2022 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, алаштануда, ахметтануда табысқа жеткен жыл болды деуге болады. Ахаңның академиялық толық жинағы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жағынан дайындалды. Мелжемді бес томнан тұратын академиялық жинақ арқылы ғалымның бұған дейін жұртқа мәлім еңбектерімен қоса, тыңнан табылған мақалалары, мұрағаттық құжаттары да оқырманға жол тартты. Ғалымның бізге белгісіз болып келген оншақты мақаласы және кейбір оқулығының бұған дейінгі көптомдықтарына енбей келген екінші бөлімі табылуы ғылымда ірі жаңалық болып саналады. Аталған көптомдықты құрастырушылардың бірі ретінде, біз ғалымның академиялық жинағына жаңадан енген өзге шығармалары туралы кезі келгенде сөз ететін боламыз. Ал бүгін Ұлт ұстазының бірегей еңбегі – «Шаруалық өзгерісі» атты желілес зерттеу мақаласы туралы баян етеміз.

Көпшілік ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басындағы саяси қысымдардың толқынында тәркіленген «Мәдениет тарихы» атты ірі еңбегі болғанын біледі. Бүгінге дейін ұшты-күйді табылмай келе жатқан сол еңбек пен біз бүгін тілге тиек етіп отырған «Шаруалық өзгерісінің» қандай байланысы барлығына үңіліп көрелік.

«Шаруалық өзгерісінің» тұла бойында адамзат мәдениетінің тарихы сөйленген

«Шаруалық өзгерісі» – А.Байтұрсынұлының 1915 жылдан бастап шаруашылық, экономика, мәдениет тақырыптарын зерттеп жазған көлемді еңбегі. Көлемді мақаланың төте жазумен жазылған 107 беттен тұратын қолжазба нұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында (480-бума) сақталған [1].  Ғалымның бұл зерттеу жұмысы алғаш «Қазақ» газетінің 1915 жылғы (№145, 146, 147, 148, 158, 161, 163) және 1916 жылғы (№167) сандарында жарық көрген [2]. Қолжазба түпнұсқа мен басылым нұсқасы араб қарпінен кирилл әрпіне өзгеріссіз түсіріліп, алғаш рет 2022 жылы А.Байтұрсынұлының  академиялық толық жинағына және Ахмет Байтұрсынұлының он екі томдық толық жинағына енгізілген болатын.

Аталған еңбекті ғылыми тұрғыдан зерделей отырып, «Шаруалық өзгерісін» бүгінгі таңда алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар мен Қазақ оқырмандары жоқтап жүрген А. Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы» атты кітабының бір бөлімі емес пе екен деген ойға келеміз. Себебі ғалым «Шаруалық өзгерісінде» негізінен мәдениеттің шығу тарихы мен адамзат өркениетінің өсіп-өркендеу барысы туралы жиі тоқталады. 8 бөлімнен тұратын көлемді мақалада «мәдениет» сөзі 143 рет қолданылған. Автор бұл еңбегінде «Мәдениет қырқалары», «Мәдениет төбелері», «Мәдениет жұғысы», «Мәдениет тараған жолы» және «Мәдениет бесігі» қатарлы толып жатқан терминдерді жиі пайдаланып отырған [2]. Алайда қалам иесі аталған еңбегінің соңғы тарауларына келгенде, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтына отырықшылықты дәріптей бастаған билік өкілдерінің сөзінен кейін, алаш баласын ояту туралы аса үлкен ой келген соң, осы желілес мақаланы жазғанын емексітіп білдіреді. Қолымызға іліккен нұсқалардың соңғы тарауларында, адамзаттың өркендеу барысын ұзыннан-ұзақ баяндай келіп: «Қазақ халқы отырықшылыққа дайын ба, дайын емес пе? Бірден отырықшы өркениетке өтуге Қазақтың даласы, тауы, суы, өзен, көлі, шөбі, ауа-райы, климаты, т.б. шарттар қолайлы ма, жоқ па?» деген өзекті мәселелерді көбірек талдайды [3]. Өкінерлігі, ғалым енді ғана қаузап отырған тақырыбын ел мен жердің сол кезеңдегі және болашақтағы жағдайына байланысты талдап, анық көрсете бастағанда аталған еңбектің бізге белгілі бөлігі аяқталады.

М. Әуезов өзінің «Ахаңның 50 жылдық тойы» атты көлемді мақаласында: «Жаңадан алған хабарға қарағанда былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында о да басылып шық­са керек», – деп жазады [4]. Осыған қарағанда, ғалымға «Мәдениет тарихын» жазу туралы ой 1915 жылғы Қазақ халқын отырықтандыру бастамалары көтерілген кезде келіп, аталған еңбектің бастапқы бөлігін сол жылдары бастап, соңғы бөлімін 1921-1922 жылдары аяқтаған деп болжауға негіз бар.

«Шаруалық өзгерісінің» қазірге дейін табылған нұсқасы 8 тараудан тұрады. Осы 8 тараудың алдыңғы 7 тарауы аталған қолжазбада бар. 8-тараудың қолжазбасы табылмады. Алайда еңбектің 8-тарауы  жарияланған өзге жеті тарауымен бірге «Қазақ» газетінен табылды. «Қазақ» газетінде берілген соңғы тараудың да (8-тарау) соңында «тағы да бар» деген ескертпе берілген. Бірақ «Қазақтың» кейінгі нөмірлерінен аталған еңбектің жалғасы кездеспейді. Осы тұрғыдан қарағанда, ғалымның аталған еңбегінің қолжазбасының екінші бөлімі, яғни 8-тараудан кейінгі тараулары тағы бір дәптерде болуы мүмкін. Яғни екінші дәптердің басына жазылған 8-тарау газетке жарияланған да, қалған бөлімдері жазылып бітпеген, я жазылса да газетке бастыруға бермеген болуы мүмкін.

Ғалым аталған еңбегін 1915-1916 жылдары «Қазақ» газетінің кезекті нөмірлерінде желілес түрде жариялап отырған. Атап айтқанда, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №145 (15-тамыз), №146 (22-тамыз), №147 (29-тамыз), №148 (8-қыркүйек), №158 (21-қараша), №161 (16-желтоқсан), № 163 (31-желтоқсан) және 1916 жылғы №167 (31-қаңтар) күнгі сандарында жарияланған. «Шаруалық өзгерісінің» қолжазба нұсқасы тұңғыш рет ғылыми айналымға ғалымның академиялық жинағы арқылы ұсынылған болатын. Бұған дейін, «Қазақ» газетінің қазіргі жазумен басылған нұсқаларынан аталған көлемді мақаланы оқып, ғылыми еңбектеріне ішінара пайдаланушылар болған. Алайда «Қазақ» газетіндегі нұсқаларда автордың аты жазылмағандықтан, көлемді желілес еңбекті жазған нақты А. Байтұрсынұлы екенін батыл түрде кесіп айтқан зерттеуші  болған жоқ.

«Шаруалық өзгерісі» атты бұл көлемді, танымдық, зерттеу мақаласының авторы – Ахмет Байтұрсынұлы екеніне қолжазба нұсқаға қарап, толық көз жеткізуге болады. Қолжазба нұсқаның сырты сары түсті қағазбен қапталған. Қолжазба нұсқаның сыртқы бетіне аталған мұраны кітапхана қорына өткізуші адам немесе кітапхана қызметкері 1930 жылдардағы латын әліпбиімен Bajtursьnulь A. (А. Байтұрсынұлы) және Caruvcьlьq өzgerisi (Шаруалық өзгерісі) деп жазған. Бұл бетте автор есімі  тек бір жазумен (латын әліпбиі) жазылса, ал еңбек атауы латын әрпімен қоса, кейінгі кирилл жазуымен қайталап жазылған. Мақала атауының  астына «қол жазба» деп ескерткен. Осы беттің оң жақ жоғары шекесіне, жақша ішінде әņgime (әңгіме) деп ескертпе де жазған.

Қолжазба сызықсыз (жолсыз) сары қағаздан жасалған дәптерге жазылған. Әр бетке көрнекті, үлкенірек әріппен 14-15 жол ғана жазу сыйған, дәптердің көлемі шағын, алайда бет саны көбірек (сыртқы бетімен 107 бет).

Қолжазбаның 1-бетінің басында төте жазумен «Ахмед Байтұрсынұф» деп көрнекті жазылған. Онан кейін еңбек аты «Шаруалық өзгерісі» деп үлкенірек әріппен жазылған.

Келесі (2-) беттің басына «1) Шаруалық өзгерісі» деп тақырып қояды да әрі қарай көлемді еңбек басталады:

«Шаруалық өзгерісінің жайынан сөйлеуден бұрын шаруалық деп не нәрсе айтылатынын баяндап өтейік» деп, сөзін бастаған ғалым аталған тарауда адамзаттың даму тарихынан бастап сөз алып, шаруашылық, өндіріс, мәдениет, т.б. ірі тақырыптарды қаузайды.

Әр тарау аяқталғаннан кейін автор «А.Б» деп төте жазумен қолтаңбасын қойып отырған. Алайда бұл қолтаңбалардың үстінен қара сиялы қаламмен кейінгі адамдар (мүмкін, автор өзі) көлденең сызық басқаны байқалады. Бұл ғалым А. Байтұрсынұлының еңбектеріне шектеулер қойылған кездегі осы еңбекті пайдаланушылардың сол тұстағы биліктің қаһарына ұшыраудан қорқып, істеген амалдары болса керек.

Алаш арыстары ақтала бастағаннан бері, «Шаруалық өзгерісі» атты бұл көлемді мақаланы кәдеге жаратушылар мақаланың атын дұрыс атамай, «Шаруашылық өзгеріс» деп жазғаны байқалады. Алаш зиялыларының экономика ғылымы туралы ойларын зерттеген бірлі-жарым қаламгерлер болмаса, осыған дейін ұлт ұстазының аталған еңбегін алаштанушы ғалымдар ғылыми айналымға толықтай енгізе қойған жоқ. Азды-көпті сілтеме жасаушылардың өзі еңбектің қолжазба нұсқасына емес, «Қазақ» газетінде ара-тұра жарияланған нұсқасына немесе 2017 жылы «Елтаным» баспасынан басылып шыққан, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы нөмірлері жинақталған нұсқасынан пайдаланғаны байқалады.

Ғалымның «Шаруалық өзгерісінің» қолжазбасының жалғасын екінші бір дәптерге жазғанына «Қазақ» газетінің  №167 санындағы аталған мақаланың 8-тарауы айғақ. Және оған да «тағы бар» деуіне қарап, аталған еңбектің қолжазба нұсқасы да, газет нұсқасы да халыққа толықтай жетпей қалғанын мөлшерлеуге болады. Бірақ «Қазақ» газетінің 1916 жылғы аталған нөмірден кейінгі сандарының біздің қолымызға түскендерінің ешбірінен мақаланың жалғасы кездеспейді. 1916-1917 жылдары ғалымның Алашорда үкіметін құруға байланысты ірі-ірі саяси істердің басы-қасында болғаны белгілі. Сол тұрғыдан алғанда, мәдениет пен экономика турасында қаузап жүрген тақырыбының үлкен бөлігін келешекте жазуға ниеттеніп, уақытша тоқтата тұрған болуы да ықтимал.

«Шаруалық өзгерісінің» біз оқып, зерделеген бөлігінен аталған тақырыптың автор жазбақшы болған үлкен бөлігі әлі жарыққа шықпағанын анық білуге болады. Қолжазбамен есептегенде 100 беттен асып жығылатын, газетте 8 бөлімнен тұратын осы кесек еңбектің мазмұнында шаруалықтың, яғни бүгінгі тілмен айтқанда өнеркәсіп пен шаруашылық ісінің және мәдениеттің адамзат баласы пайда болғаннан тартып, өткен ғасыр басына дейінгі барысы сөз болады. Адамдардың аңсымақ (автор жиі қолданған атау. – Ә. А.) кезеңнен бастап өркениетті дәуірге аяқ басқан дәуірлердегі басып өткен жолдарын, табиғатқа және қоғамдық өмірге бейімделуін шетелдік ғалымдардың ғылыми болжамдарынан үзінділер ала отырып баяндайды.

А. Байтұрсынұлының «Шаруалық өзгерісі» тұңғыш рет ғалымның өзіне тиесілі еңбек ретінде өзінің академиялық жинағында толық (табылған бөлігі) жарияланған еді. Ғалымның академиялық толық жинағында «Шаруалық өзгерісінің» қолжазба нұсқасы мен «Қазақ» газетінде жарияланған 8 тарауынан тұратын нұсқасы салыстырылды. Және «Елтаным» баспасынан 2017 жылы жарық көрген «Қазақ – 2017» атты жинақтағы нұсқасымен де салыстырылды. Аталған жинақта қате оқылып, қате басылып кеткен ішінара сөздер түзетілді. Ғалымның академиялық жинағында еңбектің қолжазба нұсқасы мен «Қазақта» жарияланған нұсқаларының әр беттерінде кездескен тың сөздер мен кісі есімдеріне, жер-су атауларына түсініктер жазылды.

Ұлт ұстазының бүгінге дейін жіпұшы табылмай келе жатқан ірі еңбегі «Мәдениет тарихының» кіріспесі іспетті «Шаруалық өзгерісі» туралы қысқаша осындай мағлұмат беруге болады. «Шаруалық өзгерісінің» түгелге жуық мазмұнында адамзаттың пайда болғаннан бүгінгі өркениетті қоғамға жету барысы жан-жақтылы зерделеніп жазылған. «Шаруалық өзгерісі» жазыла жүріп, арада бірнеше жыл өткен соң «Мәдениет тарихының» алғашқы сынақ нұсқасы баспадан шығып (1923), қолды болып кеткені белгілі. «Мәдениет тарихын» жазуда, автор бұған дейін зерттеп, зерделеп, жазып, «Қазақ» газеті арқылы оқырманына таныстырып үлгірген ұлы идеясының арқау болған «Шаруалық өзгерісін» пайдаланбады деп ешкім де болжам жасай алмайды. «Шаруалық өзгерісінің» де екінші бір дәптерінің (мүмкін онан да көп желілес дәптері болса керек) жоғалып кетуі де, бұл еңбектің «Мәдениет тарихының» бастапқы бөлігі екенін айқындай түседі. «Шаруалық өзгерісінде» де автордың есімі жазылған жердің бәрінің өшіріліп отыруы да аталған еңбектің «сотталған» «Мәдениет тарихына» тіке қатысты дүние екенін дәлелдей береді.

Әділет Ахметұлы

Алаш мұраларын зерттеуші, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі

"Жас Алаш" газетінен 

https://zhasalash.kz/ruhaniyat/ahannyn-madeniet-tarihynyn-kirispesi-%E2%80%93-sharualyq-ozgerisi-25414.html