Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына дайындық жұмыстары былтырдан басталғаны белгілі. Соның аясында арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, отандық ғалымдар ұлы ғұламаның әлем мұрағаттарында сақталған жазба мұраларына зерттеу жүргізуде. Осы орайда данышпанның қазақстандықтар үшін аса танымал емес «Ұлы дұға» атты трактаты жайлы ақпаратпен бөлісуді жөн көрдім.

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ұлы дұға» («Дуа азим») тракта­тының мәтіні біздің зама­нымыз­ға ортағасырлық араб жылнамашысы Ибн әби Усайбианың (1203-1270) атақты «Уйуну-л әнбә фи табақати-л атиба» («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қай­­нар көзі») еңбегі ар­қылы сақталып жеткен. Одан кейін тағы бір араб тарих­шысы Әс-Сафади (696-764 хижра) ойшылдың бұл шығармасын Усайбианың жоғарыдағы еңбегінен көшіріп, өзінің «Әл-уәфи би-л уәфәйәт» («Мұсылман ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері туралы энциклопедия») атты туындысына енгізген.
Ғалымның «Ұлы дұға» шығармасының бір ғана қолжазбасы 1961 жылы Стамбұл қаласындағы Сүлеймения кітапхана­сының қолжазбалар қорынан табылған. Қолжазба Шәһид Әли Паша атты көшірушінің атымен сақталған. Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл құнды жазба мұрасын алғаш рет тауып, ғылыми айналымға енгізген белгілі араб ғалымы, фарабитанушы Мұхсин Махди (1924-2007) болатын.
Трактаттың Шәһид Әли Паша қолжазба нұсқасы – бізге дейін жеткен жалғыз нұсқа. Қолжазбада трактаттың нақты көшірілу мерзімі көрсетілмеген. Ғалым Мұхсин Махди қолжазба көлемінің 19×2/1 11 (2/1 13×6) екенін, мәтіннің ірі-ірі, анық жазумен көшірілгендігін, жинақтың 84 беттен тұратынын, мұнда Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ұлы дұға» трактатынан өзге екі автордың бірнеше еңбегі қамтылғанын айтады.
Ғалым М.Махди қолжазбаның Шәһид Әли Паша нұсқасын «Уйуну-л әнбә…» және «Әл-уәфи…» еңбектеріндегі нұсқаларымен салыстырып, текстология­лық зерттеу жүргізгеннен кейін 1968 жылы Бейрут қаласында «Китәбу-л миллә уә нусус ухра» атты кітапта трактат мәтінін тұңғыш рет жариялайды. Еңбек 1991 жылы екінші рет басылып шықты.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ұлы дұғасы» («Дуа азим») «Китәбу-л миллә уә нусус ухра» (Бейрут, Дарул-машриқ, 1991 жыл) кітабынан алынып, қазақ тіліне аударылып беріліп отыр.

..әл-Фараби барлық жағдайда гармониялы адам болды. Ол ғылым мен өнердің гармониясын, адам мен қоғамның гармониясын таныды. Бұдан басқа ол ғалами гармонияны таныды. Адам гармониясының негізгі мәні – оның көпжақты тұтастығы, мәдениет гармониясының тұтастығы екендігін
көрсетті.

Ақжан әл-Машани, фарабитанушы ғалым

«ҰЛЫ ДҰҒА»

Аса қамқор, ерекше мейі­рімді Алланың атымен бастаймын!
Ей, Қажетті болмыс, Ей, себептердің Себебі, Ей, басы да, соңы да болмаған Мәңгі Аллам! Мені қателіктерден сақтауыңды, Өзің разы болған амалдардан мені үмітті етуіңді Сенен сұраймын.
Аллам! Маған барлық мақтаулы қасиеттерді бере гөр, істерімді оң нәтижелермен ризықтандыр, мақ­саттарым мен талаптарымды сәтті ете гөр, Ей, шығыстар пен батыстардың Иесі!
Ғарышта өзендерше ағылатын жеті ғаламшардың Раббысы!
Ол ғаламшарлар игілігімен бүкіл жауһарды қоршап тұрған Алланың қалауымен өз істерін атқаруда.
Хайырды Сенен тілеймін!
Сатурнге, Юпитердің өзіне, Меркурийге күмәнім бар.
Аллам! Мені әсем киіндіре гөр, пайғамбарлардың кереметін, байлардың бақытын, хакімдердің ілімін, тақуалардың тақуалығын бере гөр!
Аллам! Мені бақытсыз­дық пен жоқ болу әлемінен сақтағайсың! Мені таза ағайындылардан, адалдық иелерінен, шыншылдар мен шәһид болғандармен бірге көктің тұрғындарынан ете гөр! Сенен басқа Тәңір жоқ, Алла! Заттардың Себебі, жер мен көктің Нұры! Маған әрекетшіл ақылдан бір ағылу (эманация) сыйла!
Ей, аса Ұлы әрі Мейірі­ді! Нәпсімді хикметтің нұрымен түзете гөр! Нығ­меттен маған бергеніңе {шүкірге} мені иландыр­ғайсың. Хақты хақ ретінде көрсет әрі оның ізімен жүруге шабыт сыйла! Жалғанды жалған ретінде көрсет, оған бойсұну мен құлақ салудан мені аулақтай гөр! Нәпсімді алғашқы материяның лас­тығынан арылт! Шүбәсіз, Сен Алғашқы Себепсің!
Ей, Сенің атқылаған ағыл­уыңнан болған барлық заттардың Себебі!
Ортасында жерлер мен теңіздер орналасқан жеті қат көктің Раббысы!
Мен көмек сұраушы күнәһәр ретінде Саған жалбарынамын!
Күнәһар әрі бойкүйездің қателігін кешіре гөр!
Өзіңдегі ағылу арқылы, Күллінің Раббысы,
Денемді табиғат әлемі ластығынан тазарта гөр!
Аспан жаратылыстары мен ғарыштық денелердің және аспан рухтарының Раббысы Аллам! Құлыңның бойын пенделік құмарлық пен нәпсіқұмарлық және азғын дүниеге деген сүйіспеншілік басып кетті. Өзіңнің пәк сипатыңды адасуға қарсы қорғаным ет, тақуалығыңды нысапсыздыққа қарсы қалқаным ет. Шүбәсіз, Сен әр нәрсені [іліміңмен] Қамтушысың!
Аллам! Мені төрт табиғи сипаттың тұтқыны болудан құтқар, Өзіңнің аса кең жағыңа, аса жоғары қасыңа (жаныңа) ал!
Аллам! Кифаяны менің және топырақтан жарал­ған денелер мен бұл әлем­нің әурешілігі арамыздағы айыпты байланыстарды үзуге бір себепші қыл, нәп­сімнің иләһи әлемдермен, аспан рухтарымен бірлікте болуына хикметті себепші ет!
Аллам! Қасиетті рухпен жаныма тыныштық бере гөр, нағыз хикмет арқылы ақылым мен түйсігіме әсер ет, періштелерді табиғат әлемінің орнына серігім қыл!
Аллам! Маған тура жолды шабыт ет, иманымды тақуалықпен бекіт, нәпсіме дүниеқорлықты жиіркенішті көрсет!
Аллам! Жаратылысымды жалған дүние құмарлықтарына [бойсұнуға] қарсы күшті ет, жанымды мәңгілік жандар мекеніне жеткізе гөр, оны жоғары жаннаттарда болатын асқақ та, қасиетті жау­һарлар жиынтығынан еткейсің!
Хәл және сөз тілінде сөйлейтін болмыстардың алдында тұрушы Алла, Саған мадақ! Шүбәсіз, Сен ол болмыстардан хикметке лайықты әрбір нәрсені берушісің және ол болмыстарға жоқтықпен салыстырғанда бар болуды нығмет әрі рақым етушісің! Ол болмыстардың ішінде Сенің мейіріміңе лайық­ты субстанциялар да, акциденциялар да, Сенің нығмет игіліктеріңе шүкірлік етеді, «Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ, сендер олардың тәспихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар» (Ісра сүресі, 44).
Аллам! Саған мадақ! Сен Ұлысың! Шүбәсіз, «Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім де тең емес» (Ықлас сүресі, 3-4) Бір Жалғыз Өзгермейтін Алла Сенсің!
Аллам! Шүбәсіз, менің нәпсімді төрт элементтің қапасында ұстадың [және] оны құштарлық­тың жырт­қыш аңдарына талаттың.
Аллам! Нәпсіме бейкү­нәлік бере гөр! Өзіңе лайықты рақымдылықпен, Өзіңе ғана тән асқан тектілікпен оған аяушылық еткейсің, нәпсіме оны аспан әлеміне қайтаратын тәубе нәсіп ет, оны қасиетті мекеніне қайтуға асықтыр, нәпсімнің қараңғылығына әрекетшіл санадан бір күн тудыр, одан надандық пен адасу түнектерін алыс­тата гөр, нәпсімнің қуатын әрекетімен көрсет, нәпсімді надандықтың
түнегінен хикметтің нұрына, ақылдың сәулесіне шығар! «Алла Тағала иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады» (Бақара сүресі, 257).
Аллам! Нәпсім ұйық­та­ғанда оған ғайыптардың салих бейнелерін көрсет, оның шым-шытырық түс­терін жақсылық пен шынайы ізгі хабарлармен алмастыр, нәпсіме әсер ететін сезімдер мен елес­тердің кірлерінен тазалай гөр! Нәпсімнен табиғат әлемінің ластығын алыс­тат, оны мәңгілік жандар әлеміндегі биік мәртебеге көтере гөр! Мені дұрыс жолға бастаған, молшылық берген әрі пана болған
Аллам!
Уә Алхамдулиллаһи уахдаһу уә салла Аллаһу ала мән лә набиин бағдаһу уә сәлләмә тәслиман! (Мадақ тек қана Аллаға тән, Алланың алғысы мен сәлемі өзінен кейін пайғамбар келмейтінге болсын!).

Араб тілінен аударған
Айдынгүл ХАВАН,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті шығыстану
факультетінің докторанты

Астана ақшамынан алынды

6 alash