Әділетті Қазақстан бастамасына мәдениет адамдары нендей үлесін қосуы керек?

Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі. Мәдениетіміздің деңгейіне айна болатын нәрсе өте көп. «Сырт көз – сыншы» дейді халық. Мысалы,  сырттан келген біреу көшеде қыңыр-қисық кетіп бара жатқан қазақты көрсе, ой, мына қазақтарда жол ережесіне қарау деген ұғым жоқ екен деп оп-оңай айта салады. Бұл күнделікті өмірден мысал. Ал, Мәдениет саласының адамдары ұлттың, мемлекеттің бет-бейнесін қалыптастырушылар. Сондықтан, бет-жүздік саналатын мәдениетімізді бәріміз қорғауымыз, жетілдіруіміз, дамытуымыз керек. Әділетті Қазақстан іс жүзінде орнауы үшін әрине мәдениет, өнер, ғылым саласынан бұрын ең алдымен билік саласы көбірек әрекет жасағаны дұрыс. Әділетті елде бәрі де өркендейді. Мәдениет саласы да түрленіп, мәдениет адамдары да аршындап жұмыс жасайды. Әділетті елде ғылым өркендейді. Ғылым, өнер, мәдениет егіз дүние. Бірісіз бірін елестету мүмкін емес. Өнер Құдайдан берілген нәрсе, оны жетілдіру, дамытуға әділетті орта керек. Ал, ғылым Құдай жасаған болмыстың сырын ашатын күш. Қараңызшы, өнердің шыққан төркіні ақиқаттан бастау алады, ал ғылымның барар жері ақиқат. Ал мәдениет осы екеуінен қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, осы үшеуінің де барып тұрақ табатын жері – ақиқат, шындық яғни әділет. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Ғылымға қиянат жасалған елден қашып кетіңдер», – деген екен. Яғни әділетке, ақиқатқа, құдайы шындыққа көңіл бөлінбеген жерде ешқандай өңі түзу көркем мәдениет өмір сүрмейді.

Сіздің ахметтану саласымен шұғылданып жүргеніңізден хабардармыз. Осы бағытты қаншалықты зерттеп жүрміз?

Ахметтану саласына азды-көпті еңбектеніп жүрміз. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары ақталған отыз бес жыдан бері алаштану, ахметтану ісін мойындарына алған ағабуыннан асып жұмыс жасағанымыз жоқ. Өз басым Ахметтің және өзге де Алаш арыстарының мұраларын түпнұсқадан оқып, ғылыми түсінік жазып, көптомдықтарын шығару жұмыстарының басы-қасында болғанда байқағаным – аталған тұлғалар тек сол сала ғалымдарының арасында зерттеліп, зерделенуі бір бөлек әңгіме де, ал былайғы жұрттың санасына осы кісілерді сіңірудің жөні бір бөлек әңгіме. Яғни, еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін Ахмет бастаған Алаш арыстарының рухына жақындай түсуі үшін, тек зерттей беру, көп томдықтарын шығара берумен шектелмеу керек. Ғалымның академиялық толық жинағын, таңдамалы жинақтарының үш томын, тілтанымдық мұрасын тебінгідей үлкен, төрт елідей қалың қатты мұқабамен шығару жұмыстарында болдым. Ол әрине ғылыми айналымға еніп, түгенделіп, түрленіп, толыға бергені жақсы. Бірақ, бағасы өте қымбат, зілдей ауыр томдарды екінің бірі сатып ала ала ма? Сондықтан, меніңше ахметтану, алаштануды енді халық арасына қолжетімді жолдар арқылы жолға қою керек. Оқулықтардан, теле-арналардан, басылымдардан жиі насихатталуы керек. Дамыған елдерге қарап отырсақ, оларда көшеде кетіп бара жатқан кезкелген адам тарихта өткен көшбасшылары туралы сұраққа іркілмей жауап бере алады. Яғни көшбасшыларын өздерінің өмірінің рухани шырақшысындай сезіне алады. Біз де Абайды, Ыбырайды, Шоқанды, Ахметті жүрегімізбен тануымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қандай нәрсе өзгерді, тарқатып айтсаңыз?

Ең алдымен айтарымыз күрделі жөндеу қарсаңында ғана Ахмет үйі мемлекеттің қарауына өтті. Яғни Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің Алматы қаласы музейлер бірлестігне қарасты сегіз музейдің бірі болып бекітілгеніне екі жылға толар-толмас уақыт енді болды. Бұл әрі қуанатын әрі ашынатын жағдай. Қуанатынымыз әйтеуір Ахаң үйін мемлекет қарауына алды. Ашынатынымыз «Отыз жетіде» опат болған, ғаламдық деңгейдегі кемеңгер тұлғаның үйі ел тәуелсіздігінің отыз жылында әрең дегенде мемлекетке өтуі кісі сенбейтіндей жағдай. Марқұмның қызы Шолпан, Ұлт ұстазының өзге де туыстары болып 1993 жылы алғаш рет осы үйді мұражай деңгейінде сақтауға болатыны туралы анықтамаға зорға қол жеткізген. Ахметтанушы ғалым Райхан Сахыбекқызы кемінде 28 жыл шырылдап жүріп,  қызғыштай қорғап, біраз тартысқа толы кезеңдерді бастан кешіп, алып тұлға үйінің мемлекет қарауына өтуіне еткен еселі еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Райхан апайымыздың жанайқайын тыңдап, қолдап, қуаттаушы болған жоғары-төменде өзге де біраз тұлғалар болғаны белгілі. Иә, қалай деген күнде де сондай азаматтардың арқасында Ұлт ұстазы ғұмырының соңында тұрған киелі үй бұл күнде Қазақстандағы музейлердің қатарында бар. Бұл бірінші жаңалық. Екінші айтарымыз, әрине, қайталай жөндеуден өткен соң ғалымның үйі жаңа бейнемен алаш баласымен қайта қауышты. Көптеген құнды жәдігерлер қосылды. Ахаңның 150 жылы қарсаңында азды-көпті тарихи мұралары музейге қойылды. Бір ғана Ахаң домбырасының табылып музейге қойылуының өзі Алаш баласы жөнінен айтақалсын жүрекжарды жаңалық. Музей-үйдің екінші бөлмесінен келушілер Ұлт ұстазы туған үйдің іргесінен алынған кесекті, туған жерінің топырағын, жусанын, туған даласының суретін көреді де ары қарай ғалымның жалғаннан жалған жала жабылып атылып кеткенге дейінгі ғұмырының жолын хреонологиялық тәртіпен көзден кешіре алады. Ұлт ұстазы еңбектерінің бұған дейін көшірме нұсқасы немесе ұқсатпалы үлгісі (макет) қойылса, қазір бірнеше кітабының түпнұсқасы да музейге қойылды. Бір сөзбен айтқанда Ахаң мұралары ізделіп, табылу үстінде. Алаштың Ахметі күллі Алаш баласына аса мол құнды жазба байлық қалдырып кетті. Алайда, ғұмырында бес рет түрмеде болған, атылғаннан кейін елу бір жыл атын атап, еңбегін ескеруге тыйым салынған егей тұлғаның артында материалдық жәдігер ең аз қалған адам саналады. Мүмкін бұл да Ахаң өмірінің қаншама қасіретті болғанын, ұлтымыз көрген ауыр ғасырдың салдары қаншама ауыр болғанын бейнелесе керек. Дегенмен, Ахаң музей-үйіне келушілердің ешбірі рухани шабыт алмай қайтпайды. Жақсы адамның шарапаты қашан да шуағын шашып тұрады емес пе?! Музей-үйге келушілердің қай-қайсысы да бір кісідей-ақ рухтанып қайтады. Тағы бір айта кетерлігі, Ахаң үйінің іргесінде ғана орналасқан саябақ Ахмет Байтұрсынұлы саябағы аталады. Сол саябақта ғалымның өте еңселі ескерткіші орнатылған. Келушілер онда да барып ұлт ұстазы рухына тағзым жасауды әдетке айналдырып келеді.

 Қазақ халқының дүниетанымы француз, жапоннан кем түспейді. Осы уақытқа дейін ұтқан және есе жіберген тұсымыз қайсысы?

Біреулер біз көшпелі өркениет өкіліміз десек, жоқ бізде қала болды, көшпелілік деген басқалар қойған атау деп өтірік  намыстанған болады. Бізде қалалар болғаны рас, бірақ Еуразя даласын тұлпардың тұяғымен дүбірлеткен түрік жұрты түгелдей отырықшы болған жоқ. Аз бөлігі отырықшы, басым бөлігі көшпелі өмір сүрді. Дүниетанымымыз көшпелі өркениет негізінде қалыптасты. Қазақтың даладай дархан мінезінің өзі соның бір көрінісі. Яғни табиғаттай пәк, жомарт, адал, ақкөңіл мінез отырықшы яғни қала жағалаған елдерде болмайды. Сыртқы орта әр халықтың ішкі жан дүниесіне әсер етпей қоймайды. Мүп-мөлдір бұлақтар, арынды өзендер, асау толқындар, ұшы қиырсыз далалар, асқақ таулар, асу белдер, тынысы кең өмір міне сондағы адамдардың мінезінің қалыптасуына негіз болады. Төңірегің тар болса, сенің де тарығып, тарылып жүретінің белгілі. Ұлттық мінездің қалыптасуы да әне сондай дүние.

Біздің дүниетанымымыз кезкелген елден кем түспейді. Біздің мыңжылдықтар бедерінде ұтқанымыз да сол көшпелі елге тән дүние таным, дала текті құн көзқарасы. Көшпелі тарихымыздан қалыптасқан қауымдық сананың қадірі ерекше болды. Қазақ өткен ғасырға дейін ешуақытта кісі ісінен бұрын өз ісін қоймайтын ел еді. Қазір отырықшылық өркениет барысын бастан кешіп келеміз. Қазақтың бұрын аз санды бөлегі қала тұрғыны   болса, қазір үлкен бөлегі қала жағалауда. Қаланың қарбалас та қатігездеу өмір арнасы ұлтымыз мінезін өзгертуде. Ұшқан құстың қанаты талатын Ұлы даладағы ауылдар қаңырап иен қалып барады.

Ұлттық мінез деген ұлы құндылық. Сол құндылық жойылып барады. Мысалы, жапондарда жапонға тән тұрмыс, сол тұрмыстан қалыптасқан жапонша мінез, жапонша өмір сүру философиясы бар. Бізде олай болмай тұр. Не толыққанды қалалық емес, не көңілі көк жайлау далалық емес, ортадағы бір қойыртпақ көзқараспен өмір сүрудеміз. Меніңше, біз әлемді бір таң қалдырсақ, қазақылығымызбен таң қалдыруымыз мүмкін. Әсте қытайша ащы қуырмаштар жеп, орысша борыш жасап, кәтлет дайындаумен, ағылшындарша тауықтың сирағын пісіріп жеумен емес.

«Біреудің қаңсығы – біреудің таңсығы» деген сөз бар қазақта. Қазақы мінезді қазаққа тән тұрмыс келтіріп шығарады. Қазақ атаңнан мұра болып қалған тамақты жеу, солардың тұрмыс салтымен өмір сүру толықтай болмаса да біршама жолға қойылса ұлтымыздың адамзатқа үлгі болар асқақ мінезі мен дархан көзқарасы қайта қалыптасар ма еді деп армандаймыз. Ал, әлемдік мәдениеттің қазанында піскен тамақты жей берудің өзі ұлттың бет пішінін өзгертіп жібереді. Дүбәралық осындай ішіп жемнен, өмір салтынан да қалыптасады. Бұл енді бірер сұхбат көлемінде шешілетін мәселе емес. Ұлттық, мемлекеттік деңгейде ойланып, бағдарын жасап, бас қатыратын мәселе. Бұл сөзімізге қарап әлдекімдер бізді көнешіл көзқарас деуі мүмкін. Әсте олай емес, қазір әлемде ұлт секілді бейнесі қалған елдердің бәрі ата баба дүниетанымын бүгінгі заманға алып келіп өмір сүріп отырғандар. Мысалы, былай ғой, жапон өз бабаларының өмір қорытындысын әр күні тұрмысына пайдаланады. Ал, біз қаншалық қолданып жүрміз.

Қорыта келгенде, біз қазақы өмір салытымыздан жаңылмаған кезімізде ұтқанымыз көп. Ал, «Қазақстандық ұлт» болып кете жаздап барып, бүгінгі таңда табиғи түрде әлемдік ұлт аренасына беттеп бара жатқан сәтімізде ұтылып жатырмыз.

Жастардың патриоттық сезімін ояту үшін не істеу қажет?

Ол үшін бәрін істеу керек. Қазір жаһанданудың қазанында қайнап бара жатырмыз. Мұндай тасқыннан имунитеті жоғары ұлт қана аман қалады. Өзгені зор, өзін қор санайтын ұрпақ өсіп келеді. Өзгені артық, өзін тыртық көрсететін бағдарламаларымыз да жеткілікті. Әрқандай істе, мәселен, бала тәрбиесі, білім беру, махаббат, неке, тұрмыс, қызмет іздеу, т.б., бәрінде ұлттық құндылықтарды жоғары орынға қою керек. Әлем мәдениеттен ешуақытта шеттеп қалмаймыз. Ол онсыз да біздің ауламызда жүр. Мысалы, Абай мен Ахметті,  Абылай мен Әлиханды, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіпті ең әуелі адамзаттық деңгейдегі ірі тұлғалар деп өзіміз мойындап, ұрпақ санасына сіңіріп, соларды адамзатқа ортақ болған өзге де елдерді жаңалық ашқан ғалмдарымен, қайраткерлерімен қатар қоятын санаға жетпейінше келер ұрпаққа патриот бол дей алмаймыз. Ұлттық құндылықтары арқылы өмір сүрген ұлттық мемлекет болсақ, ұлттық идеология таңнан кешке дейін санамызда жүрсе, ұлттық мүдденің қорғалып, ұлт ретінде рухы асқақ жұрт  болып өмір сүруге ел басшылығы мүмкіндік берсе, ондай елді тебіткен жау да, іріткен дау да ала алмайды. Ұлттық рухы мықты елге  қайдағы діни секталар да,  пәни топтар да сына қаға алмайды.

Болашақ кімнің қолында?

Болашақ – біз бүгін қандай ұрпақ тәрбиелесек соның қолында. Ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелесек те, өз ұлтына қарсы ұрпақ тәрбиелесек те, бәрібір өз дәуірі келгенде ұрпақтар тарих сахнасына шығып, ел тізгінін қолына алады.  Сондықтан, елін дауға, жерін дауға қалдырмайтын өскелең ұрпақтар қалыптастыру бәріміздң ойландыратын мәселе.

Әңгімеңізге көп рахмет! 

Сұхбаттасқан: Олжас Жолдыбай 

"Алматы ақшамы" газеті 

2023 жылы 17 тамыз күнгі нөмірінде жарияланған.