Ахаң мен Міржақаңның жұбайларымен бірге жазған хаты туралы

Биыл алаштың ұлт ұстазы, теңдессіз ғалым – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына жүз елу жыл. Бір жарым ғасыр дегеніңіз бір ұлттың елдік құрып, егемендік алуына, есейіп, алпауыт ел болуына қаптал жететін уақыт. Өткен тарихын түгендеп, ұлт рухының шырақшысы болған біртуар тұлғаларын ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіріп отырған ұлттар озып-ақ кетті. Ал, бірде батысқа еліктеп, бірде шығысқа жалтақтап отырған елдер «Жаһанданудың» қазанында қойыртпақталып қайнап барады. Оның соңын ойлаудың өзі қорқынышты.

Биылға дейін барынша жинап-терілген құнды мұраларымен бірге, бұған дейін жұртқа бейтаныс болып бара жатқан, тарихтың сан қатпарында қалып қойған Ахметке тиеселі әрбір парақ қағаз бен әрбір сөйлем сөздің өзі баға жетпес байлық. Ұлт ұстазының осындай жауһар  мұраларын аяқ жеткен жерге дейін барып іздеп тауып, сана жеткен жерге дейін зерделеп ұлт игілігіне ұсыну – баршамыздың кезек күттірмес міндетіміз.

Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу байланысымен, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымның академиялық толық жинағын шығару жұмысын қолға алды. Ахаң бастаған Алаш ардақтыларының кітаптарын түпнұсқадан оқып, өз әлімізше зерттеп жүргенімізден болар, бізді де ұсыныс етіп, аталған абыройлы әрі салмағы ауыр жұмыстың тобына қосып қойды. Онсыз да қалт еткен уақытта Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына кіруді әдетке  айналдырған біз үшін Ахаңның бір жарым ғасырлық мерей жылы табыстарға толы басталды. Бұл туралы бұған дейінгі жазбаларымызда азды-көпті айтқан едік. Жасаған иеміз қуат беріп, қолымызға тың дүниедер түсіп жатса, әрине тағы да жаза түсерміз.

Мен Ахаңның толық жинағын шығару жұмысы барысындаҰлттық кітапхана мен Орталық ғылыми кітапхананың есігін біркісідей тоздырдым. Жортқанда жолым болып, бірнеше тың материалға да қол жеткіздім. Олар туралы алдағы уақыттардажазып, Ахаңның сүйікті елі – Қазағынан шүйінші сұрайтын боламыз. Сондай сапарлардың бірінде мен «Қазақ» газетінен Бәдірисафа мен Ғайнижамал аналарымыздың көзіндей мұраны тауып алдым.

Бәдірисафа кім, Ғайнижамал кім есті оқырман біліп отыр. Бәдірисафа – Ахмет Байтұрсынұлының құдай қосқан, аяулы жары. Негізгі Есімі Александра Ивановнаа. Ахаң аяулы жарын ислам дініне кіргізіп, Бәдірисафа Мұхаммедсалыққыз деп есім-сойына дейін өзгертіп алғаны айтылады. Ал, Ғайнижамал анамыз Алаштың көшбасшысы, қаламгер, қайраткер Міржақып Дулатұлының жұбайы. Қазақтың ең сүйікті адамдары болған Ахмет пен Міржақыптың күреске толы күрделі өмірінде жандарында болған, осынау текті тұлғаларға қандай ескерткіш қойсақ та жетеді. Бұл туралы ұзақ толғанбай, қуанышты ақпаратты асыға күтіп отырған ағайынға алты-ақ жолдан тұратын мұраны көрсетелік.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 23-ақпан күнгі нөмірінде Ахмет пен Міржақып, сүйікті жұбайлары Бәдірисафа мен Ғайнижамалдың есімін қосып, сүйген жары қайтыс болған Райымжан атты тұлғаға және оның жас қалған балаларына көңіл айту хатын жазған. Хат мазмұнында қайтыс болған кісі есімі – Рахима. Артында қалған ері, Ахаңдардың рухтас досы – Райымжан. Енді хаттың өзіне көз жүгіртелік:

Райымжан мырзаға һәм сүйікті анасынан жастай айырылған балаларына көңіл айтып, Марқұмның Алла тағала жайын жаннаттан нәсіп етсін деп тілейміз! Рахима ханым Райымжан мырзаға лайық жар-жолдас еді. Біз тілектес дос-жарларыңыз қайғыңызға ортақпыз!

Бәдірисафа

Ахмет

Ғайнижамал

Міржақып

(«Қазақ» газеті 1917 жылғы 23-ақпан күнгі № 219)

Көңіл айту хаты міне осындай шап-шағын. Шағын болса да шанағына мың жылдық мұң мен зарды сыйдырған қос ішекті домбырадай қазақтың қос дүлдүлі жанұясымен бірге күйзеле, күңірене отырып, ауған түйені басқандай досына «Қазақты» оқитын Алаш жұрты алдында көңіл айтады. Бұл да болса Ахаң мен Міржақаңның және олардың жан жары болған сүйікті аналарымыздың тектілігі, білімділігі, қаралы өлім алдындағы ізеттілігі демеске шара жоқ.

Енді осы хатта көңіл айтылған адам – Райымжан Мәрсеков, қайтыс болған Рахима сол кісінің жары деуге толық негіз бар. «Рахима ханым Райымжан мырзаға лайық жар-жолдас еді», - деуіне қарап, Ахаң мен Міржақып отбасының Рахима атты анаға беріп отырған бағасы тегін емес деп қараймыз.

Ал, Райымжан туралы мынаны білуіміз керек:

Райымжан Мәрсеков (1877 жылы Семей облысы, Өскемен уезі, Айыртау болысында туған, қайда, қашан қайтыс болғаны толық мәлім емес) — Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, заңгер, публицист, қазақтың мүддесін көздеп, қамын жеген ұлт ойшылы еді.

Райымжан Марсеков Алаш серкелерімін бірге

Енді ойшылдың жары Рахима туралы деректі оқырман толықтырады деген ойдамыз.

«Қазақ» газетінде мұндай жедел көңіл айту хаттары ұшырасып отырады. Дегенмен, Ахмет пен Міржақыптың отбасы атынан жазылған көңіл айту хаты осы ғана. Аталған газетте көңіл айту хаттары ғана емес, рахмет айту хаттары (Тәңір жарылқасын) да, Алаш азаматтарын ел ішіндегі тыңшылардан сақтануға шақыратын хаттар, алыстағы ағайынның, алыс орыс шәрлеріндегі студенттердің жағдайын айтып тұратын хаттар, тіл және емле туралы сұрақ-жауап хаттар, жаңа кітап туралы хабархаттар, құлақхаттар, жарнамалар, қызметкер іздеу хаттары, т.б. алуан жанрдағы хат-хабарлар баршылық. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақты» біздің Қазақ елі әлі толықтай зерттеген жоқ.

Әңгімемізге оралсақ, осыдан 105 жыл бұрын Алаштың еңсегей ерлері, есіл аналары қол қойып жазған жарты беттік хатта талай сыр жатыр. Осы хат арқылы біз Ахмет пен Міржақыпқа, Бәдірисафа мен Ғаинижамалдай өнегелі аруларға, Райымжан Мәрсеков пен Жұбайы Рахима марқұмға тәуелсіз елдің көзімен қайтадан ой жүгірте қарайтын болдық. Сондай-ақ, ғасыр бұрынғы ұлт интелегнгтциясының көшін бастап тұрған, өмірінің алтын уақыттары жазықсыз түрмеде өткен ерлердің, және «Түрмеден бойы, жаладан қолы» босаған уақыттарда, дос-жар болып өткен отбасылардың берекесі мен татулығына қайталай үңіле қарағанымыз жөн.

Арқа сүйер азаматтары, қазақтың бірегей арыстары қуғын-сүргін көргенде, ақырғы тағдыры жалғыз оқпен шешілгенде осы аяулы жарлары қандай ерлік істеді, қандай күрделі әрі үрейлі күйде болды? Бұл бүгінгі әрбір жас ойлануға, үлгі алуға тиісті іс. Қой үстіне боз торғай жұмымртқалайтын заманда, айға жетпей ажырасып, жылға жетпей соттасып, ай мен күннің аманында жетімдер мен жесірлердің санын көбейтіп отырған замандастарымыздың санасына сәуле құятын тарих бұл.

Алаш арыстарының жан жұбайлары туралы зерттеудің өзі бүгінгі таңда нешелеген ғалымды өмірге әкелетін ұлы тақырып. Бір ғана Телжан Шонанұлының жары Шахзада ханымды да «Отан сатқыны» деп, ғазиз кеудесіне мылтықтың дүмін тіреп ата салған тарихқа кектенбей қалай тұрасың?! Алаштың Ахметінің жары, аяулысы Бәдірисафа ұлты басқа, діні басқа болса да Хақтың жолын қабылдап, Ахаңның дұғагөйі, тілекшісі, мұраларын қорғаушысы болуы, Ахаң атылып кеткен соң қиын күндерде қашып-пысып жүріп, жарық дүниемен қоштасуы – қаншама асқақ махаббаттың, сетінемес серттің белгісі емес пе!?

Сөзіміздің дәйегі ретінде Гүлнар Міржақыпқызы апамыздың анасы мен әкесі туралы көлемді еңбегінен алынған мына бір үзіндіні де оқырманға бере кетелік. Ұрпақ  санасын сілкіндіретін осындай ұлы махаббат иелері еді ғой бізді қанаттыға қатырмаймын, тұмсықтыға шоқыттырмаймын деп жүріп, жандарын құрбан еткен:

Ғайнижамал Досымбекова - Дулатова.

Ғайнижамал Жахаңның (Міржақып) сүйіп қосылған жары, қызылжарлық Сыздық Өтегенұлы деген оқыған кісінің қызы. Ғайнижамал да оқыған, қатарының алды, сұлу қыз болған. Міржақып Дулатов түрмеде отырғанда Горькийдің әйелі Е.Пешковаға хат жазып, жары Ғайнижамалмен кездесуге рұқсат алып беруге көмектесуін сұрайды. Екі айдан кейін кездесуге рұқсат қағаз келіпті. 1934-жылы Ғайнижамал Сосновец аралына үлкен қиындықпен жетеді. Қасында ұлы Әлібек болған. Жахаң өзінің ауыр жағдайын сезгеннен бе, Ғайнижамалға елге қайтуға кеңес береді. 1935-жыл қайғы үстіне қайғы жамаған жыл болды. Жахаңның ұлы Әлібек аурудан қайтыс болады. Жахаңның ұлы Әлібек қайтқанда (Алматыда) Ахаң – Ахмет Байтұрсынов (өзі де Архангелскіден айдаудан оралған кезі) Ғайнижамалға келіп, қатты толқып отырып:«Гая, шырағым, қайғыңа ортақпын. Мезгілсіз солған гүл үзіліп түсті…Арты тек қайырлы болсын. Қалғандардың, Міржақыптың амандығын тілейік. Ақырын сұра. Әлібектің қайтыс болғанын Міржақыпқа естіртіп, хат жазбаңдар. Өзі ауырып жүргенде қиналып қалар. Артымда ұл-қызым бар деп үміті үзілмей жүрсін» деп жүрегі қақ айрылып, көңіл айтқан екен. Көп ұзамай 1935-қараша айында М.Дулатов туралы НКВД-дан қаралы хабар келгенде Ахаң:«Айналайын, Ғайнижамал, не айтарымды да білмей отырмын!» деп егілген екен. Екі көзі жасқа толып, еңкілдепті. ( Г.Дулатова «Шындық шырағы»»кітабынан). НКВД хабарламасында «М.Дулатов лазаретте аурудан көз жұмды» делінген. М.Дулатов небәрі елу жасының отыз жылын қуғын сүргінде өткізген. Өмірінің соңғы жеті жылын түрмеде, сосын Сосновец аралында өткізген Міржақып Дулатов ұзақ азапты күндерден кейін 1935-жылы бұ дүниеден өткен. Міржақыптың сүйкті жары Ғайнижамалда көп ұзамай, қайтыс болған. Артында Гүлнар атты қызы қалды. Сол Гүлнар Дулатова ХХ-ғасырдың бас кезіндегі Алаш тарихы мен қазақ өмірін бейнелеген тамаша «Шындық шырағы», «Алаштың сөнбес оттары»атты естелік кітаптар жазып қалдырды.

Міржақып Дулатов Жары Ғайнижамал, қызы Гүлнармен

Иә, алақандай хаттан алаш баласын тіпті адамзат санасын сан ойға жетелейтін тақырыптар туындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда Ахаңды ардақтағанның, Алашты танығанның жөні осы деп, олардан қалған мұраны қойыртпақтап қайта-қайта шығара бергеннен гөрі, сарғыш тартқан мұралардағы әр сөздің байыбына барып, қайраткелер еңбегінде көрсетілген тарихи тұлғаларға ғылыми тұрғыда баға беруіміз, және оларды ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық мақтаныш арқылы рухымызды оятуымыз керек.

Әділет Ахметұлы, ақын, «Алаш» мұраларын зерттеуші