Домингоның шақыруымен АҚШ опера сахнасына көтерілген оны «The Washington Post» газетінің «тамаша дауыстың иесі Майра Керей бірегей дарынымен, табиғи қуатты, ашық, таза, жағымды да әдемі дауысымен көрермендер жүрегін жаулап алды. Майра Керей Вашингтон операсына үлкен рөлдермен қайта оралатынына кәміл сенеміз» деп ықылас­ты лебіз білдіргені опера өнерін өзгеше бағалайтын еуропалықтар мен батыс­тықтар Майраны әлемдік классикалық операның үздік орындаушысы ретінде ауызға алатынын айғақтаса керек.
Опера секілді классикалық өнердің шыңына шығу әнші атаулының бәрінің қолынан келе бермейді. Майра Мұхамедқызының (Еуропа сахнасында Майра Керей) шығармашылық өміріндегі айтулы кезеңі Париждегі Гранд-опера театрымен келісімшарт жасауынан басталады. Себебі қазірге дейін қазақтың опера әншілерінің ешқайсысы мұндай дәрежеге қол жеткізе алған жоқ. Әлем опера сахнасында Пуччинидің «Богемасындағы» Мюзетта рөлін сомдап, опера жұлдыз­дары – тенор Роберто Аланья, Марсело Альвареспен бірге ән салып, әлемдік классикалық операның үздік үлгілеріне қатынасқан ол Вашингтон ұлттық опера театрында П.Чайковскийдің «Орлеан бикешінен» Агнесса Сорель партиясын орындады, аты аңызға айналған әлем опера жұлдызы Мирелла Френимен бір сахнада өнер көрсетті. Соңғы опера маусымында Бриттеннің «Жазғы түндегі түс» операсындағы Титания рөлі сияқты біраз образдарды сомдаған Майраның өнердегі өзгеше болмысын батыс БАҚ-тары: «Қазақтың әнші қызы Майра сомдаған образдар ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын өзіндік ажар-айшығымен ерекшеленеді. Ке­йіпкерлерінің бойына табиғи сұлулық пен ішкі жан-дүниесі мен сыртқы келбетінің астасып, адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, көрермендер жү­регін әншілік шы­на­йылығымен, орындаушылық ше­бер­лігімен бау­рап алады» деп бағалаған болатын.
1988 жылы Қытайдың «Алтын айдаһар» байқауының бас жүлдесін; 1997 жылы Португалияда өткен «Томаз Алкайде» байқауының бас жүлдесін; 1998 жылы Мәскеудегі П.Чайковский атындағы байқауда 3-орын сыйлығын; Елена Образцова байқауының арнайы сыйлығын; 2004 жылғы «Қазақстан жыл таңдауы-2004» байқауының «Алтын адам» сыйлығын алған Майра Мұхамедқызының өнердегі бағының биік, өрісінің кең болуына «алып анадан» дегендей, анасы Камал Қуанышқызының ықпалы айрықша болған. Бұл жөнінде әншінің анасы маған берген бір сұхбатында былай деген еді: «Майра туғанда күйеуім Мұхамед «сенің өнеріңнің жалғасы дүниеге келді» деп еді. Марқұмның Алла аузына салды ма, Майра кішкента­йынан әнге әуестігін байқатты. Мен әнге машықтансам, ол да айқайлап ән айтып, тынышымды кетіретін. ­Сыртқа қуып шықсам, сыртта тұрып ән салғанда, кейде үйдегі менің дауысымды басып түсетін. Майраға жүкті кезімде түсімде бір бала келіп ақ жаулықты ұстатып, ұшаққа мініп көк аспанға самғап кете барғанын көрген едім. «Түс – түлкінің боғы» дейді ғой, Майраны туарда көрген сол түсім Майраның бүгінгі болмысын аңғартқан секілді».

Еуропаның бас жүлдесінен Мәскеудің «қоласы» құнды болды

– Әңгімемізді әлемдік деңгейдегі әншінің балалық дәуірі мен өнер жолының бастапқы мезгілінен бастасақ…
– Мен Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Құлжа қаласында өнерлі отбасында дүниеге келдім. Анам Камал Қуанышқызы Ішікба­ева – «Қытайдың әнші қызы» атанған мемлекеттік 1-дәрежелі әртіс. Әкем Мұхамед Әбдіқадырұлы – қазақ халық әндерін жинақтаған музыка зерттеушісі. Маған осы қос қормалымның қасиеті дарыды. Соларға еліктеп ән сала жүріп, өнер жолына түстім. Құлжа қаласында орта мектепті аяқтағаннан кейін Құлжа көркемөнер мектебінен екі жарым жыл пианино үйрендім. Мектеп бітіретін жылы Бейжіңнен музыка мамандары келіп оқушы қабылдағанда, Шыңжаңнан қатысқан 4000-нан астам үміткердің арасынан таңдап алған 5 адамның бірі мен едім. Сосын 1984 жылы Бейжіңдегі Ұлттар университетінің музыка және би факультетінің ән кәсібіне оқуға түсіп, Жу Биншиң деген профессордан сабақ алдым. 1987 жылы Қытай мемлекеттік ән жарысына қатысып, күміс медаль иегері атандым. 1988 жылы университетті үздік нәтижемен тәмамдағаным үшін университетке мұғалімдікке алып қалды. Сонымен 1988 жылдан 1994 жылға дейін 6 жыл мұғалім болдым. Бірақ бұл кәсіпке оншалық құштар болғам жоқ. Сахнада ән салсам деген ынтам басым болды да, ел көлемінде өткізілген байқауларға қатысып, 1988 жылы Қытайдың Хунань өлкесінде тұңғыш рет өткізілген 3000 әнші қатысқан «Алтын айдаһар» ән байқауының бас жүлдесін жеңіп алдым. Осыдан ке­йін халықаралық сахналарға шықсам деп талпындым. Алайда ол кезде Қытайда өз бетіңмен кете беруге мүмкіндік жоқ еді. Сәтіне басқанда, бір реткі халық­аралық байқау таңдауынан өткен 5 адамның бірі болдым да, Мәскеуде 4 жылда бір өткізілетін Чайковский атындағы конкурсқа Қытай атынан қатыстым. Өнер саласының небір саңлақтары келген бұл байқаудан жүлде ала алмай, үздік орындаушы атағын місе тұтуыма тура келеді. Сол жылы Мәскеуден оқуға шақырту келді. Бірақ бұған жұмыс орным мақұлдық бермеді. Себебі мені оқытқан еңбегін өтеуім керек қой, Бейжіңде 6 жыл қызмет істеп, 1994 жылы Қазақстанға келдім. Сол жылы Алматыда жеке концертім өтті. Келесі жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, Нәдия Әбдірахменқызы Шәріпованың класынан ән кәсібі мамандығы бо­йынша аспирантура оқыдым.
– Қазақ еліне келіп ал­ғаш концерт бергенде, тыңдармандарыңыз қалай қабылдады? Өнеріңізді бағалай алды ма?
– Қарға тамырлы қазақ­пыз деп алып-ұшып келгенімізбен сана мен тұрмыс-салтымыздағы парық, өскен ортадағы айырмашылық – бәрі-бәрі менің өнер жолыма өз ықпалын тигізбей өткен жоқ. Оның үстіне, ол кез – Қазақстанда орысшаның десі қайтпаған кез. Бір ауыз орысша білмеймін, қазақтарға қазақша сөйлесем «қашаннан бері қазақ болып қалып ең?» деген қаңқу сөзді де айт­қандары болды. Сонымен қазақшаны сөйлей жүріп орысшаны да үйрендік. 1997 жылы Португалияда өткізілген «Томаз Алкайде» байқауында дүние жүзінен келген 123 әріптесімнен озып шығып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бірақ бұл бәйгемнің бағасына жетіп, ешкім бағалаған жоқ. Себебі ол кезде Мәскеуде өткізілген байқаудың жүлдесін жеңіп алсаң ғана керемет сияқты.
1998 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болдым. Сол кездесуде Елбасының «Ән әлемінің олимпиадасы» атанған, 4 жылда бір өтетін Чайковский атындағы конкурсқа қатысып көрмейсің бе деген бір ауыз сөзі маған үлкен демеу болды. Оған дейін бұл байқаудың бас жүлдесін қазақтың бір әншісі алып көрмепті. Байқаудан 3-орын алдым. Бірақ байқаудың әділетсіз жерлері де болды. Себебі байқауға ұзақ жыл демеу­шілік жасап келе жатқан Yamaha серіктестігі сол жолғы байқаудан өз өнерпаздары бас жүлде алмайтын болса, демеушіліктен бас тартамыз деген талапты қойыпты да, бас жүлде сол серіктестіктің әншісіне, 2-орын орыстың өз әншісіне бұйырды. «Асылы, бас бәйге қазақ қызы Майранікі еді» деп әділдігін айтқан БАҚ қана болды. Әне солай, Португалиядан 1-орынды алып келгенде елемеген менің отандастарым мен Мәскеуден 3-орынмен оралғанда, мені жаңа көргендей жапырылды. «Сахна сіздікі», «Сіз Қазақстанның әншісісіз» деп төбелеріне көтеріп әкетті. Міне, бұл менің өнер жолымдағы ең үлкен бұрылыс­тың бастауы болды.

Алғашқы ән альбомы шетелде шыққан

– Францияның Опера Гарнье театрына қалай бардыңыз?
– Қазақстанның мәде­ниет күні, Қазақстан жылы сияқты шаралары қарсаңында өнер сапарымен Еуропа елдеріне көп бардық. Сол сапарларымызда Еуропадағы тыңдармандарымыздың маған ықыласы көбірек ауды. Осы сұранысқа сай Францияның Devil серіктігі демеушілік жасап, менің италиян тілінде опера үзінділерін орындаған алғашқы ән альбомымды шығарып берді. Былайша айтқанда, Қазақстанда бір үнтаспам жарық көрмеген кезде менің тұңғыш CD дискімді француздар шығарып, Парижде тұсаукесерін жасадық. Дәл осы кезде Францияның ең үлкен каналы сұхбат алып, орындаған операларымнан ария берді. Мүмкін осы сұхбаттың ықпалы болған шығар, 2 жылдан кейін Гранд-опера театрының жетекшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хат жазып, мені жылдық саралауына шақырыпты. Қырсыққанда, Алматыны боз тұман бүркеп алды да, ұшақ 4 күн кешігіп ұшып, дәл саралау өтіп жатқан күні Парижге жеттім. Бұл неше жылда бір өтетін байқау болғандықтан, дүние жүзінің барлық жерінен келген талантты әншілердің бәрі қатысатын. Киім ауыстыруға да үлгермей, сахнаға шығып, сүйемелдеушілердің қолына нотамды ұстаттым. Шүкір, бағалаушылар оң бағасын беріп, 3 жылдық келісім жасастым. Қуанышымда шек болған жоқ. Елге оралған соң тағы да Елбасының қабылдауында болдым. Еліміздің ақпарат құралдары «Қазақ қызы әлемдік сахнаға көтерілді» деп алақай айтып, хабарлап жатты. Сонымен 2003 жылдан 2006 жылға дейін Париж сахнасында опера орындадым.
– Әлем сахнасына көтерілген кезіңізде бірге ән салған әріптестеріңіз кім болды?
– Мейлі Франциядағы, әлде АҚШ-тағы кезімде болсын, әлемдік классикалық операның ең үздік шолпандарымен бірге ән салдым. Айталық, француздың ең атақты опера жұлдыздары, тенор дауысты әншілері Роберто Аланья, Марсело Альвареспен бірге Франция сахнасында өнер көрсетсем, дүниенің 3 үлкен жоғары дауысты әншісінің бірі Пласидо Домингоның шақыруымен Италияның Милан қаласына бардым. Ол кісі әуенімді тыңдап көріп, 2005 жылы Вашингтонда өткізілген опера маусымына шақырды. Сол кездегі үлкен белесім заманы­мыз­дың ең атақты данышпан әншісі, италиялық Мирелла Френимен бір сахнада опера орындадым. Опера орындау­дағы аты аңызға айналған айтулы тұлғалар Лучано Паваротти, Хосе Каррерас, Пласидо Домингомен бірге өнер сахнасына шықтым. Өте ғажап кез еді ол. Дүниедегі ең атақты әншілер, әйгілі дирижёрлермен бірге әлем сахнасында тұрған сол кезімді өмірімнің ең сәулелі тұсына балаймын.

«Керридің қарындасы»

– Еуропа сахнасында қалайша «Майра Керей» деген есімді қолданып жүрсіз?
– Бұл да үлкен хикая. Мен Париж сахнасына Майра Мұхамедқызы деген атпен көтерілген кезде АҚШ-тағы дүниежүзілік сауда ғимаратының шаңырағын террористер ортасына түсірген мезгіл болатын. Ал оны құлатуға қатысқандардың көбінің есімінің Мұхамед деген атпен қатысты болғандығы себепті батыстықтар менің әкемнің атына да алакөзбен қарады. Сосын әріптестерім «мұсылмандардың Еуропада жағдайы қиын, сахнада ән салам дейді екенсің, фамилияңыз­ды өзгертуіңіз керек. Ең абзалы, қысқа да нұсқа есім қолданыңыз» деген талапты қойған соң, тізгін ұшымен Қазақстанға жетіп, Сыртқы істер министрлігіне жағдайды аңыс етіп едім, кеңесе келіп «Майра Керей» деп ат қойып берді. Ең қызығы, 2005 жылы АҚШ-қа барсам, Джон Керри президент сайлауына түсіп жатыпты. Қазақтың керей деген руын ағылшындар қайдан біледі, Керри мен керейді бір деп жобалап, «Джон Керридің қарындасысыз ба?» деп сұрағандар да болды.
– Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азиада ойындары мен елімізде өткен VII қысқы Азиада ойындарының жабылу салтанатына қатысып ән салғаныңызды білеміз, бұл жайында да айта кетсеңіз…
– Мен үшін бұл да бір үлкен ғанибет болды. XVI Азия ойындарында орындалатын әндердің таңдауына Орталық Азиядан 21 ән жіберілді әрі бұл әндерді кімдердің орындайтыны құпия болды. Мүмкін бағым жеңген шығар, сарапшылар мен орындаған «Жанай керім» әнін ұнатыпты. Сонымен Қазақстан Үкіметі мені жіберді. Алайда олар маған «Дударай»-ды айтасыз деп ұқтырған болатын. Бір қызығы, қытайлар жаңағы «Жанай керім»-ді мен орындады деп ойламаса керек, келген соң шақырып алып «сіз мына әнді орындайсыз, тамаша орындалған ән, бірер естісеңіз үйреніп аласыз» демесі бар ма?! Мен аңтарылдым да қалдым. «Маған Қазақстанда «Дударай»-ды орындайсың деген еді ғой» десем, «жоқ, ондай ән жоқ. Біз бұл әнге сүйемел би жасатқалы 3 ай болды, сіз міндетті түрде осы әнді айтасыз» деп тұрып алған соң, таңдап алған әндерін тыңдап көрсем, мен орындаған ән. Шынын айтайын, басында қытайлар да сенбеді. Қайта орындағанда барып әзер иланды. Ал VII қысқы Азиа­да ойындарының ашылу салтанатында мен шетелде болдым да, жабылу салтанатына қатысуға келісім беріп, Алмас Серкебаевтың менің дауысыма арнайы лайықтап жазған «Азияның дауысы» деген мәтіні жоқ вокализ орындадым.

Аиданы 20 жыл күттік

– Отбасыңыз туралы айтуыңызға бола ма?
– Мен бақытты жанмын. Күйеуім Ақсан Асқатұлы Қытайдың Шәуешек қаласында туып өскен. Кезінде Қытайдағы спорт командасы сапында дала мотоциклінен өнер көрсетуден 10 дүркін чемпион болған. Ал қызым Аиданы көп жыл күтіп жүріп, 43 жасымда көрдім. Жүктілігіме 4 ай болғанда әлемдік екі үлкен опера шаңырағынан ұсыныс алдым. Түнімен ­ұйықтай алмадым. Таңертең оянсам, денем жайсыз­данып тұр екен. Ол маған үлкен сынақ болды. Сол кезде шешім қабылдадым. Операсы да құрысын, басқасы да құрысын! Керегі бала деп ауруханаға жүгірдім. Анамның «сенің операң – болашағың, бақытың – балаң» деген сөзі әлі есімде. Анамның тілін алғаныма қуанамын. Қызым өмірге келіп, ана бақытын сезінген сәтім ұмытыл­майды.
– Нұр-Сұлтанға қашан көшіп келдіңіз?
– Мені 2015 жылы «Астана Опера» театрына Елбасының өзі шақыр­ды. Содан бері осы өнер ұжымында қызмет істеп келемін. Дүниенің көп жерін араладым. Әлемнің сахналарында қазақтың киімін киіп, қазақ әндерін орындадым. Мұны өзім үлкен мақтаныш санаймын. Францияда еңбек еткен кезімде олардың тек француз тілінде сөйлейтінін, өз ана тілін ерекше құрметтейтінін көріп қатты қызықтым. Қазақтың тілі де, өнері де ешкімнен кем емес, мәселе соны бағалауда тұр. Бұлттан биік болсаң да, ұлтыңнан аласасың, өз ұлтыңа құрмет ана тілін құрметтеуден басталады. Меніңше, әрбір отандасымыз француздардың жаңағы қасиетін үйренуі керек деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Асатана ақшамынан алынды

6 алаш ұсынады