" Мұратбек мектебі " ( Тесебаев қазасына)

Қуаныш Ілияс


Мұратбек мектебі
(Әйгілі диктор Мұратбек Тесебаевтің қазасына)

Қуаныш Ілясұлы

Ойпырым-ай, өтті дей ме Тесебаев,

Жылады Ертіс, Іле, Есіл, Жайық!
Аңыз болып аттанған арамыздан,
Мүкең емес, бір дәуір десе лайық!

Бір тоқтауға жаратқан жұмыр етті,
Жазымыш, өлшеулі өмір күні жетті!
Күңіреніп кеудесі жұмыр жердің,
Мүкең емес, қазақтың үні кетті!

Біз шалғайда, тау қыстап тұратыныбыз,
Радионы қойға ала шығатынбыз!
Сөйлеп тұрған ғажайып сол сандықты,
Мұратбек Тесебай деп ұғатыныбз!

Иендегі жалғыз үй серік еткен,
Тау аралап Мүкеңнің үні жеткен!
Қазақ біткен, тау біткен мұңға батты,
Жылып өткен дүние-ай, жылып өткен!

Сонау жылы телеге, жырға келгем,
Радиодан, аңызын тыңдап елден.
Маңдайымнан сипаса Қанат аға,
Мүкең сонда баптаған, сын да берген!

Жүрегі ақын, көмейі сыңғыр үнді,
Мүкеңше кім сүрді екен, бұл ғұмырды?
Сеңгірінде сексеннің тік жүретін,
Қасқа айғырдай өргізген мың құлынды!

Жиылатын маңына жастар жағы,
Күндей күле қарайтын аспандағы!
Төбе көкке жеткендей қуанушы ек,
Көтерілсе мүкеңнің бас бармағы!

Сексенде де серідей ғұмыр кешкен,
Төңірегі тұлпардай дүбірлескен.
Ойхой, өмір тікелей эфир сынды,
Бәрі де өтіп кетіпті-ау, білінбестен!

Мүкең жалғыз, өмірге дара келді,
Қоңыр үнмен тербетті қара жерді.
Өмір өтті, алланың жазымышы,
Ал, өнері мектеп боп қала берді!

2022. 07. 15 Астана

Абақ ұсынды