Жұрт сүйіп тыңдайтын ән – «Екі жирен» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әні ме? Бұл – нүктесі қойылып, шешімін таппаған салмақты сауал. Біз бүгін мұрағаттар ақтара отырып, «Екі жирен» мәтінінің өзге бір нұсқасын жолықтырдық.

«Екі жиреннің» көпшілікке белгілі мәтіні былай:

Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,

Ауылыңа барушы едім даламенен.

Түскенде сен есіме, беу қарағым,

Сағынып сарғаямын санаменен.

 

[Қайырмасы]

Екі жирен, жалын түйген,

Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.

 

Ғизатлу хат жазамын, қалқам, саған,

Самарқау осы күнде көңілім шабан.

Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,

Дариға осыменен өтті заман.

[Қайырмасы]

Екі жирен, жалын түйген,

Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.

Иә, 2021 жылы Алаштың көзайымына айналған «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалында да «Екі жирен» әні Мейрамбек Бесбаевтың қоңырлатып орындауымен арқау әуенге қойылды. Сол нұсқа жұртқа бұрынғыдан да қанатын кең жая таралды.

«Екі жирен» әнінің мұнан да толығырақ мәтінін «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітаптан жолықтырамыз. Ержан Алаштуған құрастырып, «Абай» баспасынан 2022 жылы шығарған, бес тараудан (490 бет) тұратын бұл көлемді жинақта Ахмет Байтұрсынұлын әр қырынан зерттеп жүрген зерттеушілердің мақалалары топтастырылған. Кітаптың «Зерттеулер мен талдаулар» атты екінші тарауында ахметтанушы ғалым, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбеттің «Әдебиеттегі елшілдік ұран» атты көлемді мақаласы (302-347 бб.) берілген. Мақаланың «Ахаңның асыл әндері» деп аталатын үшінші тақырыпшасында «Екі жирен» және өзге де әндерге тоқталып, өнертанушы ғалымдар бүгінге дейін түйткілді болып келген сұрақтардың жауабын шешуіне үміт артады. Сондай-ақ бірде Ахметке, бірде халыққа тиесілі болып жүрген «Аққұм», «Екі жирен», «Қаракөз», «Ахау достар», «Қарғаш» қатарлы әндердің мәтіндерін ұсынады. Онда берілген «Екі жиреннің» мәтінінде жұртқа белгілі жоғарыдағы екі шумақ, бір қайырмадан сырт тағы бір шумақ бар. Ол мынадай:

Ей, құрбым, сөз сөйлейін

көрген жайдан,

Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан.

Көңілімде еш дауалық болмған соң,

Бойымда толып жатыр ар мен арман (Ұлттың ұлы ұстазы, 326 бет).

«Екі жирен» атты осы бір ғаламат ән бір күні иесін табар. Өйткені ғылымның барар жері ақиқат емес пе? Алайда А.Байтұрсынұлының өлең мен өзге де жанрдағы жазу стиліне зер салсақ, бұл өлең жолдарын Ахметтікі демеуге уәж қалмайтындай. Мұндай салмақты ой, тұңғиық сағыныш, тылсым тіл – поэзия жолында хакім Абайды өзіне ұстаз тұтатын Ахметке ғана тән бе екен дейміз.

Жұртқа белгілі екі шумақты жұрт өзі қайта оқып, санадан өткізіп саралай жатар. Ал бұл соңғы шумақтың салмағы қорғасындай ауыр, Ахметтің тау сабырлы мінезіне, Алаш көшбасшысына тән тұлғасына лайық секілді. Белгілі кәсіпкер, «Қазына» кітап дүкенінің директоры Алмас Шәйкен екеуіміз ән мәтініндегі осы шумақ туралы ұзыннан-ұзақ кеңесіп едік. Арада бірер ай өткенде «Екі жирен» тағы да алдымыздан шықты.

Иә, әрине, біз осы соңғы қосылған шумақ арқылы асығыс шешім қабылдап, «Екі жиренді» Ахметке тәуелдей салғалы отырғанымыз жоқ. Бұл жұмбақтың шешуін сала мамандары зерделей келе шешеді деп үміттенеміз.

«Көңілімде еш дауалық болмған соң,

Бойымда толып жатыр ар мен арман».

Ал бізге қалам алдырып отырғаны – «Екі жиреннің» бізге ұшырасып қалған тағы бір нұсқасы.

Осыдан 73 жыл бұрын, анығы 1951 жылы Елубай Өмірзақұлы құрастырған «Қазақ әндерінің жинағы» атты кітапта «Екі жиреннің» тағы бір нұсқасын кезіктірдік. Алматыдағы «Қазақ елі» журналы баспасынан шыққан бұл кітап төте жазумен басылған. 1930 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы жазуы қолданыстан ысырылғанымен, Қазақстанда 1950-жылдары төте жазумен кейбір кітаптар басылып тұрған. Абайдың, Шоқанның және орыс классик жазушыларының еңбектері де сол жылдары төте жазумен оқырманға жетіп отырды.

143 беттен тұратын «Қазақ әндерінің жинағының» басқы бөлімі социализмнің жалауын желбіреткен қызыл әндермен басталғанымен, басым бөлігі қазақтың халық әндері, дәстүрлі (авторлы) әндермен толысқан. Қазақтың небір ғаламат ән қазынасының мәтіндері бұл жинаққа енгізілген. Кітап Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың қорында сақталған.

Енді аталған кітаптағы «Екі жиреннің» мәтінін оқырманға ұсыналық.

 Екі жирен

(халық әні)

1.Көзімнің жанарындай сәулем едің,

Көңілімнің қуанышты дәурені едің.

Ойымнан жатсам-тұрсам

бір кетпейсің,

Басымды не сиқырмен әуреледің.

Қайырмасы:

О…о…ой әридаш-ай!…

Ей… екі-ау жирен, жалын түйген.

Жалғанда жалғызымсың ей,

жаным сүйген.

  1. Көзіңнен айналайын, ей…

күлімдеген,

Артыңнан басқан ізің, ей… білінбеген.

Ойымда үш ұйықтасам ей,

бар ма менің,

Айырылып сәулем сенен жүрем деген…

Қайырмасы:

О…о…ой әридаш-ай!…

Ей… екі-ау жирен, жалын түйген.

Жалғанда жалғызымсың ей,

жаным сүйген.

Көріп отырмыз, мұнда ән «Халық әні» деп берілген. Иә, өткен ғасырда кімнің әні «халықтыкі» болмады дейсіз. Әннің бірінші шумағы «Екі жиренде» емес, «Аққұмда» кездесетіні де әмбеге аян. Қайырмада «о…о….ой, әридаш-ай» деп басталатын бір жолы қазіргі біз білетін «Екі жиренде» жоқ.

Екінші шумақ бұған дейінгі «Екі жиренде» емес, «Екі-ай көк», «Көзіңнен жан айналсын» деп аталатын әндердің мәтінінде де кездеседі. Мұны ойлы оқырман, зерделі зерттермен саралай қарап, салмақтап зерттеу жүргізеді деп ойлаймыз. 1951 жылғы «Қазақ әндерінің жинағына» енген «Екі жиреннің» жайы осылай. 73 жыл бұрын басылған кітаптағы «Екі жирен» мен халық арасындағы нұсқа арасындағы айырмашылық алшақтау. Оған қоса «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітаптағы «Екі жирендегі» қорғасыннан ауыр салмағы бар бір шумақ өлең де зерттеуге татиды.

Әділет АХМЕТҰЛЫ

"Астана ақшамы" газеті, 2024-жыл, 21-наурыз күнгі шығарылымы

https://astana-akshamy.kz/eki-zhirenning-ekinshi-nusqasy/