«Төте жазуда» дәйекше жоқ, дәйекші бар

Шүйіншлі хабарымыздың сырын білуге асығып отырған ағайынға біз де жаңалығымызды орағытпай тез жеткізуге тырысайық! Ұлт ұстазы 1909 жылдан бастап, «Маса», «Қырық мысал» атты кітаптарын Алашына ұсынып, 1912 жылы өзі «Төте жазу» деп атаған, араб графикасына негізделген, шағатайлық, қадімдік дәстүрге біршама өзгеріс енгізген, Тұңғыш толыққанды Қазақ жазуын көпшілікке ұсынғаны белгілі. «Оқу құралы (қазақша әліппе)» атты ғаламат оқулықты да сол жылы тұңғыш рет баспадан шығарып, төл жасампаздығының жемісі болған төте жазуын да осы оқулықпен бірге қаймана қазағының көңіл таразысына салғаны ақиқат. Аталған «Төте жазу» 1913 жылдан бастап шыққан «Қазақ» газетінің жазуы болып, сол жылдары ғалымның бұл жазуын зиялы қауым «Қазақ» жазуы, «Қазақ » емлесі деп атай бастағанына тарихи материалдар арқылы көз жеткізуге болады. Бұл тұрғыда «Қазақ» газеті қазақ жазуының кемелденіп, қалыптасуына кереметтей майдан болғаны белгілі. Себебі, Ахаңның «Төте жазуы» сол 1912 жылы бір-ақ күнде сұлу қыздың жиған жүгіндей болып, тиянақтана салған жоқ. Ахаң әліпбиін қазақ тілінің төл заңдылықтарына сәйкес, өз зерттеулерінің нәтижесіне сай жетілдіріп отырды. Осылайша, табаны күректей 12 жыл дегенде ғалымның кестелі жазуы толықтай кемелденді. Қазаққа өз дыбысының заңдылығына сай жазу жасап беремін деген Ахмет Байтұрсынұлы Білге қаған секілді «Түн ұйықтамады, күндіз отырмады, қара терін төкті, қызыл қанын жүгіртті».

Міне, осы бір мүшел жылда Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде, өзінің «Оқу құралында» (Он үш рет басылған) оқырманмен және зиялы қауыммен ой бөлісіп отырған. Кемел емес жерін бірге толтырып, кетігін бірге қаласуға шақырумен болды. «Қазақ» газетінде Ахаңның емлесіне сан түрлі сауалдар қойылды. «Айқапта» да саналы-санасыз түрде жазылған «Төте әліпбеге» қатысты мақалалар тізбегі көп. Оларды санап отырсақ, таң ағарып кетер. «Қазақ» газетінің ең сүйікті оқырман жастары «Ғалиа» медресесінің (Уфада) шәкірттері де аталған баспасөзде Ахаң емлесі туралы мақалалар жазып, ұлт ұстазымен ой бөлісіп отырған. Ахмет Байтұрсынұлы сынық сүйем уақыттың ішінен уақыт шығарып жүріп, осындай сауалдардың бәріне ғылыми жауап қайтарып отырған. Сол жылдары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш көшбасшыларының мақалалары қазақ пен орыс тілді басылымдарда ғана емес, туыстас татар жұртының «Уақыт» газеті  мен «Шора» журналдарында, башқұрт пен ноғай басылымдарында да жарияланып тұрғанын көрсететін қазыналы дәлелдер баршылық. Ал «Қазақ» газеті де аталған басылымдарда болған тың жаңалықтарды қазақ жұртына қазақшалап жеткізіп отырған. Енді біз оқырманға Ахметтің 106 жылдан бері екінші рет еш жерде жарияланбаған және бұған дейінгі көптомдықтарының ешқайсысына енбеген шағын мақаласын тауып   алғанымызды айтып, жүрекжарды жаңалық ретінде ұсынып отырмыз.

Мақалада айтылған басты тақырып «ء» - дәйекші турасында болған. «Дәйекші» - жіңішкерту белгісі. Ахмет Байтұрсынұлының асып туған көрегендігінің бірі де осы дәйекшісі арқылы дәлелденіп отыр. Яғни, Ахаң «а мен ә», «ы мен і», «ұ мен ү», «о мен ө» дыбыстарының айырмашылығы олардың жуан және жіңішке дыбысталуында ғана деп есептеп, оларға жеке-жеке таңба алып отырмай-ақ, бір таңбамен көрсеткен. Атап айтсақ, «а» үшін «ا»  әрпін, «о» үшін «و» әрпін алады да, олардың жіңішке сыңарларына дәйекші қоссақ (ء)  шаруа бітеді деп есептеген. Мінеки, а – ا, ә – ءا; о – و, ө – ءو; ұ – ۇ, ү – ءۇ; ы – ى, і – ءى. Сол кезде төл әліпбилерін жасап жатқан алыс-жуықтағы туыстас түрік жұрттарының ғалымдарының ешқайсысының ойына кірмеген бұл тапқырлық шынында теңдессіз парасатты кісінің ұлы жаңалығы еді. Зерделеп қарасақ, Ахмет Байтұрсынұлы бір ғана дәйекші (ء) арқылы, қазақ тіл-жазуындағы сегіз дыбыстың (әріптің) түйткілдерін шешіп отыр. Мұны түсінген болсаңыз, Алаштың Ахметінің ғасыр бойы зерттеушілердің көзіне түсіп, қолына ілікпей қалған шағын мақаласын көріп, бірге ой жүгіртелік:

 Газеталардан:

Дәйекші - (ء).  

 

«Юлдыздың» («Жұлдыз») соңғы нөмірлерінің көбінде емле туралы мақалалар жазылып келеді. 1577 інші нөмірінде Н.Домауи жазады: «... жіңішкертуге лайық харіфтер туралы емлешілеріміздің біреуі де жаңа бір сөз айтқан жоқ. Бұл турада қазақ емлешілерінен Байтұрсынов әпендіден пайдаланып, ортақ харіптер үтірлі болғанда жіңішкелік үшін (ء) жазуды қабыл етсек, не қадар жақсы болар еді...», - деп мысалдар келтіреді.

Біздің мұны көшіруден мақсатымыз – өзімізден кейбіреулер (ء)ні жатырқаған еді. Емле түзетеміз дегенде, мұндай аз өзгеріссіз болмайтындығын, болғанда(ء)  онша ерсі емес, бәлки орынды табылғандығын ноғай бауырларымыздың емлешілерінен де қостаушы барлығын көрсетіп өту.

«Қазақ» газеті, № 164,4-бет. 1916 қоян жылы, 9 қаңтар, сембі

Аталған мақалада Ахаң өзін автор ретінде көрсетпейді. Дегенмен, «Қазақ» басқармасы атынан жазылған немесе сауалдарға жауап берген жазбалардың дені Ахаңның өзінікі екенін алаштанушы ғалымдар бір ауыздан құптап келеді. Оның үстіне, «Қазақ» газетінде емле мен тіл, жазу туралы сауалдарға дерліктей Ахаң жауап беріп отырған. Сондай-ақ, бұл жарты беттік жазбада қазақтың жазуын жасаушы, дәйекшіні  тапқырлаушы адам туыстас ноғайлардың зиялылары да өзінің емлесі мен дәйекшісі туралы айтып, тіптен Ахаңның (ء)  дәйекшісін біз де алайық деп жар салып жатқанын жұртқа жеткізбек болған Байтұрсын балаласының өзі екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Астында аты-жөні жоқ мақаланы Ахаңдыкі дей салу асығыстық дейтін пікірлер де болар. дегенмен, өзінің тапқырлығы мен аты-жөні аталған мақала туралы, өзі басқарып , өзі шығарып отырған газетте басқа біреудің шығып жауап беруі мүмкін де емес. ХХ ғасыр басында тілге қатысты сауалдар мен пікірлердің Ахаңнан басқа біреуді айналып өткені жоқ еді.

Міне, осылайша, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының көзіндей болған көне мұралардың бірі – «Қазақ» газетінен ғалымның бұған дейінгі жинақталған еңбектеріне енбеген бір жауһар жазбасы табылды. Саналы кісіге бұл жарты бет жазбаның салмағы ауыр. Себебі, қазақ қана емес арысы түріктің, бересі алты алаштың басын қосуды ойлаған кемеңгер тұлғаның сол кездегі тың жаңалығы туыстас ноғай жазармандарынан қолдау табуы тарихи оқиғалардың бірі. Ахметтің әліппесі мен сол әліппедегі дәйекшісінің сырын ұғынып, санасына сіңірген қазақ қауымының бір бөлімі әлі күнге дейін қолданып отыр. Тіптен, бүгінгі таңда жетпіс жеті атамыздың болмысымен титтей де қатысы жоқ айдаладағы латынның жазуына көшкелі жатқан кілтең сәтте Ахаңның «Төте жазуына» да бір бұрылып, ірі істі ойланып істеуге міндеттіміз. Ахаңның дәйекшісі дәйектеп тұрған тіліміздегі үндестік заңын (сингармонизм) сақтап қалу да тәуелсіз елдегі тіл ғалымдарының мойнындағы борыш.

Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының дәйекшісі (ء) туралы тағы бір сөзді түзей кетелік. Осы дәйекші дегенді көп адамдар «дәйекше» деп атап жүр. Ахмет Байтұрсынұлы өзі «дәйекше» деген жоқ, дәйекші деп жазды. Дәйекші дегеннің не екенін білесіз бе? Ол бір нәрсені дәйектеп,яғни оның қандай да бір қасиетін анықтап, куә болып тұрушы. Дәйекше емес, дәйекші, дәйектеп тұрушы. Оның толыққанды қызметі сол – дәйектеп тұру. Ал дәйекше десек, одан толық дәйектеуші мағынасы шықпайды. Қазақтың төл сөзіндегі бураша сөзі жетілген бура емес, бұқаша сөзі жетілген бұқа емес, құнанша құнан емес, сандықша үлкен сандық емес, таяқша таяқ емес. Ал Ахаңның өзге терминдеріне де зер салсақ, қосымша деген сөздің өзі емес жалғау немесе жұрнағы, қосалқы бөлегі. Көсемше, есімше дегендер де толыққанды сөз табы емес. Осы тұрғыдан алғанда да А.Байтұрсынұлы жіңішкелік белгісін дәйекші деп атаған. Және 1912-1925 жылдар арасындағы он қайтара басылып шыққан «Оқу құралының» ешбір жерінде «дәйекше» деп жазбаған. Тілші ғалымдар неге «дәйекше» деп жүргенін, толық мағынаны жартылап көрсететін «ше» қосымшасын қайдан жалғап алғанын түсіну қиын. Оған көп емес, ғылыми қауым құрастырған ұжымдық сөздіктің бірін көрсетсек те жеткілікті.

Дәйекше. Зат есім. лингвистикалық. Араб жазуындағы жіңішкелікті білдіретін белгі. Дәйекше, ноқат сансыз мың, Жұрнақшылдық қарқыннан - Бас ала алмай тұсалдық (Т.Жароков, Шығ. жин.).

А.Байтұрсынұлы әліпбиіндегі 24 әріп бір дәйекше болды (Қ.Күдеринова, Қазақ жазуы.).

Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 4-том. / Құраст.: Н.Әшімбаева, Қ.Рысбергенова, Ж.Манкеева және т.б. – Алматы, 2011. 752 б.

Ғасыр бұрын ұлттың төл баспасөзінің бірегейі болған «Қазақтан» көзімізге шалынған, биыл бір жарым ғасырлық мерейтойы Юнеско деңгейінде аталып өткелі жатқан, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жалғыз жапырақ жазбасынан осыншама ой қозғап, қалың елі – қазағына ұсындық.

Әділет Ахметұлы, ақын, «Алаш» мұраларын зерттеуші