Даниэль Канеман еврей ұлтынан шыққан. Ол Израильде әскерлік борышын өтеген. Сондықтан әскери орындар да оны лекция сөйлеуге жиі ұсыныс етеді.

Бір жолы ол “қайткенде жақсы ұшқыш баулуға болады?” деген тақырыпта сөйлеген кезде: “Бір адамды дұрыс тәрбиелеудің жолы-  деркезінде бір дұрыс ісін бағалап, мақтап, шабыттандырып отыру” деп айтады әрі сол туралы жаратылыс әлемінен де, қоғамдық өмірден де талай мысал келтіреді. Сол шақта бір әскери шенді мырс етіп: “Бұл сандырақ! Мен кейбір ұшқыштарды мақтағаннан кейін нәтижесі төмендеп кетеді, ал кейбірін ұрысып жазалағаннан кейін нәтижесі жоғарлайды, бұны өзім сынақ етіп көргенмін, мақтай беру адамды өсірмейді! Сен де бір айта беретін алдамшы екенсің!” деп қарсы пікір білдіреді.

Бұл шақта басқа адам болса ренжіп немесе сасқалақтап қалуы мүмкін. Бірақ Даниэль Канеман сабырлы қалпынан жазбастан: “Мен сіз айтқан жағдайды нақтылы басыңыздан өткергеніңізге сенемін, ешқандай өтірік қосқан жоқсыз, бірақ оңбай қателескенсіз. Бұл ешқандай да тәрбие тәсілі емес, қайта жазғырып кінәлаудың жолы. Психологияда Қалпына қайту деген заңдылық болады. Бір адамның нәтижесі керемет болған кезде оны мақтайсыз, бірақ ол сол шақта өзінің қалыпты деңгейінен жоғары нәтиже көрсетті деген сөз. Бірақ ол сол биікте қалып қоймайды өзінің орташа деңгейіне қайтады. Бір адам төмен нәтиже көрсеткенде оған ұрсасыз, бірақ ол да бәрібір өзінің орташа деңгейіне оралады. Адамның нәтижесі де толқын сияқты ол бірде сәл өрлеп, бірде сәл құлдап тұрады. Толқын атаулы өзінің орташа деңгейіне оралмай қоймайды. Сіз мақтамасаңыз да, ұрспасаңыз да ол әуелгі арнасын табар еді, ал сіз орташа қалпына қайту заңдылығы мен себеп-салдарлық заңдылықты шатастырып тұрсыз” деп түсіндіреді.

Әскери шенді бұл сөзге илана қоймаған соң Даниэль екі әскерді шақырып нысанаға теңге лақтыртады. Естелікке алғанда теңгенің дәл түсу нәтижесі табиғи толқын қалыптастырған еді. Бұны көріп әскери шенді де амалсыз мойынсал болады.

Тәрбиеленушіні әр дұрыс ісі үшін мақтап отыру неге керек? Үйткені  тұрақтандыру мен шабыттандыру деркезінде болғанда адамның өз-өзіне деген сенімі артып отырады. Сенімділік артпаған жерде қызығушылық болмайды. Ал қызығушылықсыз өнер-білім қонбайды.

Бұл заңдылықты әрбір ата-ана білуі керек еді. Үйткені “Біздің бала мақтаған сайын кері кетеді, ұрыспасаң оңалмайды” деп өзін де баласын да қинап өмір сүретін жандар қаншама! Сол балалардың ұрыс-керіске құлағы үйреніп кеткен соң тіпті үйренуді жек көріп, қайтсем осыдан құтылам деп үйден қашуға да бейім тұратынын қайтерсіз.

Кейбір математикалық формулаларды, физикалық заңдылықтарды білмей өмір сүруге болар. Бірақ психологиялық қағидаларды білмей күн кешу өмірді қаншама есе қиындатып жібереді десеңізші…

-Ықылас Оразбай