Жақында публицисит жазушы, журналист Болат Құрманғажыұлының "Өркеш", "Жылып өткен дүние", "Тасжарған" қатарлы кітаптары баспадан шыққан. Сәуірдің 29 жұлдызында Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылның мәдениет үйінде автордың шығармашылығана арналған көлемді әдеби кеш өтті. Аталған шығармашылық кеште қаламгердің әр жанрдағы шығармалары қамтылған өнер туындылары көрерменге жол тартты. Жазушы, ақындардан Дәулетбек Байтұрсынұлы, Әділет Ахметұлы қатарлы азаматтар автордың шығармашылығы жөнінде ғылыми баяндама жасады.

Кезекті жарияланымыз ретінде Әділет Ахметұлы жазған  Б.Құрманғажыұлының "Өркеш" атты поэзиялық жинағын талдап жазған мақаласын ұсынамыз. 

ҚАЛАМГЕР БОЛАТ ҚҰРМАНҒАЖЫҰЛЫНЫҢ «ӨРКЕШ» ЖИНАҒЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Болат Құрманғажыұлы сан алуан тақырыпта қалам тартып келе жатқан ағабуын жазармандардың бірі. Шынжаңдағы мерзімді басылымдарда аты жиі көрініп тұратын. Болат шығармашылығымен негізінен 2010 жылдардан бері таныспын. Сол жылдары Шынжаңдағы фольклорлық басылым «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқардым. Сонда қатардағы қалың шығармалармен бірге Б.Құрманғажыұлының «Соғым шүйгін болсын» атты мақаласы келген болатын. Қазақ еліне келгеннен кейін де Болат Құрманғажыұлына қаламдас, пікірлес іні болып кеттік. Автордың Қазақ елінде басылған «Зерде», «Тек» атты кітаптары оқырмандардан лайықты бағасын алды деп ойлаймын. Ал бүгінгі сөзіміз қалам иесінің жақында ғана жарық көрген «Өркеш» атты поэзиялық жинағы туралы болмақ.

Болат Құрманғажыұлы «Өркеш» жинағымен қоса, «Тасжарған», «Жылып өткен дүние» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Аталған еңбектер де дер кезінде әдебиеттанушы ғалымдар мен әріптестерден өзінің лайықты бағасын алуы керек деп есептеймін. Енді біз автордың «Өркеш» атты жинағынан көрген-білгендеріміз жөнінде бірер кісілік сөз айталық. Кітап иесінің өзге шығармаларынан гөрі «Өркешіне» өзгеше көзбен қарап отырған себебіміз, Болаттың бұл жинағы баспадан шығар алдында менің қолыма түсіп еді. Баспаға дейінгі корректорлық міндет маған жүктелген соң, аталған кітапта оқырман ретінде өзімді өзгеше ойға жетелей алған тұстарынан дәйектей отырып сөз айтуды жөн көрдім.

«Бір биеден ала да, құла да туады» дегендей, үш жүз бетке жетіп жығылатын «Өркеш» жинағында небір құнарлы ойға құрылған кесек шығармалар да, асығыс жазылып, тұтам күйінде түйінделе салған ортахал туындылар да бар екенін жасырмаймыз. Дегенмен, бұл күнде аға жасы алпысқа келген авторға ақыл айтқандай болмай, ол кісінің қаламынан туған өлеңдерден рухани өзегіме нәр берер тұстарын атай кетсек, халық қазынасына қосылғалы тұрған әдеби олжаның оқырман жүрегіне орнығуына тигізер себі көп болар деп қараймыз.

Біз мақаламызда Б.Құрманғажыұлының «Өркеш» жинағынан түйген ойымызды екі тақырыпқа бөліп баяндамақшымыз. Бірінші, Б.Құрманғажыұлының «Өркеш» жинағында кездесетін тың тіркестер; екінші, Болат жазған поэмалардың құндылығы.

І Б.Құрманғажыұлының «Өркеш» жинағында кездесетін тың тіркестер

Қаламгер Құрманғажыұлы Болаттың өлеңдерінде бүгінгі таңда қолданыстан шығып бара жатқан көнерген сөздер ұшырасып отырады. Қазақ тілінің лексикалық қорының бір байлығы саналатын мұндай сөздердің көркем әдебиет төрінде ғұмыр кешуі қуанарлық жәйт. Ендеше бірнеше мысалмен осы айтқандарымызды дәлелдеп көрелік:

«Қарасу» атты өлеңінде:

Кеберсісе жаным кеуіп, таңдайым,

Неге тұнжыр тұнығыңа қанбайын?!

Аққуыңдай қара көзді сүйдірдің,

Жазың – жаннат, суың – зәмзәм, балдайын.

Туған жерге деген ыстық махаббаты мен сағынышын өрнектеген өлеңінде ақын «тұнжыр» сөзін «тұнық» сөзімен өбістіре қолданады. Осы «тұнжыр» сөзін қазіргі әдеби тілде де, ауызекі қолданыста да сирек ұшырайды.

«Сарымсақ» атты шағын өлеңді түгел оқи салайық:

Егінші едім қаратабан жалықпас,

Өріктерім гүлін ашты жарып бас.

Сарымсағым көктеп кетті күзде еккен,

Бірақ мені ол байытып жарытпас.

Дін шайқасы болған кезде құмды алап,

Жасақтарды қырыпты оба мұндалап.

Сарымсақтан жазылыпты деседі,

Алмаса да аузы-басын тұмшалап.

Тамаша ем деп жазылыпты «Құранға»,

Әйтпегенде пайғамбар бас бұрар ма?!

Сексен түрлі дертке шипа делінген,

Усарымсақ айналыпты ұранға.

  1. 04. 2020 ж.

Адамзатты жайпап өтетін қатерлі оба ауруы «мұндалап» келіп жасақтарды қырғанын бяан етеді автор. Осы «мұндалап» сөзі де бүгінгі «менмұндалап» сөзі емес болса керек. Ал, сарымсақты пайғамбардың сілекейі тамған киелі өсімдік ретінде қарайтын мұсылман халықтарының түсінігі көп адам біле бермейтін шағын тарихи аңыз арқылы үш шумақ өлеңге сыйып тұрғаны да автордың шеберлігі деп қарауға болады.

«Оралам» атты өлеңде төмендегідей шумақ кездеседі:

Оралам, Сүйем сені оралымда,

Сүю – қымбат бәрінен ар алдында.

Түсіңнен шықпағаным – ізгі ниет,

Әкелер күлімдетіп көз алдыңа.

Осындағы «оарлым» сөзі де көнерген сөздердің бірі деуге болады.

Қыран бүркіт шады қыр айналып,

Құзда ұяға қонады шыр айналып.

Оралыңның барында ойна да күл,

Келгенше кім бар, кім жоқ жыл айналып,  – деп төгіліп түсетін халық өлеңіндегі оралды ойға салады. Мұндағы орал – жастық шақ, өміршең рух, күш, қуат, денсаулық, қайрат мағынасында.

«Ластыдағы жыр» атты өлңде мынадай бір шумақ бар:

Көсілген бұйра бөктерің,

Шымкестедей жарасқан.

Ақ жаңбыр, тынбай төккенің,

Тұнжырай қалса қара аспан.

Осындағы шымкесте оқырманға түсінікті, бірақ қазіргі жас қаламгерлердің сөздік қорында сирек сөз.

Осы өлеңді әрі қарай оқиық:

Төр жайлау – Ласты баласы,

Ат жалында ойнаған.

Тентекке торқа даласы,

Қызыққа таңмын тоймаған.

Мұндағы қазақтың теңдессіз екі ұғымы «Торқалы той, топырақты өлім»тіркесіндегі торқа сөзі бейнеленіп тұр. Алайда бұл жерде торқа сөз бұл, мата мағынасында емес, той-думан ұғымына балануда. Тентек адам күнде думандатып жүре берер еді біздің қасиетті даламызда дегенді меңзейді автор.

Мархұм анасы Зағипа Берікбайқызының қазасына арнап жазған  «Құлпытас» атты өлеңінде:

Мен кезінде сезбедім күткеніңді,

Бақытыңнан енші алып жалындадым.

«Сағындым» деп искеуші ең сүт демімді,

Өр серпілттің, ешкімге жалынбадым, – дейді автор. Осындағы сүт демім қандай тәтті тіркес.

Қазақтың қаратаудай қаламгері Серік Қапшықбайұлына арнап жазған «Серік аға сипаты» атты толғауында:

Кітабы шықса көкжасық,

Кей ақын сыймай тасиды.

Отты өлең –жайлау, көк жазық,

Жайлауы жоқтар жасиды, – деген шумақ бар. Осындағы көкжасық сөзі де көнекөздер болмаса, бүгінгі жастар поэзиясында кездесе қоймайтын сөз.

«Қылдыкөк» атты поэмасында:

Секілді ақ маңдайы атар таңға,

Керілер ай қабағы анда-санда.

Өрілген тоқ жыландай қос бұрымның,

Салбырап ұшы барған ақ балтырға, – деп келетін шумақтағы өрілген тоқ жыландай тіркесі автордың тапқырлығы деуге толық негіз бар. Тоқ жылан қаншама сұсты болғанымен, сұлулыққа теңеу болуы да ғажап емес.

Осы «Қылдыкөк» поэмасында кездесетін мына шумаққа да зер сала кеткеніміз жөн:

Ризамын бұл кәдеңе көненің,

Отқа қақтап, сал суыңа, көнемін.

Жарымаған мені жалшы деме, аға,

Сүйріктейін ертең қаулап өнемін.

Тіл кеспек жоқ, болсадағы бас кеспек,

Қызыл тілім аман болса тас теспек!

Бұлт айналып, қыз байланар тіліме,

Айтқаным – серт, сендерменен бәстеспек!

Осы екі шумақтағы «сүйріктейін қаулап өну»тіркесінен сүйрік деген өсімдіктің аты екеніне көз жетеді. Сүйрік саусақ деген тіркесті қолданып жүрген қауым, сол сүйрік сөзінің төркінін біле бермейді-ау.

Б. Құрманғажыұлының қаламынан тауған шығармаларда міне осындай оқырманды елең еткізетін тың тіркестер молынан кездеседі. Мұндай сөздердің көркем әдебиетте салтанат құруы қазақ тілінің лаексикалық қорын байыта түсері хақ.

ІІ Болат жазған поэмалардың құндылығы

Жақында ғана «Үшқиян» баспасынан шыққан Болат Құрманғажыұлының «Өркеш» атты поэзиялық жинағы оншақты тараудан тұратын мелжеиді тап. Кітапқа өлеңдердің өз ішінен бірнеше тақырыптарға бөлініп, бірнеше тақырыпты иелесе, онымен қоса әнге арналған мәтіндер, әзіл-оспақтар және поэма, баллада, толғаулар өз-өз алдына бір-бір траудың жүгін арқалаған. Енді біз ақын кітабының  ІХ бөлімінде жайғасқан толғау, баллада, поэмаларытуралы бірер сөз айтамыз. Аталып отырған тоғызыншы та рауда: «Серік аға сипаты» (толғау), «Аян», «Боран», «Жәркен – аңыз» (поэма),   «Күйелі ағаш», «Күй», «Сары батыр» (поэма), «Нұрпай тамы» (поэма), «Тарғалаң тағдыр», «Қылдыкөк» (поэма), «Рас па» қатарлы кесек шығармалар енгізілген.

Әрине, ақын үшін өлең жазу бір баса да, поэма жазу бір басқа. Проза жазушыларының әңгіме, повест жазуы екінің бірінің қолынан келсе де, романды екінің бірі жаза бермейтіні сияқты, ақындар жөнінен алғанда да поэма жазу оңай-оспақ іс емес. Бір сөзбен айтанда поэма ақынның барлық потенциялын (шығармашылық көмекскі күшін) сынға салатын, дарынын сарқа жұмсататын үлкен процес.  Бұл процестен сүрінбей өткен ақын ғана жұртқа жағымды дүниені жазып шыға алады. Әсіресе, тарихи оқиғаларды баян ететін поэмаларға үлкен тәуекел және ірі ақындық дарын, шешендік пен шеберлік керек.

Б. Құрманғажыұлы жазған, жоғарыда аталып өткен кесек шығармаларда автор әне сол жүкті шамасының жеткен жеріне дейін арқалауға тырысқаны байқалады. Біз тілге тиек етіп отырған тоғызыншы тараудағы оншақты кесек өеңдердің (поэма, баллада, толғаулардың) бәріне тоқталып өту шағын мақаланың шанағына сия қоятын шаруа емес. Ендеше, біз осы аталған оншақты шығарманың ішінен бізді елең еткізген екеуіне тоқталып бірер сөз айтамыз.

Өткен ғасырда күллі әлем астын шарпыған, әділестіз жүрілген, дүниежүзілік екі соғыстың қасіреті жайламаған мекен жоқ.  Әсіресе, Қазақ елі, еліміздің іші-сырты, арғы-бергі бет түгелдей қырғыншылық пен есе теңдік үшін болған күрестің, алапат соғыстың бел ортасында жарты ғасырын жоғалтты. Сол ауыр кезеңді бастан кешкен Арғы бет қазақтары еді. Ұлт азаттық соғысының алауы Алтайда басталып, күллі Қытай территориясын шарпып, есетеңдікке қол жеткізу үшін, бір бөлі қазақтардың Гималай асып, мұсылман елдері арқылы бүгінгі Түркия еліне жеткені баршаға белгілі ащы тарих. Сол қатарда «Өркеш» кітабының авторы туып-өскен құтты аймақ – Тарбағатай, Сауан жеріндегі қазақтардың күресі еді. Қызылөзен бойында сапқа тұрып, қасам ішін, қанға қол малып серттесіп, тірідей жаназасын шығарған қазақтың ерлері толқытқан, толарсақтан қан кешкен күрес арқылы Алтайдан ауған елмен бірге Бұланайды бетке алғаны айтылып, жаылып жүр. Сауан төріндегі төңкерістік қимылдарда аты жиі аталатын қазақтың көзсіз батырларының бірі Нұрпай батыр еді. Автор кітабында осы батырдың ерлігі «Нұрпай тамы» атты поэмада жазылған. Мақаланың аясына сыймайтын бұл үлкен тақырыпты кезі келгенде өзге де әдебиетші ғалымдар саралай жатар деген ойдамыз.

Автордың енді бір тыңнан түрен салған поэмасы – «Сары батыр». Жасырары жоқ, Сары батыр туралы бүгінгі әлеуметтің білері шамалы. Автордың «Өркеш» жинағы арқылы жұртқа жеткізген еселі дүниесі осы «Сары батыр» поэмасы деуге болады. Қазақтың қас батырларының бірі, Абылай ханның тұсында дәурендеген Ер Жәнібектің атасы осы Сары батыр еді. Жәнібек батыр Бердәулетұлы болса, Бердәулет Сары батырдың ұлы еді.

Автор «Сары батыр» поэмасын бүгінгі таңда Шымкент қаласында тұратын, құймақұлақ Мешін атты қарттың аузынан естіген аңыз-әңгімелері бойынша баяндайды. Поэма көлемді шығармалардың қатарына жатады. Поэманың құндылығы тарихи аңыз, деректер шындыққа негізделе отырпы баяндалған. Кейіпкерлердің шежірелік атабұтарына аса жетік қарттың аузынан шыққан әрбір кісінің аты-жөні, шыққан тегі, жер-су атаулары, тарихи оқиғалар өз деңгейінде мінсіз баяндалған.

Әрмне, онжетінші, он сегізінші ғасырға барып келген ешкім жоқ. Сондықтан, тарихи оқиғалардағы ауыс-күйістік, жаңылысытық жүз беруі әдбен мүмкін. Қалай деген күнде де, бңздңғ ойымызша, кітап авторы Болат Құрманғажыұлы өзінің еңбекқор және тәуекелшілдігінің арқасында қазақ тарихында өткен, біреуге мәлім, біреуге беймәлім Сары батырды тұңғыш рет поэма үлгісінде жырлап оқырман қазынасына ұсынып отыр.

Болат Құрманғажыұлының «Өркеш» атты жинағына енген оншақты поэма, баллада, толғауларының ішінде «Нұрпай тамы» мен «Сары батыр» туралы жіпселеп, жіңішкелікпен зерттеп, ғылыми пікір ұсынуға үгірмесек те, ақын қаламы арқылы аталған екі тарихи тұлға туралы екі поэма қазақ әдебиетінің қазынасына қосылғанын аңдатпа деңгейінде айтып, осыншалық тоқталып өттік.

«Өсетін ел өз тарихын түгендейді» дегендей, жұрт жадынан өшіп бара жатқан тарихи тұлғалардың, ел үшін от кеткен шейт боздақтардың есімі қаламгерлердің қаламы арқылы жұрт санасына қайта орныға бастаса, бұл әрине ел болып қуануға тұрарлық іс емес пе?! Бұл тұрғыда, Болат Құрманғажыұлы қазақ әдебиетінің бүгіні мен келешегі алдында біркісілік таризи міндетін асыра орындаған бақытты автор деуге болады.

Әділет Ахметұлы,  ақын, «Алаш» мұраларын зерттеуші