АЗАМАТ ЕРДІҢ ӨМІРІ

Жаратушы жазаламайтын,

Сақшылар мазаламайтын,

Әкем мақтанатындай,

Балам шаттанатындай,

Жарым жыламайтындай,

Жатым сынамайтындай,

Туған жерім күйінердей,

Туған елім сүйінердей,

Өлгендер разы болатын,

Тірілер қазы болатын,

Ісімді алқап айбатты Алаш,

Келер ұрпақ ғайбаттамас,

Мерейі өсіп ұстазымның,

Десі қайтып дұшпанымның,

Туыстарым ту ұстайтын,

Ұлыс, қауым ұмытпайтын,

Хан кене, Оспан, Махамбеттің,

Әлихан, Абай, Ақыметтің,

Шәкәрімнің рухы шат болардай,

Жүрежаттарыма дейінгі ұл-қызыма бақ қонардай…

өмір сүрсем деймін мен,

Дей салғаным емес бұл, бағдарыма сондай мақсат қойдым мен!

Жеткізе көр, Құдай, осы мақсатқа,

Аламанда ақсатпа,

Жат алдында қақсатпа!

Жүрегімнің тап-тап- таза қуатын,

Қайнар көзін таудан алған, суатын,

Бүгінгі мен ертеңгіге дәлелдеуге орай бер,

О й- санама шаң баспайтын сарай бер!

Ең әуелі, жарылқай гөр жақынды,

Жақын жақын болса жеңем жатымды.

Дос қыла көр кісімен, түсінетін ақынды,

Дос қыла көр кісімен, оқи алар хатымды,

Ең әуелі олар білсін сағынышты мендегі,

Махаббатты сезінсін, ашып оқып кеудені.

Досым – Құдай, саған деген іңкәрлығым үшін бір,

Жанымдағы ғаламатты жырларымнан түсіндір!

Солай болса тұрар едім тау мен шыңдай тым асқақ,

Әділеттің аласармас ақиқатын растап…

Иә, Тәңір, жүрегіме сағынышты еселе,

Сағынышпен жыр жазайын ертееееее кеткен шешеме.

Ұрпағыма жететіндей дәулет берсең қуанам,

Иә, ол да тым маңызды мәселе.

Орманыма ән сыйла,

Адамзатқа ар сыйла,

Ар жолында міне бас,

Шындық үшін жан пида!

Осыларды бер Алла, сонда болам мұратты ер,

Бәрінен де бұларды көтеретін қуат бер …

Әкем мақтанатындай,

Балам шаттанатындай,

Өлі разы болардай,

Тірі қазы болардай,

…… … …

Өмір сүрсем деймін мен!

ҒҰМЫР – КІТАП

Мен білсем, адам–кітап, кітап – адам.

Бәрінің де дариды құты анадан.

Біздің қазақ – жыраулар жыры сынды

өр рухы ешқашан жұтамаған.

Кітаптың ең асылы – "Кәләм шәріп",

Хақтың Нұрын оқиды ғалам танып.

Адамзаттың көңілі – аппақ қағаз,

Ал тағдыры – шимайшыл қалам-сауыт.

Алты Алаштың сиқырлы кітабы – Абай,

"Абайдан" жалпақ әлем жұтады арай.

Абайдың ақиқатын білген бала,

Бақыттың бал дидарын құшады оңай.

Достарым, сіз де кітап, біз де кітап.

Ақ махаббат кең ашсын сізге құшақ.

Шыршадай шырайыңыз тым әдемі,

Қурайдай құлазымас күзде жұтап.

Мың жылдық ғұмыр кешер нағыз арша,

Кітапсыз бұл ғұмырдың мәні қанша?!

Ең сүйікті кітапқа айналасыз,

Көп адам іздеп сізден тәлім алса.

Кітап деген – каусар ғой бейіштегі,

Хатқа түскен ақ мәрмәр ой іштегі.

Қаншама аққу текті арулар бар,

Сан ақынның музасы, кейіпкері.

Том-том жинақ, сырты тау, іші гүлдей,

Шар ғаламның шақталған пішініндей.

Беу, кітаптар, сіздерге бақ тілеймін,

Күлтегін мен Білгінің бітігіндей ... !

МЕМЛЕКЕТКЕ СЕРТ

 

Тамырымның соңғы тамшы қанындай,

Жанарымдай, жалғызымдай, жанымдай,

Рухымдай, ұятымыдай, арымдай,

Жүрегімдей, үмітімдей... барымдай!

Менің Ұлы Қазақстаным,

Сен көркейші менің мөлдір рахметіммен,

Сүйем сені Отыздағы жасын отыммен,

Сүйем сені ғасыр бойы қанға бөккен,

Алаш бабам арман еткен,

Қатпар-қатпар қасіретіңмен. ...

Сүйем сені!

Мен сені сүйемін,

Еңкеймес, бүгілмес, Алаш атыммен,

Тәңірге ұқсаған өлшеусіз парасатыммен...

Сен мені теңдессіз ұшпаққа шығардың,

"Қазақстан азаматы" деген ұлы марапатыңмен.

Мен сенен сүйікті Қазақстаным,

Осыдан артық сый күтпен,

Қыранмын көк аспан астында, ғаламға шүйліккен.

Мен қазақ боп тіл қатам,

әлемге,

Тек қазақша ғаламат билікпен.

Менің байтақ Қазақстаным,

Сен менің арыма сенгейсің!

Мен сенің еріңмін,

Құдайдан басқаға құл болып көнбейтін.

Мен кесіп айтамын:

Әр қазақ Ертөстік мың шапса өлмейтін,

Ғаламның жарығы – алтын Күн сөнбейді,

Қазақстан, сендағы сөнбейсің!

ЖАҢА ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ 

Мен жақында,

Еркектері рухтан жаралған,

Арулары ар нұрынан нәр алған,

Сәбилері құлақ түрген ғаламға,

Ағалары арман болған адамға,

Әжелері күн жүзіндей мейірлі,

Аталары Сарыарқадай пейілді,

Ғаламда жоқ елді құру хақында,

Сауын айтып шақырамын Үш жүзге,

Келеді олар, көктем, жазда, қыс, күзде...

Алты алаш бұл хабарды естіп елеңдеп,

Ант ішеді елден бұрын келем деп.

Татар, ноғай, құмық естіп бұл істі,

Тұлпарына мінеді олар жүрісті.

Қуанғаннан қарақалпақ, қырғызым,

Алатаудан асырады ұл-қызын.

Бұл дүбірден оғыз, қыпшақ оянып,

Түркімен, өзбек, алтын нұрға боялып,

Сақ-сақ күліп сәлем айтып сахалар,

Балқар қызы ұлы той деп жасанар.

Қуанады Мажар, бұлғар ғұнтекті,

Стамбулдан сарбаз жетер бір текті...

Тыңда әлем,

Жаздым бүгін ғалам шошыр сырлы өлең!

Кешікпеймін, кешікпеймін жақында,

Қағанатты қайта құру хақында.

Тыңда ғалам, мен сақадай дайынмын,

Мені ұлы түріктіктен айырдың,

Қазағымның қаршығадай тұмсығын,

Алашымның алдаспандай рухын,

Қасақана қайырдың!

Алаш! Алаш!

Жер мен көктің арасы

Адамзаттың ағы менен қарасы!

«Танисың ғой сен мені,

Мен қазақтың баласы»!

Беу, түріктер атой салам жуырда,

Алты қарыс азулы көк бөрілі туыңды ал!

Ел ішінен түріктіктен жерігенді қуыңдар,

Бұл даладан өзін жатқа телігенді қуыңдар.

Біз қайтамыз Еділ шыққан жолменен,

Қиратамыз кім жолықса көлденең.

Тауап жасап Күлтегіннің басына,

Қасам ішіп, маңдай сүйеп ер Білгінің тасына.

Орхон менен Енісейде қалған рух тіріліп,

Қасым ханның ақ туының саясында бірігіп.

Аш халықты тоқ қылып,

Арсыздарды жоқ қылып,

Қыран болып көк тіліп,

Тізеліні шөктіріп,

Басы барды идіріп,

Іргемізден ібілістей енген жауыз дұшпанның,

Қабырғасын қарс айырып сөктіріп.

Абылай мен Хан Кенені тірілтіп,

Бұл далада бүркіт салып, құмай тазы жүгіртіп.

Бар нәресте ақ уызға жаритын,

Ақиқаттың алмас жүзі сары аяздай қаритын,

Еркек кіндік ер баланың намыс отын жанитын,

Тектілігін, тұранын, тұғыры мен тұлпарын,

Тұтас ащы тарихын

Іште жүріп танитын.

Тар қалаға тамбайтын қыздарының көз жасы,

Сары даланы шарлайтын сардарлардың қолбасы.

Ұл менен қыз қағанатын емірене сүйетін,

Ел патшасы туған жұрттың суығына тоңатын,

Ыстығына күйетін,

Молдалары ақ сәлделі бастарын,

Адамға емес, Жаратқанға иетін. ...

Ақ бұлақтың сыңғырындай күлкісінен қыздардың,

Жалған дүниедегі беті қайтар ызғардың.

Сондай ғажап ел құрамыз,

Аспаны да өзінде,

Асқары да өзінде.

Ата заңы, кітабы, еркін ойы, көрген түсі,

Дастаны да өзінде.

Қатпар-қатпар қойнауда қалған ғажап бай тілін,

Қаптап жүріп тірілтіп, сөздің сөйлеп айшығын.

Ұмыт болар сол күні құлдық сана дейтұғын,

Сұмдық сүркей айтылым!

Күллі түрік баласы Түркістанға ту тігіп,

Ағылшындар именіп, орыс, қытай қымсынып,

Әділдігін айтады Жер шарыға біздің ел,

Жасқап жөнге салады кетсе бір іс ушығып.

Алтай сонда Алаштың асқақ шыңы болады,

Ертіс, Іле молығып, Арал қайта толады.

Сонда менің қазағым күллі әлемге жымиып,

Жатқа кеткен есесін жалғыз күнде алады.

Мен жақында,

Еркектері рухтан жаралған,

Арулары ар нұрынан нәр алған,

Сәбилері құлақ түрген ғаламға,

Ағалары арман болған адамға,

Әжелері күн жүзіндей мейірлі,

Аталары Сарыарқадай пейілді,

Ғаламда жоқ елді құру хақында,

Ғаламдағы күллі жұртқа хат жазам,

Өр қазақ пен ер түріктің атында!

Әділет Ахметұлы